Перде: жуу, кептіру, үтіктеу

Перде: жуу, кептіру, үтіктеу

Әрбір үй шаруасындағы келіншек перденің ғұмырын ұзартуды жақсы білемін деп ойлайды. Кір жуғыш машинаға салдың, кептірдің, үтіктедің – шаруа бітті! Енді перде жап-жаңа болып көрінеді. Сіздің де жауабыңыз солай ма? Шын мәнінде, жоғарыда аталған әдістер перделерді «қанағаттандыра» алмайды. Сол себептен, қыз-келіншектер үшін перде күтіміне арналған бірнеше айла-әдістің тізімін жасадық.

Перде – декоративтік өнердің ең әдемі бұйымы. Олар біздің бөлмемізді жайлы, жылы, тартымды етіп көрсетеді. Біз де өз тарапымыздан перде үшін тиісті жағдайды жасауымыз керек. Келісесіз бе? Осыған дейін жуу – кептіру - үтіктеу сызбасымен әрекет еткен болсақ, жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін енді төмендегі ережелерді ұстанып көріңіз.

№ 1 ереже

Кір жуғыш машинаны тек қана қатты матадан жасалған перде үшін қолдануға болады. Оған қоса, перде басқа заттардан бөлек жуылу керек. Есіңізде болсын, әртүрлі материалдан тігілген перделерді бірге жууға болмайды. Кір жуу бағдарламасын матаның түріне қарап таңдаймыз, кейде «жұмсақ» режимін таңдауға болады. Сондай-ақ, «қосымша шаю» функциясы да пайдалы болмақ. Бұл пердені кір жуғыш ұнтақтың қалдықтарынан және басқа да химиялық құралдардан тазартады. Қалдықтар пердеде қалып қойса, күн сәулесінің әсерінен күйіп те кетуі мүмкін. Сыққанда абай болыңыз, бәрінен де қолмен сыққан дұрыс. Автоматты түрде сығу кезінде «азғантай айналым» режимін таңдаңыз.

№ 2 ереже

Пердені матаның түріне сай келетін температурада үтіктейді. Пердеңіз бүлініп қалмасын десеңіз, үтіктің астында ешқандай кір болмау керек. Егер шымылдықтар жоғары температурада үттіктеуді қажет етсе, қауіпсіздік үшін ішкі жағынан үтіктегеніңіз абзал. Өзіңізге сенімсіз болсаңыз, ақ түсті мақта-қағазды матаны пайдаланыңыз.

Әртүрлі мата әртүрлі үтіктеледі. Мәселен, үтіктеу кезінде жасанды жібекке су шашуға болмайды; ацетат пен вискоз дымқыл мата қабаты арқылы жақсы үтіктеледі; зығыр (лен), тоқыма мата, мақта дымқыл күйінде үтіктеледі; шифон мен органза құрғақ күйінде үтіктеледі, бірақ үтік жай ғана жылы болу керек. Тігісті жерлерін үтіктің ұшымен үтіктеңіз. Бұл тұстарды тігіс үстіне қағаз кесінділерді немесе мата қиқымдарын қою арқылы үтіктеу де дұрыс.

№ 3 ереже

Пердені жумастан, тек тазалап та қоюға болады. Құрғақ тазалау үшін шаңсорғышты пайдаланыңыз. Шаңсорғыштың синтетикалық сыпырғышы немесе жұмсақ саптамасы болуы керек. Кейбір маталарды бутазаратқышты қолдану арқылы тазалауға болады. Жұмсақ сыпыртқылар арқылы шылауларды алып тастау да ыңғайлы.

№ 4 ереже

Карниз туралы ұмытпаңыз! Оларға пердеге қарағанда әлдеқайда көп шаң жиналады. Әсіресе, кіреберістегі, асханадағы карниздерге көз жүгіртіңізші. Карнизді жуғыш құралмен және губкамен, жұмсақ матамен тазартыңыз. Шаңды қағып және перденің оңай жылжуына жол ашатын антистатикалық құралдарды шашып қоюды да естен шығармаңыз.

№ 5 ереже

Перде күтіміне желдету әдісі де жатады. Бұл үрдіс арқылы материалға сіңген әртүрлі иіс кетеді. Ыстық күндері терезені ашқанда азғантай болсын самалдың болуын қадағалаңыз. Пердем өзіме ұзақ уақыт қызмет етсін десеңіз, оларды күн сәулесінен қорғаңыз. Ол үшін арнайы шілтер (тюль) тіктіру керек. Есіңізде болсын: перденің әдемілігі оған көрсетілген күтімге байланысты.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет:design-elit.ru