Балаға қалай үй жинатуға болады?

Балаға қалай үй жинатуға болады?

Бала болу оңай емес. Мектеп, үй жұмысы, достар. Осының арасында үй жинауға уақыт қайдан табылсын? Уақыт тұрмақ, заманауи балардың үй шаруасына көмектесетін ынтасы да болмайды. Сенбілік сіз үшін де, балаңыз не іні-қарындастарыңыз үшін нағыз тозақ болды ма? Ендеше мына кеңестерді оқып, баланы үй жинатуға қалай көндіруге болатынын біліңіз.

Бұл жағдайдың бірден бір дұрыс шешімі сіздің шыдамдылық танытуыңыз. Қырсық баланың қатарына түсіп, онымен балаша ұрсысқанның орнына, сабырлық пен байыптылық көрсетіп, айлакер болғаныңыз жөн. Стратег болуға тырысып, балаға үй жинаудың қажеттілігі жайлы басқаша түсіндіруге тырысыңыз.

Балаңыздың бөлмесінен оған ерекше қымбат бір затты алып тастап, тығып қойыңыз. Ол ұялы телефон,  компьютер, не басқа да нәрсе болуы мүмкін. Бастысы балаңыздың жүрегіне жылы, күнделікті қажет зат болуы. Оны бір, қажет болса, бірнеше күнге тығып қойыңыз. Көп ұзамай балаңыз өзі-ақ бөлмесін тап-тұйнақтай қылып жинап қояды.

Балаңыз достарымен киноғa не басқа бір жерге қыдыруға жиналды ма? Бөлмесінде сондай былық болып жатқанда қандай кино жайлы сөйлесуге болады? Бөлмесін жинамағанша оны ешқайда да жібермеңіз. Келесі жолы бір жаққа қыдырмас бұрын, өзі-ақ үйді реттеп кетеді.

Баланы материалды ынталандыру жаман деп кім айтты? Сізге жұмыста сыйақы төлемейді ме? Баланың жұмысы бөлмесін жинастыру болса, неліктен ол сол үшін төлемақы алса болмайды? Балаңыз еш айтпастан бөлмесін жинастырып қойды ма? Ендеше сол үшін рақметіңізді білдіріп, кішігірім сыйақы беріп қойыңыз. Алайда, бұны баланың ақша көзіне айналдырмай, сенің жалақың мынанша деп келісім істеп, ақшаға екпін қоюдың қажеті жоқ.

Балаларыңыздың есімдері жазылған қабырғаға ілінетін кесте істеңіз. Оны балалар бөлмесіне іліп қойыңыз. Балаңыз айтпастан үй жинап, сенбілікке белсенді қатысса, кестеге жұлдызша, күн не басқа кез келген белгі салыңыз. Әр жиналған бес, он, он бес белгіге оған сый беруге уәде етіңіз. Ол оның орындалмай жүрген арманы, жаңа ойыншық, не киноға серуен болсын.

Баланың бөлмесі оның мекен ететін жері. Егер ол шашылған қағаздар мен киімнің арасында өмір сүргенді ұнатса, сіздің істер шараңыз аз. Бөлмесіндегі апай-топайды көріп айғайлап бас салудың қажеті жоқ. Өз бөлмесіндегі тазалық балаңыздың өзіне керек екенін түсіндіруге тырысыңыз. Сонда айқайлап ұрысудың да қажеті болмайды.

Cурет: flymama.info 

С. А