Төрт түлік мал терілері мен жүндерінің атаулары

Төрт түлік мал терілері мен жүндерінің атаулары

Қазақ халқы төрт түліктен алынатын барлық өнімді кәдесіне жаратқан. Тұрмыс-тіршілікте малдың етін, сүтін азық етсе, терісі мен жүнінен мата жасап, киім-кешек тігуге пайдаланған. Жүннен бау-шу, арқан-жіп, киім-кешек, қазақ үйдің киізін, әртүрлі төсеніштер мен қап, шекпен сияқты ең қажетті мүліктер жасалған.

Мал терілерінің атаулары мен түрлері

Малдың әр бөлігінде терісі жұқа, қалың, жүнді болып келетіндігіне байланысты жондық, қабырғалық, үйектік, пұшпақ мойын, таңлақ деген бөліктерге бөледі.

Ірі қараның терісін сиыр терісі, өгіз терісі, тайынша терісі, бұзау терісі деп атаған. Жылқы терісі – бие терісі, жабағы және құлын терісі деп үшке бөлінеді. Түйе терісін атан тері, бота терісі дейді. Қой терісі жабағы тері, қырықпа тері, күздік тері, соғым терісі, тақыр тері, тоқтышақ тері, сеңсең тері, елтірі, мари, жылбысқы деп бөлінеді.

Жабағы — қой-ешкінің сәуір, мамыр айларындағы жабағы жүні, қопсымаған қалың түбітті терісі.

Қырықпа — жабағы жүн мен күзем жүндері қырқылғаннан кейін сойылған малдың сұйық жүнді терісі.

Күздік тері — қазан, қараша айларында сойылған малдың өңі қалың терілері. Бұл теріден тон, шалбар, ішік, бөрік тігуге болады.

Соғым терісі — жүндес, қыртысы қалың, мықты терілер.

Тақыр тері — жүнін қырқып алысымен сойылған немесе жүнін жидітіп алған тері. Бұдан жарғақ шалбар, қап, тұлып, дорба т.б заттар жасалады.

Сеңсең — үш ай мен бес ай аралығындағы қозының қырқылмаған терісі. Көбінесе ішік, тымақ, бөрік, бөстек жасауға қолданылады.

Елтірі — туғанына 2-3 ай болған қозы терілері. Одан ішік, тымақ, бөрік, жаға жасайды.

Мари — туа салып немесе бір-екі тәулікте өлген қозы, лақ терілері. Бөрік, тымақ тігуге, киім тысын көмкеруге қолайлы. Маридің жүні тықыр, жылтыр, таңдайы өрнекті болып келеді.

Жылбысқы - іште жатып өлген немесе туа салып өлген қозының өте жұқа терісі.

Тоқтышақ терісі - сеңсеңі қырқылғаннан кейін біркелкі майда жүн өскен, 4-5 айдан асқан қозы терісі. Ол киімнің барлық түрін тігуге жарамды, жеңіл әрі жылы, жұмсақ тері. Одан қаптама тон жасайды.

Ірі қаралардың ішінде ешкі терісі өте төзімді, берік келеді. Ешкі терісі де жүндес тері, тақыр тері, түбітті тері, серке терісі, лақ терісі, мари терісі деп бөлінеді. Одан түрлі киімдер тігумен қатар, қапшық, мес, шанаш т.б ыдыстарды да тігеді.

Киім-кешекке пайдаланылатын жүн өнімдері

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі үшін төрт түлік малдың жүні мен терісі үлкен рөл атқарған және оны өңдеп, ұқсатуды бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Жүннен киім-кешек және т.б. бұйымдарды дайындамас бұрын жақсылап тазартып, жүн дайындау стандартына сәйкес сұрыптап, бояп, өңдеп, иіріп жіп алған. Қазақтар түйенің жабағы жүні мен шудасынан, ешкінің түбітінен, қойдың терісінен әдемі киім-кешектер тіккен. Сонымен қатар жылқының жал-құйрығын да пайдасына жаратқан.

Түйе жүні — жабағы, боздақ, шуда деп үшке бөлінеді. Жабағы деп – түйенің ұйысқан, киіздей болған жүнін айтады. Жабағының астынан өсетін үлпілдек жүнді боздақ дейді. Жабағы жүнінен жеңіл, жылы күпі тіккен, шапанға салған, әртүрлі жіптер иіріп шекпен, белбеу тоқыған. Түйенің шуда жүні дегеніміз — мойнындағы, тізесіндегі, екі өркештің үстіндегі салалы қылшық жүні. Бұдан жамау-жасқаулық жіп иіріледі. Ертеде шуда жіппен тон-шалбарларды тіккен. Сонымен қатар шуда жіптерді шертер сияқты ән-күй аспаптарына ішек жасауға пайдаланған.

Қойдың жүнін жабағы, күзем жүні, қозы жүні, өлі жүн және шет-пұшпақ деп бес түрге бөліп айтады. Жабағы жүннен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терлік жасайды, тыстап күпсек (бөстек), көпшік, жеңіл байпақ тігеді, сонымен қатар киімнің, көрпенің арасына салады, неше түрлі иіру ісіне, бізбен, сыммен тоқу жұмысына қолданады. Жүн матаның сыртына шығып кетпес үшін және шайырынан арылтып тазарту үшін жабағы жүнді түтіп болған соң, қылшықтарын бүрілтіп қайнатады. Түтілген жабағы жүннен шүйке жасалып, бау-шу есіледі, өрмек жіптері, неше түрлі жиектер ширатылады. Күзем жүні мен қозы жүні иіруге келмейтіндіктен оны киімнің, көрпенің тысының арасына салуға келмейді. Сондықтан одан көбіне киіз басылады, текемет, қалпақ, кебенек тігіліп, киіз етік, пима сияқты аяқ киімдер жасалады. Оны алдымен шаң-тозаңнан, шөп-шөгірден тазартып, жүннің білтеленіп, ұйысқанын жазу үшін сабаумен сабап алады. Ертеде әйелдер мен еркектер жүн сабауға ерекше көңіл-күймен кіріскен, бұл үрдіс ойын-сауықпен көңілді өтетін болған. Жүн сабалып болған соң «тулақ шашу» деген ырым бойынша ісмерлер жиналып, тамақ ішіп, ойын кешін өткізген.

Ешкі жүнін түбіт, қылшық деп екіге бөледі. Түбіт жүнді иіріп, шарф, шұлық, қолғап, шәлі сияқты жеңіл әрі жылы киімдерді тоқыған. Түбітті ешкі түлеген кезде қылшық жүнмен бірге қырқып алып, түтіп қылшығынан бөледі. Ешкінің қылшығы арқан-жіп есуге жұмсалады. Ешкі түбіті түйе жүнінен де қымбат, жібекпен теңдес саналған.

Жылқының жал-құйрығын «қыл» деп атайды. Жал-құйрық, көбінесе, арқан-жіп есуге, сүзгі тоқуға, тұзақ есуге жұмсалады. Жылқы қылын терімен қаптап көпшік, жастық, бөстек жасауға, қобызға тағуға пайдаланған.

Мал жүнінен басқа қазақтар қоянның жүнін, құстың мамығын да іске жаратқан. Қоянның жүнінен жылы шарф, қолғап, шұлық, бөкебай тоқыған. Құстың мамығынан құс жастық, құс төсек жасаған, қауырсындарынан қарқара қадаған, жебенің желбезегіне желімдеген. Ондай оқты төменде тұрып жоғарыдағы нысананы дәлдеп атуға қолайлы және ұшқан жолында ауытқымай дәл барады деп есептеген.

Аққудың мамығынан қалыңдықтың тонын тіккен. Ал үкінің қауырсындарын, балақ жүндерін қарқара, сәукеле, бөрік, тақияларға қадаған. Жалпы үкінің жүні қазақта ежелден қасиетті деп саналған және әсемдік үшін де пайдаланылған. Жүнделетін үкі тіпті бір аттың құнымен бағаланған. Үкі жүнін ұлпа және қара қасқа үкі деп екі түрге ажыратады. Үкінің балақ жүнін – ұлпа, ал бауыр жүнін – қара қасқа үкі деген. Қара қасқа үкіні, көбінесе, ерлер қадаған.

Сурет: news.nur.kz, alashainasy.kz, voxpopuli.kz

Дереккөз: Қазақ халқының ұлттық киімдері (Алматыкітап, 2011)

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina