Аяқ киімді қалай сақтауға болады?

Аяқ киімді қалай сақтауға болады?

Біз, әсіресе, нәзік жандылар қауымы әрбір маусымға бірнеше аяқ киім сатып аламыз. Және оларды келер жылы да кигіміз келеді. Осы орайда, бүгін келесі маусымға дейін кезегін күтіп тұратын аяқ киімдерді дұрыс сақтаудың әдістері туралы айтпақпыз. Себебі, оларды ұзақ уақыт бойы жай ғана шкафқа салып қоятын болсаңыз, көмескіленіп, құрғап, бастапқы қалпын жоғалтып алады. Әрине, мұндай қиындықтарды аяқ киімге арналған кремдердің, басқа да күтуші құралдардың көмегімен жеңе аламыз. Дегенмен, "аурудың" алдын алғанға не жетсін?

Ең алдымен аяқ киімді кір мен шаңнан тазартыңыз. Тазалап отырған құралыңыздың аяқ киімнің материалына сай келуін қадағалаңыз. Аяқ киім толықтай тазарып, барлық дақтар кеткеннен кейін оны таза сулы матамен немесе жұмсақ сулықпен сүртіп шығыңыз. Сонан кейін бөлме температурасында құрғауға қалдырып қойыңыз. Аяқ киімді батарея, қыздырғыш немесе ыстық желдеткіштің жанына қойып кептірмеңіз. Жылу шығарушылардың маңына жақындаған аяқ киімнің материалы бұзылып, пішінін өзгертуі мүмкін. Қыстық аяқ киімді кептіргелі отырсаңыз, ұлтарағын алып бөлек қалдырыңыз. Етіктің қонышын барынша ашуды да ұмытпаңыз.

Аяқ киім кебісімен, оның сыртқы халіне назар аударыңыз. Жарамсыз нәлдерді (набойка) шеберханаға барып жаңасына ауыстыру керек. Етіктің сыртқы былғарысы зақымдалса да, сақтауға жібермес бұрын жөнге салыңыз. Аяқ киіміңізде бәрі жақсы болса, эмульсия секілді крем жағып қойыңыз. Сұйық кремдер аяқ киімнің сыртына жұқа қорғағыш қабат жасайды. Сонымен қатар, эмульсияның қою органикалық кремдерге қарағанда иісі де қатты шықпайды. Жұмсақ теріден (замша), масатыдан (велюр), нубуктан жасалған немесе лакталған аяқ киімдерге дәл сол материалға арналып жасалған құралды пайдаланыңыз. Тағы да аяқ киімді кептіріңіз. Ұзақ уақытқа сақтайтын болсаңыз тағы да бірнеше рет крем жағып, кептіруге кеңес береміз. Осындай әдістен кейін аяқ киіміңіз жеткілікті кремді сіңіреді де, құрғап, шытынап кетпейді.

Аяқ киімнен жағымсыз иісті байқасаңыз, сақтауға жібермес бұрын кетіріңіз. Бұл қиындықты шешу үшін арнайы дезодранттардың немесе антисептикалық құралдардың көмегіне жүгініңіз. Олар иісті кетіріп қана қоймай, бактериялардың, саңырауқұлақтардың көбеюіне тосқауыл болады.

Ұзақ уақыт сақтаудан шыққан аяқ киіміңіз сүйкімділігін жоғалтпасын десеңіз, оларды арнайы жәшіктерге немесе өзі сатылған қорапқа салып, құрғақ, қараңғы жерге қойыңыз. Әрбір аяқ киім үшін жеке жәшік немесе қорап керек.

Бір шеті ашық келетін қораптар өзіңізге ыңғайлы болмақ (суреттегідей). Мұндай қораптан керек аяқ киіміңізді оңай табасыз. Мүмкіндік жоқ болса, аяқ киімді суретке түсіріп қорабына жабыстырыңыз немесе қаламмен түсін, атын жазып қойыңыз.

Бұл заттардан басқа аяқ киімге арналған түпқоймаларды пайдаланыңыз. Бұл әдіс те өте ыңғайлы, себебі, аяқ киім үнемі желденіп тұрады әрі кеңістікті үнемдейсіз.

Біз сізге аяқ киімді контейнерде немесе аузы берік жабылған қалталарда сақтауға кеңес бермейміз. Пластикалық қалталардан аулақ болыңыз. Мұндай жағдайда аяқ киім ішінде саңырауқұлақтар дамып, беті көгеріп кетуі мүмкін.

Лакталған немесе аса қымбат үлгілі аяқ киімді арнайы аяқ киімдік қалыптардың көмегімен сақтаған жақсы. Сізде қалып жоқ болса, аяқ киім ішін газетпен немесе поролонмен, жұқа қағазбен толтырыңыз. Осының арқасында аяқ киім пішінін өзгертпейді.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: missinternet.kiev.ua

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

10 тамыз Абай күні болып бекітілді
10 тамыз Абай күні болып бекітілді
БҰҰ: 50 жылдан кейін жануар мен өсімдіктің 1 млн түрі жойылып кетуі мүмкін
БҰҰ: 50 жылдан кейін жануар мен өсімдіктің 1 млн түрі жойылып кетуі мүмкін
NASA SpaceX миссиясының суреттері
NASA SpaceX миссиясының суреттері
Daily Mail Джордж Флойдты тұтқындау кезінде түсірілген жаңа видео жариялады
Daily Mail Джордж Флойдты тұтқындау кезінде түсірілген жаңа видео жариялады
Коронавирустан айыққандарға пайдалы 5 кеңес
Коронавирустан айыққандарға пайдалы 5 кеңес
COVID-19 жұқтырған аналар баланы емізуді тоқтатпауы керек - ДДСҰ төрағасы
COVID-19 жұқтырған аналар баланы емізуді тоқтатпауы керек - ДДСҰ төрағасы