Ас үйдегі көмекші гаджеттер

Ас үйдегі көмекші гаджеттер

Шаруашылықта, әсіресе ас үйде артық көмек болмайды. Осы орайда ас үй гаджеттері нағыз көмекшіміз атана алады. Бір қарағанда қаншама жыл бойы ас әзірлеуде қарапайым құралдарды қолданып келдік, алайда заманауи гаджеттер уақытымызды үнемдеп, күнделікті шаруаларды жеңілдете түседі.

Дәл тақтай

Ас әзірлеуде нақтылықты жақсы көрсеңіз, сізге осындай белгілеуі бар тақтай қажет болар. The Obsessive Chef тақтайы берік бамбук ағашынан жасалған. Оның бетінде сантиметр, тіпті миллиметрге дейін өлшем бірліктер келтірілген. Қажет десеңіз, бұрыштың градусын да осы тақтайдың бетінде анықтай аласыз. Күнделікті бір өлшемге дағдыланып, кейін тақтайсыз да көкөністерді әдемі тілімдерге турап үйренесіз. Сондай-ақ, бұл тақтай мерекелік дастарханды әзірлеуде пайдалы.

Жағымсыз иіс жинауыш қақпақ

Тағамның иісі үйге жайылмасын десеңіз, не ас бөлмесінің есігін мықтап жабыңыз, не мынандай иістерді жинауыш қақпақты сатып алыңыз. Stainless-Steel Odor Absorbing Splatter Screen деген қиын атауы бар қарапайым қақпақ кез келген ыдыс, таба, қазанның бетіне қоюға келеді. Ол сондағы иісті өзіне жинап, сыртқа шығармайды. Бұл қақпақтың сиқыры ондағы инновациялы көмірсулы матасында екен. Әу баста бұл мата спорт сөмкелері үшін ойлап табылғаны қызық. Айта кетсек, мұндай қақпақ тек жағымсыз иістерді жинап қана қоймай, сізді майдың шашырауынан сақтайды.

Губка сауыты

Әр ас үйде ыдыс жуатын жерде губка мен шүберектердің бірнеше түрі жиналады. Шүберекті бір жерге іліп қоюға болады. Ал губкалар ылғи ылғал болып, дұрыс кеппейді. Артынан ондағы бактериялар дамуы мүмкін. Сол себепті губка кірленіп, жағымсыз иіс шығарып, оны жиі ауыстыруға тура келеді. Губкаларды тазалықта ұстаймын десеңіз, мынандай арнайы ыдысты алып қойыңыз.

Ерімейтін мұз

Сусындарды салқындатуға арналған Wine Pearls and Whiskey Cubes мұз кесектерінің сырты металдан жасалған. Олар сусыныңызды қарапайым су мұзы сияқты салқындатады, бірақ су мұз кесектеріне қарағанда мұны бірнеше рет қолдана аласыз. Металл кесектерінің ішінде қауіпсіз салқындатқыш гель бар.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: vk.com

С. А