Балаңыз мектепке дайын ба?

Балаңыз мектепке дайын ба?

Бүгін сіздермен мектеп жасына дейінгі баланың психологиялық кемелденуі мен ақыл-ой дәрежесі және осы жолдағы ата-ананың рөлі туралы аздаған әңгіме қозғап көрмекпіз.

Психологиялық жетілу үш аспектіге бөлінеді: әлеуметтік, эмоционалды, интеллектуалды.

Әлеуметтік толысу – қатарластарымен болатын қарым-қатынастың қажеттілігін, балалар тобына сіңісіп кетуді, мұғалімдер мен оқулықтардағы тапсырмаларды түсінуін тұспалдайды.

Эмоционалды толысу – баланың өмірде болатын әрбір жағдайды қабылдауында, оған деген әсерін білдіре алуында көрініс табады. Зеріктіретін өте ұзақ жұмысты атқаруда, күйзеліс жағдайларына төтеп беруде маңызы зор.

Интелектуалды толысу – бұл назарды топтастыра алу, құбылыстар мен жаңалықтар арасында байланыстар орната білу, логикалық есте сақтаудың дәржесін көтере білу, үлгілер, мысалдар келтіру, ақыл-ойды дамыта білу қабілеті.

Аталған аспектілерден басқа, мектепке дайындық негіздеріне өте қажетті, тіпті онсыз баланың білім алуға қабілеті жоқ даму сатылары бар. Бұлардың қатарына мектепке деген тұрақты қарым-қатынас, оқи алу, ойлау, сөйлеу, есептеу, назар аудару, есте сақтау, білім қоры жатады.

Сонымен, мектепке баратын баланың меңгеруі тиіс қабілеттерді тізіп көрейік:

  • Бала өз бетімен белгілі бір жұмысты 30 минутқа жуық уақыт бойы жасай алуы керек.
  • Берілген суреттер бойынша беске жуық сөйлем құрай алсын. Ол сөйлемде үстеу, сын есім, салалас, сабақтас сөйлемдер көрініс табуы керек.
  • Шағын тақпақтарды есте сақтап, бірнеше қатарын жаттай алуы тиіс.
  • Зат есімдерді жекеше, көпше түрлерге өзгерте алсын.
  • Онға дейін және оннан кері санасын.
  • Қарапайым жұмбақтарды шешуге қабілетті болсын.
  • Буын бойынша оқысын.
  • Сурет салып, оны бояуға икемі болуы қажет.
  • Жинақтай алсын, заттардың тобын бір сөзбен жеткізе білсін.

Бала балабақшаға немесе дайындық сыныптарына барып жүрсе де, бұл кеңестерді назардан тыс қалдыру үлкен ағаттық. Үй тапсырмасына көмек беріңіз. Ол тапсырмалардан басқа күнделікті тұрмысқа, айналасындағы адамдарға, кітаптарға, теледидарға қатысты ақпараттарды түсіндіріп отырыңыз. Заттар арасындағы логикалық байланысты орнатуын қадағалаңыз, заттардың, құбылыстардың атауын көбірек білсін.

Бала негізгі ұғымдарды нақты білуі қажет: өсімдіктер әлемі (жемістер, көкөністер, гүлдер, ағаштар), жануарлар әлемі (жабайы және үй жануарлары, жыртқыш аңдар, құстар, жәндікер, суасты жануарлары), адамдар әлемі (отбасы, қала, үй, көліктер, киім, ыдыс, жиһаз, жыл маусымдары (маусымдарда қайталанатын құбылыстар).

Сөз тіркестерін, тілдің грамматикалық құралдарын орынды қолдануына назар аударыңыз. Қателіктерін дер кезінде түзетіп отырыңыз. Дауыс көтермей, сөзді дұрыс айтқанынша сабырмен қайталатып отыру керек. Баланы пікірталасқа араластырып, ойын ашық айтуға дағдыландырыңыз. Бұл "сабақтарды" дүкенде, көлікте, саябақта өткізуге болады. Мәселен, бала жолда өтіп бара жатып "Шеше, қарашы қандай машина!" деуі мүмкін. Осындайда "Иә" деп қоя салмай, баланы одан әрмен әңгімеге тартыңыз. Оның түсін, қандай мақсатта қолданылатынын, жасалған материалын, қайда бара жатқанын, кімнің жүргізетінін, басқа көліктен қандай айырмашылығы бар екендігін сұрау арқылы шағын әңгіме-дүкен құруға болады. Сөз арасында тым еркінсітіп, тым еркелетіп жібермеңіз. Бұл әдетке айналып кетеді. Сондай-ақ, мұғалім секілді ресми сөйлесіп, сұрақтың астына алсаңыз, бала тұйықталып алады. Қысқасы, бала қызығатын тақырыпты дамытқан абзал.

Тым жеңіл сөздерге әуестенбей, халықаралық терминдерді де айтқызыңыз (техника тілін пайдалануға болады) Бұл әдіс - баланың тілін жаттықтырады. Болашақта қиындау келетін шетел сөздерін айтқанда тұтықпайды.

Бала бір құбылыс пен екінші құбылыстың айырмашылығын саралай білсін. Ол үшін бір-біріне ұқсас екі суретті алдына қойып, шағын ойындар ұйымдастырса жақсы әсер береді. Есесіне, баланың сөздік қоры да арта түспек. Ол қалай дұрыс сөйлеу керектігін ойлана бастайды. Бет алды сөйлеуді әдетке айналдырған өзіңіздің құрбы-құрдастарыңызды еске алыңызшы.

Әрине, мектеп балаға ең үлкен білімді беретіндігіне таласымыз жоқ. Алайда, баланың ана құрсағында жатып-ақ қалыптасатындығын ескерсек, мектепге дейінгі баланың білімі мен қабілеті де маңызды рөл атқарады. Оның басты ұстазы – ата-анасы екенін естен шығармау керек.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com, mail.ru