Өзім сүймейтін адамға тұрмысқа шыққалы жатырмын

Өзім сүймейтін адамға тұрмысқа шыққалы жатырмын
Фото: pixabay.com

Сәлеметсіздер ме, құрметті оқырмандар! Өз өмірімде болып жатқан оқиғамен бөліскім келеді. Жақын арада тұрмысқа шыққалы жатырмын. Бірақ болашақ жарымды сүймеймін. Жүрегімде басқа адам бар. Болашақ жарымды қанша ұнатуға тырыссам да, қолымнан келер емес, бұрынғы жігітім ойымнан шықпайды. Негізінде сүйген адамыммен бас қосуға ата-анам қарсы болды. Барынша ата-анамның ойын өзгертуге тырыстым, бірақ қолымнан келмеді. Оның үстіне сүйгеніммен бақытты боларыма да күмәндандым, себебі ол өте қызғаншақ болатын және сол қызғаншақтығы үшін күн сайын жанжалдасатынбыз. Ата-анам көнбеген соң, асығыстық шешім қабылдап, қазір тұрмысқа шыққалы отырған жігітіме "ия" деп жауап бердім. "Өзің сүйген емес, өзіңді сүйген адаммен бақыты боласың" деген сөздің жетегінде қалып қойдым ба білмеймін. Бұрынғы жігітімнің алдында өзімді кінәлі сезінемін, алайда, өзім де бақытты емеспін!

Автор: Құпия ару

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі – біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі – біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнінсіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com

Құпия ару қазір бірнеше жол торабында қай бағытты таңдай алмай тұрғаны белгілі. Біз сізге бірнеше нұсқа ұсынамыз.

• Егер шегінерге жолым жоқ десеңіз, өз санаңызбен, бейсанаңызбен жұмыс істеңіз, яғни қазір тұрмысқа шыққалы отырған жігітіңізді жақсы көру үшін барыңызды салыңыз. Оған басқаша көзбен қарап, жақсы қасиеттерін ақ параққа тізіп шығыңыз. Не себепті сіздің махаббатыңызға лайық емес?  Алдыңғы жігітіңізбен салыстырғанда артықшылықтары мен кемшіліктері қандай? Мүмкін бұл жігітіңіз шынында да одан жақсы шығар, тек сіз жүрегіңізге әмір жүргізе алмай жүрген боларсыз. Болашақ балаларыңыз қай жігітіңізге ұқсағанын қалар едіңіз? Олар да сондай орынсыз қызғанып, келініңізбен күн сайын жанжалдасып жүрсе қайтесіз? Осы таңдауыма бекіндім десеңіз, бірінші жігітіңіздің ұнамсыз қасиеттерін көбірек ойлап, оны жек көріп кетуге тырысыңыз. Болашақ жарыңыз сіз сияқты бұрынғы махаббатын ойлап жүрсе қандай күй кешер едіңіз, оның орнына өзіңізді қойып көріңіз. Ал өткен заманға көз салсақ, ешкім өз сүйгеніне қол жеткізген жоқ, алайда олардың барлығы бірдей бақытсыз дей алмаймыз. Арада бала пайда болғаннан кейін сезім де бұрынғыдан күшейе түседі, оның сіз өмірге әкелген балаға мейірленгенін, қамқор болғанын, жаны шығып кете жаздап бірге қиналып, бірге қуанғанын көргенде кез келген адамды жақсы көріп кетуге болады деп ойлаймыз.

• Егер алдыңғы жігітіңізден бас тартудың жалғыз себебі ата-ана болса, онда жүрек қалауыңызды орындаңыз, яғни сонымен бірге қалыңыз. Мүмкін ол сізді тойдан бұрын алып қашып кетеді? Ата-анаңыз сізге қарсылық пікірін танытқанымен, оларға ең бастысы сіздің бақытты болуыңыз маңызды екенін біліңіз, сіз қандай таңдау жасасаңыз да, олар қанша ренжігенімен көндігеді. Бастысы өзіңіз бақытты бола алатыныңызға, ертеңгі күні жылатпайтынына, қандай жағдай болса да, төркініңіздің есігін қайта қақпайтыныңызға нақты сенімді болыңыз. Алайда біз сіздің хатыңыздан «ол жігітпен де бақытты бола аларыма күмәнім бар» деген сөзді оқыдық. Демек, ата-анаңыздың пікірі мен қызғанышынан бөлек басқа да себептер бар шығар. Ал тек қызғанышына бола бас тартуға болмайды. Кімге тұрмысқа шықсаңыз да, бәрібір сол адамға бағынышты болып, құрбыларыңызды да, артық жиын-отырысты да ұмытуға тура келеді. Сонда жігіттің қызғануына ешқандай себеп қалмайтындай жағдайды өзіңіз туғызасыз. Нақты қандай әрекеттерден қызғанантынын білсеңіз, сол істерден тыйылу сүйген адам үшін еш қиын емес.

• Ал шынында да екі жігітпен де бақытты өмірді көріп тұрған жоқпын десеңіз, онда екеуінен де бас тартыңыз. Тура той күні бас тартаныңызды айтсаңыз да, ешкім сізді мәжбүрлеуге қақысы жоқ. Тойдың болмай қалғанына күлгендердің пікірінен де, ата-анаңыздың алдындағы жауапкершіліктен де, қазірге дейін той дайындығына жұмсалған шығындардан да – барлығынан сіздің тағдырыңыз маңызды. Туыстар, дос-жаран сізге тұрмысқа шығатын уақыт өтіп бара жатқанын айтса да, олардың пікірі үшін өз бақытыңызға балта шаппаңыз. Бүгін жасаған таңдауыңызға өкініп, бір айдан, бір жылдан кейін кері шегіне аламын деп ойламаңыз. Барлығын неке қиылғанға дейін ойланып, дұрыс шешім қабылдауыңыз керек. Ертеңгі күні балаларыңыз өзіңіз сүймеген адамға ұқсағанын, олардың күнде ұрыс-керістің арасында бақытсыз отбасында өскенін қаламасаңыз, өмірлік жарыңызды таңдауда еш асықпаңыз. Мейлі жасыңыз қырыққа жеткенше жалғыз жүрсеңіз де, жаратқан сізге өзіңізге лайық, өз адамыңызды міндетті түрде кездестіреді. Бұл жігіттерден кейін кімді табамын деп алаңдамаңыз. Таңдау еркіңізде. Әсер ететін сыртқы факторларды, басқалардың өсектеуін, пікірін, келеке етуін – түгел санаңыздан сызып тастап, өз жүрегіңізді ғана тыңдаңыз. Сіздің бақытты отбасы құрғаныңыз өзіңізге ғана керек.

Ал сіз қандай кеңес бересіз, оқырман?

@. @assel_assanova