Отбасылық альбомды бірге жасайық!

Отбасылық альбомды бірге жасайық!

Бүгінде фотоаппарат деген дүние әрбіріміздің отбасымызда бар. Жақсыны да, жаманды да түсіруді әдетке айналдырдық. Және ол суреттер сандық фотоаппараттарда қалып қойып жатады немесе компьютеріміздің түкпіріне тығып тастаймыз. Ал үйге қонақ келе қалғанда оны көрсету оңай жұмыс емес. Осы кезде отбасылық альбомды ортаға тастай салып, отбасыңның тарихын, ортақ дәстүрлерін, өмірлеріңнің қызықты сәттерін көрсеткенге не жетсін. Олардың арасында сәтсіз түскен немесе көрсетуге ұялатын суреттеріңіз болмайды, бәрі де жинақы, бәрі де ретке келтірілген.

Сонымен, не туралы айтпағымызды түсіндіңіз ғой, бүгін сіздерге отбасылық альбом жасаудың алғышарттары туралы айтатын боламыз.

Отбасылық альбомды жасау оңай емес, себебі, түсірілетін суреттер өте көп.

1. Суреттерді кезеңдерге бөлу. Бірінші кезең – маңызды және маңызды емес, қайталанатын, қайталанбайтын суреттерді ретке келтіру. Бұл шығарылған суреттерге де, компьютер қойнында жатқандарға да қатысты. Өте ескі суреттерді жақсылап қалпына келтіріп алыңыз, ол альбомның сәнін бұзады.

2. Басынан бастаңыз. Отбасы үйлену тойынан басталады. Әрине, тойға дейінгі тарихтан хабар бере кеткен жөн. Сіздің және жолдасыңыздың бала күндеріңіздегі, бойдақ кездеріңіздегі суреттеріңізге орын беріңіз. Бұл суреттер сіздің балаларыңызға өткен өміріңіз туралы сыр шертіп береді және өзіңізге де тәтті естеліктер сыйлайды.

3. Оқиғалардың арасында көп үзіліс болмасын. Альбом туралы есіңізден шығып кететін болса, қай уақытта сурет енгізу керек екеніңізді қойын дәптеріңізге жазып алыңыз. Үйлену тойдан кейін бесік тойдың суретін бірден салып қойсаңыз, артық сұрақтар пайда болады деп ойламайсыз ба?

4. Суреттердің астына кішкентай әріптермен қашан, қайда, кімнің түсіргендігі туралы аз ғана ақпарат жаза отырыңыз. Осылар арқылы өмірге бүтіндей оқиғалар келеді. Бұл сіздің отбасыңыздың тарихы.

5. Басты назар суреттің сапасы мен мазмұнына салынсын. Мән-мағынасы жоқ, қайталанатын суреттерді ешкімнің көріп отырғысы келмейді. Сурет – түсірілген сәттің маркері. Ол сол сәттің бейнесін, иісін, әуенін еске түсіре алуы керек. Кейбір адамдар, суретке түсудің шебері болады, әдемі суреттерді салғысы келіп тұрады. Ережеге бағыныңыз, әрбір оқиғадан 2-5 сурет қана салынсын. Егер, жақсы суреттерді қимасаңыз, екінші бір альбом сақтап қойыңыз.

6. Әркімнің өзіндік қолтаңбасы болады. Егер, о бастан-ақ альбом жұмысын жасауды өз мойныңызға алсаңыз, орта жолға келгенде жолдасыңызға немесе балаларыңызға беріп қоймаңыз. Альбом бастапқы мақсатын, біркелкілігін жоғалтып алады.

7. Бастаған істі аяғына дейін жеткізу керек. Бұл маңызды! Себебі, отбасылық тарих сіздің немерелеріңізге, шөберелеріңізге жетіп, оларды тәрбиелейтін болады емес пе?

Альбомыңыздың әрбір беті қуанышты сәттер мен қызықты оқиғаларға толы болсын!

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com