Салқындатқышты тазалау әдісі

Салқындатқышты тазалау әдісі

Жаздың ыстық күндері үйде де, кеңседе де қапырықтан салқындатқыш құтқарады. Ұзақ жылдар бойы қолданған салқындатқышты тазалап тұрмасаңыз, ондағы шаң мен тозаң ауамен бірге өкпеге барып, қауіпті бола алады.

Салқындатқышты ұзақ жылдар бойы қолдану оның қасиеттеріне әсер етеді. Сапасы нашарлап, ауаны суыту, жылытуы бұрынғыдай болмайды. Салқындатқышыңыз мынадай белгілері оны тазалап ретке келтіру керектігі жайлы айтады.

Салқындатқышты ұзақ уақыт қолданғанда оның дыбысы өзгеріп, қатты шулай бастайды.

Салқындатқыш қосқанда одан шығатын жағымсыз иіс оның ішінде бактериялар пайда болғанын көрсетеді.

Салқындатқыштан тамып тұрған су оның құбырлары бітеліп қалғанының белгісі.

Егер сіздің салқындатқышыңыз осындай белгілер білдірсе, оны тазалап, жөндеудің уақыты келгені. Салқындатқышты тазалау қиын шаруалардын қатарынан емес. Сондықтан арнайы маманды шақыртпай-ақ, салқындатқышыңызды өзіңіз тазаласаңыз болады. 

Салқындатқышты жиі тазалау керек пе?

Салқындатқышты тазалау жиілігі ол тұрған бөлменің ауасына байланысты. Егер салқындатқыш жаз бойы қосулы тұрса, оны ай сайын тазалаған дұрыс. Тазалаған сайын салқындатқыштың сүзгісіндегі кірді бақылаңыз, егер ол өте кірленсе, жиірек, онша кір болмаса, айына бір рет тазалаған жеткілікті.

Сонымен үй жағдайында салқындатқышты тазалау үшін:

1. Екі қолыңызбен салқындатқыштың алдыңғы бөлігін ұстап, тартыңыз. Салқындатқыш ашылады.

2. Қақпақты жоғары көтеріңіз. Оның астында осындай қара сүзгі болады. Бұл жер нағыз кір, шаң-тозаң мен бактериялардың жиналған жері. 

3. Сүзгінің астыңғы жағын көтере отырып, босатыңыз.

 

4. Біздің салқындатқышта екі бөлек сүзгі бар, екеуін де шығарамыз.

5. Сүзгіні сумен жуамыз, қажет болған жағдайда сабын, кір жуатын ұнтақ қолданыңыз.

6. Егер салқындатқышыңыздан жағымсыз иістер шықса, онымен де күресудің сырлары бар. Сүзгілеріңізді жуып, кептіріп қойып, дәріханадан сұйық антисептиктер немесе басқа да залалсыздандыратын ерітінділерді сатып алыңыз. Бастысы көлемі жарты литр сұйықтық болуы керек, спирт негізінде болғаны дұрыс. Ал дүкендерде арнайы салқындатқыштарды тазалайтын CONDICLEAN атты құрал бар. 

Сонымен қажетті құралды сатып алып, салқындатқыштың қақпағын ашып (ішіндегі сүзгілерді алып тастадық), сұйықтықты шашыңыз. Салқындатқышты іске қосып, сұйықтық оның ішіне сорып тартылатындығын қадағалаңыз. Осылай  бірнеше рет қайталаңыз, жағымсыз иіс кетеді.

7. Сүзгілеріңіз кепкеннен кейін оларды қайта орнына бекітеміз. Салқындатқышты сүзгілерсіз қолданған дұрыс емес, сүзгі ауаны тазартып, салқындатқыштың өмірін ұзартады. 

8. Салқындатқыштың сыртқы блогы жайлы ұмытпаңыз. Егер ол да шаң-тозаңға толы болса, салқындатқыштың жұмысы нашарлай түседі. Ол қызып, жұмысын дұрыс емес атқарады, нәтижесінде бұзылып қалуы да мүмкін.

Салқындатқыштың жұмысы тазалағаннан кейін де сол қалыпты, дұрыс емес болса, маманды шақыртып, салқындатқышты жөндетуден өткізген дұрыс.

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: vk.com

С. А