Қырлы шалбарды дұрыс үтіктеу

Қырлы шалбарды дұрыс үтіктеу

Көптеген ару, сонымен қатар жігіттер де қырлы шалбарды үтіктеуден қорқады – бір оқыс қимыл және бір қырдың орнына екі, кейде тіпті үш қыр салып жіберу қаупі бар. Сол себепті мұндай жауапты істен қашқақтайтындар көп.

Негізінде шалбарға қыр салу аса қиын жұмыс емес. Тек асықпау керек және бірнеше қарапайым ережені ұстану жеткілікті.

Алдымен шалбардың өзін дұрыстап үтіктеп алу қажет, тек содан кейін ғана қырына көшіңіз. Шалбарды теріс жағынан үтіктейді – сырт жағынан үтіктесе олар жылтырай бастауы мүмкін. Алдымен белі мен қалтасын үтіктеңіз, сосын балағына көшіңіз. Қырына әзірге тиіспеңіз.

Балағын үтіктеп болған соң шалбарды сыртына қайта аударыңыз. Балақтардың бүйір тігісі ішкі тігісімен бірдей жатуы қажет. Егер шалбар дұрыс пішілген болса, алдыңғы қымтаулы тігіс бірдей үйлесуі керек. Шалбардың бүктелген жері – бұл болашақ қыр салынатын жолақ.

Шалбарды киім үтіктейтін тақтайшаға ұзындығы бойынша жайыңыз да үстіңгі балағын қайыра тұрыңыз. Астыңғы балақтың астыңғы жағынан бастап үтіктеңіз. Әсіресе тігісін, артқы және алдыңғы қырын мұқият үтіктеңіз.

Шалбарға жұқа ылғал мата, мысалы, дәке төсеп үтіктеген жөн. Алайда, егер үтігіңіздің бу шығаратын функциясы болса, дәкесіз де үтіктеуге болады. Бірақ қауіпсіздік үшін құрғақ мақта мата төсегеніңіз абзал.

Кейін дәл осылайша екінші балақты да үтіктеңіз. Соңында екі балақты да біріктіріп, салынған қырды тегістеп, шалбардың сыртқы жағын үтіктеңіз. Жаңа ғана үтіктелген шалбардың салқындауына уақыт беріңіз: оны бірден шкафқа ілуге немесе киіп алуға тырыспаңыз, өйткені бұлай олар тез мыжылып қалады. Сондықтан шалбар кем дегенде жарты сағат тақтайшада жата тұрсын.

Егер шалбарды дәке арқылы үтіктейтін болсаңыз, оны сулап отыруды ұмытпаңыз: үтіктеген кезде кеуіп қалған мата арқылы шалбар жылтырап кетуі мүмкін. Егер шалбар бәрібір жылтырап кетсе, шүберекті сірке суы қосылған суда ылғалдандырып алып (1 стақан суға – 1 үлкен қасық сірке суы), сол арқылы жылтыраған жерін булаңыз.

Шалбардың қыры ұзақ сақталсын десеңіз, бір бет қағазды аздап сулап, қырына орналастырып, ыстық үтікпен үстінен бір жүріп өтіңіз. Сілтілі суда ылғалдандырылған мата төсеп шалбарды үтіктеу де қырдың ұзақ сақталуын қамтамасыз етеді. Қырдың ұзақ сақталуының тағы бір тәсілі – құрғақ сабын пайдалану: оны қырдың ішкі жағына жағу қажет, содан кейін матаның бүгілген жерін ыстық булы үтікпен үтіктеңіз.

Сурет: hivi.ru

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina