Қолдан шам жасайық!

Қолдан шам жасайық!

Ұшқыр қиялыңыз бен батыл әрекетіңіздің арқасында әйнек құтылардың көмегімен бақшаңызды әрлеуге болады. Әсіресе, қаланың сыртында үйлері бар адамдар үшін таптырмас ермек. Бүгін үйлеріңізді ерекше жолмен жарқыратуды ұсынамыз. Консервілеуге арналған құтыларды біреулеріміз келесі жылға деп сақтап қойсақ, екіншілерміз қолданыстан кейін қоқысқа лақтырамыз. Ал бұл жолы лақтыруға асықпаңыз.

Демалысыңызды қаланың сыртында немесе таза ауада өткізгенді ұнатасыз ба?

Қолдан жасалған шамдар кешкі мезгілде әдемі көрініс сыйлап, демалысыңызды жадырата түседі. Әсіресе, ағаштарға іліп қойсаңыз. Ал салмағы ауырлауларын жерге немесе үстелдің үстіне қойып қойсаңыз болады. Ал ішіндегі шам бірқалыпты тұру үшін түбіне құм сеуіп қою жеткілікті. Түнде немесе жаңбыр жауған кезде әйнек құтылардың бетін су тимес үшін жауып қою керек. 

Келесі кезекте әйнек қалбырлардың сыртын өңдеуді балаларыңызға тапсыруыңызға болады. Ол үшін түрлі-түсті майлықтарды (салфетка) желімдеп жапсырып, сурет салу керек. Бұларды жасамас бұрын заттаңбасын алып, сыртын жақсылап сүртіп алыңыз.

Мүмкін ілмектің көмегімен тігілген майлықтарды сақтап жүрген боларсыз? Егер майлықтарыңыз болмаса, уайымдамаңыз, оны базардан арзан бағаға сатып алуға болады. Оны қолыңызға түсірген соң, әйнек құтының сыртына қатпарсыз жабыстырыңыз.

Бұдан өзге қақпағын жіп пен лентаның көмегімен өңдеп сәндендіре түсіңіз. Бір сөзбен айтқанда сыртын өзіңізге қажетсіз деген заттармен өңдеңіз.

Шамдарды көңіл-күймен отырып өңдеңіз. Әйнек құтының ішіне 5 сантиметр болатындай етіп акварель бояуын құйған соң, іші тұтастай боялуы үшін айландырыңыз. Осылайша іші тұтастай боялып, сырты көз тартарлық әсем көрініске ие болады.

Бұдан өзге әйнек құтыларды шашыратқыш бояулармен өңдеуге болады. Сыртына қағаздан жасалған оюларды жапсырып, қалған жеріне бояуды себіңіз немесе қағаз орнына жіпті пайдаланыңыз. (Бұл әрекетті далада орындағаныңыз жөн). Бояуы кепкен соң қағаз бен жіпті алып тастаңыз.

Ал витраж шамдарға көзқарасыңыз қандай? Бұл үшін әйнек құты, витражды бояулар мен контур қажет болады. Құтыны витражды бояулармен бояп, кепкен соң контурмен сурет салыңыз.

Бояулармен жұмыс жасауды ұнатпайтын адамдар басқаша өңдей алады. Ол үшін желім, әйнектің сынықтары немесе майда тастар қажет. Майда детальдарды тығыз етіп жабыстырып, арасында ауа қалмауын қамтамасыз етіңіз. Артынша әйнектің бетіне шыққан желімді мақта талшықтарының көмегімен бірден өшіріп отырыңыз. Жарты сағат өткен соң сыртын тағы бір рет сүртіп, қажет мақсатта қолдана беруіңізге болады.

Әйнек құтылардың сыртына ПВА желімін қалың етіп жағып, сыртына тұз сепсеңіз тамаша туынды шығады. Мұнымен қатар, тұздың орнына сумоншақтарды, жалтырауық ойыншықтардың сынығын пайдалануға болады. Бірнеше сағат бойы кептіріп, артынша бояу жаққыштың көмегімен дұрыс жабыспаған жерлерін түсіріп тастау керек. Шамдарыңыз дайын!

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: novate.ru

Қ. Бүйенбай