Әке мен бала арасындағы келісім

Әке мен бала арасындағы келісім

Францияның үздік сәбилер тәрбиешісі, ұлы ойшыл Руссо күллі әлемдегі барлық ата-аналарға, бала тәрбиелеп отырған барлық ұстаздарға арнап: «Адам өміріндегі ең қатерлі мезгіл – бала туылғаннан 12 жасқа келгенге дейінгі аралық, егер бала осы мезгілде жаман әдет жұқтырып алса, бала күнінде сүйегіне сіңісті болған жаман әдетті өмір бойы түзету қиынға соғады. Сондықтан, осы мезгілдегі тәрбиеге аса мән беру керек» деген кеңес айтқан-ды. Әрі, өзі барша қауымға үлгі болсын деп тәрбие жасындағы баласына: «Балалар бойсұнуға тиісті 8 түрлі әрекет өлшемін» шығарып, үйінің қабырғасына іліп қояды.

Оның қысқаша мазмұны төмендегідей:

  1. Тамақтанғанда, тазалыққа көңіл бөл;
  2. Киім-кешек, ыдыс-аяқ, кітап-дәптер, ойыншық т.б керек-жарақтарыңды жерге беталды тастама, реттеп қой, жинақы бол;
  3. Өз уақытында демал, ұйықта;
  4. Көкөністерді көп же;
  5. Мектептен келген соң, ең алдымен үй тапсырмасын орында;
  6. Әдепті бол;
  7. Жол жүргенде, амандыққа көңіл бөл;
  8. Әке-шешеңнің жұмыс орнына барғанда, сол мекеменің тәртібіне бойсұн!

Десе де, баласы да алдын ала дайындалып қойғандай-ақ: «Әкелер бойсұнуға тиісті 8 түрлі әрекет өлшемін» шығарып, әкесінің бөлме қабырғасына іліп қояды. Ол былай екен:

  1. Темекі шекпеңіз, денсаулығыңыздан айырыласыз, арақ ішіп, адамшылықтан безбеңіз;
  2. Жетесіз, иттің күшігі т.б деп тілдемеңіз;
  3. Балалардың алдында ренжіспеңіздер, ыдыс-аяқты шақпаңыз, қанша ашулансаңыз да ашуыңызды балаңыздан алмаңыз, балаңызды басқа ұрмаңыз;
  4. Іске аспайтын өтірік уәдені беріп алдамаңыз, орынсыз мақтанбаңыз;
  5. Достарымды ертіп келгенде ықыласпен қарсы алыңыз, достарымның, елдің алдында қателігім мен мінімді айтып, мені жерге қаратпаңыз;
  6. Тату болыңыздар, бір-бірлеріңізді сыйлаңыздар, кешірімшіл болыңыздар! Татулықтың жөні осы екен деп біріңді-бірің жаңа көргендей аймаласып, ерсі қылық көрсетпеңіздер!
  7. Балаңыздың қойған сауалына мүмкіндіктің барынша дұрыс жауап беріңіз, елеусіз қалдырмаңыз. Әсте балаңыздың бетінен қақпаңыз!
  8. Бастаған шаруаңызды соңына шығарыңыз, басын бастап, аяғын тастап кетсеңіз болмайды, өнімсіз еңбек істемеңіз!

Әке мен бала арасындағы келісімде ата-ананың бала тәрбиесіндегі қатаң ұстанымы мен балалардың ата-аналарына деген көкейіндегі сәби тілектері бейнеленген. Айтылған сөз бен тілек тек француз жұртына ғана емес, біздің қазақ жұртына да керек-ау пікірдеміз.

Дайындаған: Сұңқар Ақбоз

Сурет: kerekinfo.kz

M. Auelkhan