Әпкемнің мінезі нашар

Әпкемнің мінезі нашар
Фото: flickr.com

Менің жасым 23-те. Бір үйде үш қызбыз. Ортаншы əпкем тұрмыста. Үлкен əпкемнің жасы 32-де, тұрмыс құрмаған, қазір бізбен бірге тұрады. Мен ауылда мектепте мұғалім болып жұмыс жасаймын. Анам да мектепте істейді. Əкем 4 жыл бұрын қайтыс болды.

Осы уақытқа дейін ауылда анам екеуміз ғана тұратынбыз. Қазір үлкен əпкем бізбен бірге тұрып жатыр. Үйде маза жоқ, əпкемнің мінезі өте нашар. Күнде ұрыс-керіс, берекеміз кетіп қалды. Анамды сыйламайды, "сен" деп сөйлейді. Ақыл-есі дұрыс, психикалық ауытқушылығы жоқ. Бірақ ауызы бір жабылмайды, балағаттап сөйлейді, нəрсені үнемдеуді білмейді. Бар білетіні үйдегі заттарды «ескіріп қалды» деп өртей береді. Маманың студент кездегі, жас кезіндегі естелік суреттерін өртеп жіберді. Үйдің ішін ойына келгенше ауыстырып,  бəрін өртеп, үйде түк қалдырмады.

«Алматыңа баршы» десем, «кетпеймін, осында қаламын» дейді. Не жасаған жұмысы жоқ, не тапқан табысы жоқ. 8 айдай болды. Анам кезінде оқуға түсірген, оны да аяқтамады. Шаршатып жіберді. Құдай өзі кешірсін, қатты шаршағанда жылап, өліп қалса екен деймін. Үйде тыныштық жоқ, анам екеуміз əпкеммен сөйлеспейміз. Жалғыз өзі отырып, шай-тамақ ішеді. Не істесек болады? Не күйеуге тимейді? Мінезі жаман. Туған əпкем ғой, бір жағынан жаным ашиды... Қалай түзесе болады? Өтінемін, көмектесіңіздерші, қатты қиналып кеттім...

Автор: Құпия

 

Жоғарыдағы хат үшбу хат парақшасына жолданған. Парақша қолданушылары төмендегідей ақыл-кеңес айтыпты:

1. Неге анаңыз екеуіңіз отырып сөйлеспейсіздер? Мүмкін, өздеріңіз мінезі нашар деп бөлектей беретін шығарсыздар?

2. Мүмкін оның ішінде біреуге деген ыза-кек бар шығар, ашуын сендерден алғаны болар. Жақсы психологқа бірге барып, мән-жайын ашып көріңіздер.

3. Күйзелістегі, қиналып жүрген адамның әрекеті ғой. Ондай жағдайда адам жан-жағына зарбадын тигізіп жүреді. Түзелуді санасына берсін.

4. Алматыдан келіп, қалаға бармауына қарағанда, бір пәлеге ұрынған болар. Оның іші тұнған мұң мен шер ғой. Ешкімге айта алмай жүрген секілді. Өзіңіз көмектесе алмайсыз, анаңыздан асқан ақылшы жоқ, оның үстіне анаңыз мұғалім, жақсы психолог болары сөзсіз.

5. Анаңызды алып, қалаға болмаса басқа жаққа кетіп қалыңыздар. Жалғыздықтан торығып, анасының қадірін түсінетін болады.

Ал сіздер құпия қызға қандай кеңес бересіздер, құрметті Массагет оқырманы?

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі  біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі  біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com

Г. Берік