Болашағыма балта шабылғандай

Болашағыма балта шабылғандай
Фото: Серик Байбульсинов,

Балалар үйінде әркім өзі үшін жауап береді. Мұны сол жерге түскен кезде түсіндім. Теледидардан көрген кезде ол жер әдемі, ал адамдары мейірімді болып көрінеді. Бізде ондай болмады. Біреу-біреуді ұрып жатқан кезде тәрбиешілер үндемейтін еді. Сол уақыттан бері адамдарға қатты ренжулімін.

Ал жасым 18-ге толған кезде мені өз нанымды өзім тауып жеуге жіберді. Көп бала мұндай жағдайда еркіндікті сезінетін шығар, бірақ мен керісінше жапанда жалғыз қалғандай күй кештім. Қолымнан ешнәрсе де келметін еді. Тамақ жасай алмайтынмын, ал шұжық сатып алып жеуге ақшам болмады. Мені құрылысшылар тұратын жатақханаға орналастырды. Сол жерде таныс арқылы қара жұмысқа орналастым.

Сурет салып, әуен тыңдағанды жақсы көремін. Кейде, тіпті, қоғамнан қашып кеткім келетін әдетім бар.

Өзім толықпын, бойым қысқа, мені көптің арасынан ерекше қыз деп байқау мүмкін емес.

Жұмыстан қайтып келе жатқан кезде қымбат мейрамханалар мен дәмханалардың қасынан өтемін. Ол жерге кіруге мүмкіндігім жоқ, тіпті, қағанат асханаларында отырып тамақтана алмаймын. Сол мейрамхаалардың алдында сұлу жігіттер бойы ұзын, әдемі бояу жаққа қыздарға қолын созып, оларды көлігіне шақырады. Әсем қала Алматының әдемі жерлеріне алып баратын шығар. Мен кіммін? Менің ешбір танысым жоқ. Түрімнің ұсқынсыздығынан әдемі жігіт қарап, қымбат мейрамханаларға шақырады деп ойламаймын. Неге бұлай? Тағдырыма лағнет айтқым келеді. Ата-анам да жоқ, таныс-тамырым да, болашағым да жоқ.

Осылай жүргенімде құрылыста бірге істейтін таныстар кешкілік отырысқа шақырды. Сол жердегілердің бірі «Мені сыйламайсың ба, неге ішпей отырсың?» деді. Бәрінің көзінше бетін қайтаруға ұялып, шарап іштім. Ақырында жігіттердің бірі тиісіп тынды. Енді өмірімнің не болатынын білмеймін. Теледидардағы «Астанаға көктем кеш келеді» деген кинодағыдай. Құдайға шүкір, аяғым ауыр емес. Бірақ бұдан кейін жақсы ер-азаматты жолықтыратыныма күмәнім бар. Шыққан отбасым болмаса да, өз отбасымды құрып, мәңгілік бақытты боламын деп ойлаушы едім. Маған ақыл-кеңестеріңізді беріңіздерші. Басым әбден қатты... Және еш уақытта шарап дегендерге жоламаңыздаршы.

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com

Қ. Бүйенбай