Ажырасудың да қызығы болады екен...

Ажырасудың да қызығы болады екен...

Ажырасудың атын атаудың өзі қорқынышты. Бірақ әрбір дүниеден сабақ алуымыз орынды шығар. Ажырасудың сабақ қана емес, күлкілі екенін де еске алуымыз заңды, себебі Канадада әйелі күйеуінің қорылдап, ұйқы бермегені үшін ажырасуға мүмкіндігі бар, ал Сауд Арабияда әйелі күйеуі оған кофе құйып бермесе де ажыраса салады екен. Күлкілі емес пе, қалай ойлайсыз?

  1. 2011 жылы желтоқсан айында 99 жастағы италиялық шал 96 жастағы кемпірімен ажыраспақшы болады. Басты себеп зайыбының 1940 жылдары әлдекімге жазған сезім хаттары болған екен. Бұл ажырасу тарихта қалып қойды.
  2. Румыниялық жұп үйлену тойынан кейін 8 ай өткесін-ақ ажырасуға бел буған. Бұл істің басты себебін 67 жастағы күйеу «толықтай сәйкессіздік» деп түсіндіріпті. Сөйтсе, әйелінің мысығы зейнеткердің көп жылдар бойы асырап келе жатқан екі бірдей тотықұсын жеп қойған екен.
  3. Британдық азамат Нил Дбюхарттың әйелімен ажырасуына басты себеп – футбол болған. Оның әйелі футбол жұлдыздарының автографы қойылған жейдені жуып қойыпты. Сот әйелінің бұл ісіне вандализм деп баға беріпті.
  4. Аты-жөні белгісіз ерлі-зайыптылардың арасында қызғаныштың ерекше бір түрі болыпты. Ері әйелін итінен қызғанған екен. Ал иті болса көптеген байқауларда жеңімпаз атанып жүрген чемпион болған. Күйеуі әйелінің алдында иттен жоғары еместігін сезгесін-ақ, итті өзгелердің көзінен таса жерде тамақтандырып жүрген. Тез арада салмақ жинаған ит байқауға қатысатын мүмкіндігінен айырылып, кейіннен мұны біліп қойған әйелі ажырасуға бел буған.
  5. Италиялық жұп бал айынан соң-ақ ажырасуды дұрыс деп тауыпты. Себебі күйеу бала бал айына шешесін бірге апарыпты. Бұл «үштікке» көңілі толмаған келін осындай қадамға еріксіз барған.
  6. Андрей Карпов есімді орыс жігіт карта ойынында бәске әйелін қойып, ұтылып қалады. Әйелі болса сол арада онымен ажырасып, жеңімпаздың етегінен ұстапты.
  7. Египеттік археолог отбасылық өмірдің екінші күнінде-ақ ажырасу арызын жазыпты. Сөйтсе, әйелі таз болып шығыпты. Оның шашының жоқтығын күйеу алғашқы неке түнінде білгені де қызықты жайт.
  8. АҚШ-та Дженнифер Лопесті ерекше жақсы көретін әйелі күйеуінің ол туралы сынын естіген соң ажырасуға арыз жазыпты. Ал одан бұрын әйелі сыншы күйеудің көлік қоймасын өртеп жіберіпті.
  9. Әйелі 30 жаста бола тұрып, өзінің жасын күйеуіне 24 деп көрсетіпті. 10 жыл өткен соң, 2007 жылы шындықты білген күйеуі ажырасып кетіпті.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: lam.ru

А. Құлтай