Бір перзентке зар болдым

Бір перзентке зар болдым
Фото: wattpad.com

Қымбатты құрбыларым! Менің басымдағы оқиғаны ешкімнің басына бермесін деймін. Мен сіздерге жан сырымды ақтарғым келеді. Басынан бастайын. 

4 курстың студенті едім. Ата-анам жоғары оқу орнына түскен сәттен бастап, жігіттермен сөйлесуіме рұқсат берген. Өзім қарапайым болса да өте мәдениетті, білімді отбасыдан шыққан қызбын. Сондықтан қай қадамымды болсын, ата-анаммен ақылдасып басқанды жөн көрем. Тағдырдың жазуы сол болды ма, 1-3 курс арасында ешкіммен кездесіп, жігіттермен сөйлесіп көрмеппін десем, өтірік айтқаным емес. "Әлі ерте" деп ойлайтынмын. Сөйтіп жүргенде, 4 курсқа өткенімде, ата-анам "көңіл жарастырып жүрген жігітің бар ма?" деп жиі сұрайтын болды. Отырып қалады деп қорықты. Осылайша күліп қараған жігіттермен танысуды бастадым. Шынымды айтсам, ешкімге жүрегім жылыған жоқ. "Ақ боз атты ханзадам әлі келеді" деп мен де кез келген арманшыл қыз сияқты жақсылықтан үміт еттім. Сөйтіп жүргенде қаладағы клубтардың бірінде даяшы болып жұмыс істейтін жігітпен кездейсоқ танысып қалдым. Танысуымыз да қызық болды. Жас болған соң, құрбыларға еріп, көңіл көтеретін орындарға барасың. Клубқа барсам да, үнемі би алаңына шықпай, өз-өзіммен үстел басында қалғанды ұнататынмын. Басқалардың қалай билеп, көңіл көтеріп жатқандарын сырттай бақылау қызық көрінетін. Қысқа көйлек кимесем де, шашымды жіберіп, клубқа сай сәнденіп баратынмын. Әлі есімде, көктемде жақын құрбылар жиналып, жиі қыдыратын болып кеттік. "Студент кезіміздің соңғы жылы ғой" деп өз-өзімізден ештеңе аямадық. Сондай күндердің бірінде клубта құрбыларым би алаңына шығып кетті. Мен болсам, әдеттегідей үстел басында отырып-отырып, "далаға шығып, ауа жұтып қайтайын" деп сыртқа жалғыз шықтым. Көп уақыт өтпей кірсем, біз отырған үстел маңы абыр-сабыр. Бір қыздар мен құрбыларым сөзге келіп жатыр екен. Сөйтсем көрші үстелде отырған қыздардың бірі ұялы телефонын ұрлатып алыпты. "Осы жаңа сендердің құрбыларың жалғыз өзі отырған" деп ұрлықты маған жауып жатыр екен. Жүрегім су ете түсті. Біреудің сөмкесін ашып, телефонын ұрлау деген ой басыма кіріп те шықпапты. Құрбыларым менің қандай адам екенімді біледі. Мен де "алмадым, дәлелдеңдер" деп шыр-пыр болдым. Сол кезде даяшы жігіт жанымызға келіп, "жоқ, бұл қызды мен кіргеннен бақылап жүрдім, далаға шығып бара жатқанда қолында ештеңе болмаған, салып алатын қалтасы да жоқ" деп маған араша түсті. Расымен тек көйлекшең сыртқа бір шығып, ауа жұтып, қайтып кіремін деп кеткен бетім еді. Ұялы телефон, әмияндарым үстел басындағы сөмкеде жатқан. Осылайша сол жігіт мені қорғап қалды. Осы оқиғадан кейін құрбыларым "мына жерден тез кетейік" деп, кетуге асықты. Сөйтіп асығыс заттарымызды алып, сыртқа шығып кеттік. Даяшы жігіт артымнан келіп, телефон нөмірімді алып қалды. Таныстығымыз осылай басталған еді. Оның мені қорғағанына ішім жылып қалса да, ешқашан бұл жігіт менің өмірлік жарым болады деп ойламаппын...

Даяшы жігіт маған жиі-жиі хабарласатын болды. Ішім пысқанда сөйлесетінмін. Арада екі айдай уақыт өткенде сезімін білдірді. Мен, әрине, "жоқ" деп жауап бердім. Шыны керек, оған жігіт деп те қарамадым. Клубқа келген кез келген қызға солай "сүйем, күйем" деп айтатын болар деп топшылап, сезімінің шынайы екеніне сенбедім. Хабарласқанда, қалжыңдасып қана сөйлесіп жүрдім. Бір күні әлгі жігіт сезімін тағы да білдірді. "Ешқашан қыз баласының артынан жүгірем деп ойламаппын, сені бір көргеннен ұнаттым" деді. Мен ойланатынымды айттым. Бір аптадан кейін "бәрібір жігітім жоқ, жігітпен жүріп көрейін" деп ойлап, оған да осы ойымды жеткіздім. Ол қатты қуанды. Мен бұрын "махаббат, сезім дегендер бұл өмірде жоқ" деп санайтынмын. Бірақ бұлардың бар екенін сол жігітке қарап білдім. Маған көзсіз ғашық болды. Мен десе, жанын беруге дайын тұратын. Оның намысына тиетін сөздер айтып жатсам да, өз дегенімді істесем де, ол маған бір ауыз ауыр сөз айтқан емес. Мен оны тіпті басынып кеттім. Сөйтіп жүріп, 4 курсты да аяқтадым. Дипломымды қолыма алып, ауылыма кетем деп дайындалып жүргенімде, сол жігіт келіп, маған ұсыныс жасады. "Өмірлік жарым болшы" деді. Мен "жоқ, саған деген сезімім жоқ" деп шындықты айттым. Ол "білемін, білсем де, бәріне көнемін, тек жанымда болшы" деді. Мен "жоқ" деуден танбадым. Осылай салғыласып тұрғанымда, жанымызға ақ машина келіп тоқтады. Ішінен екі жігіт түсті де, мені көтеріп алып, машинаға мінгізді. Мен басында не істерімді білмей, кейін "қайда?" деп айқай салып, қарсылық таныта бастадым. Сол кезде барып, ол жігіттің қалжыңдап жүрмегені, істің шын мәнінде менің басымда болып жатқаны миыма жетіп, өкіріп жылай бердім. "Босат" деп жылай-жылай үнім шықпай қалды. Мен қатты қорландым. Несін айтайын, өзімді жалғандағы ең бейшара адам сезіндім. Қаланың шет жағындағы ауылға келдік. Үйіндегілер шашу шашып, мені үйлеріне кіргізді. Қатты қарсылық танытпадым, қарсыласатын дәрменім де жоқ еді. Тек егіліп жылай бердім. Көз жасым бір тыйылмады. Ата-анам "бір үйдің табалдырығын аттадың ба, одан қайтып шықпа" деп үйреткен. Ата-анамның менің үйге қайтып барғанымды құп көрмейтінін бірден сездім. Расымен солай болды. Ата-анам мені қайтып әкетуге тырыспады. "Қыздың басында билік жоқ, бәрі енді өзіңе байланысты" деді анам.  

Осылайша менің өксікке толы отбасылық өмірім басталды. Әлгі жігіт бүкіл салтанат аяқталып, ел аяғы тынышталған соң, өзгерейін деді. Менің оған бұрын айтқан сөздерімді енді ол маған айтатын болды. "Топас, есек, мисыз, сен не білесің, жартыбас" деп кете беретін сөздерге етім үйреніп те кетті. Тіпті, күннен-күнге өзгеріп, мені адам құрлы көрмейтін халге жетті. Басымнан нұқып қалу, иығымнан салып жіберу, бетімнен шапалақпен сарт еткізу күнде қайталанатын әдетке айналды. Мен сол үйдің күңіне айналғым келмеді. Олар менің сол үйдің отымен кіріп, күлімен шыққанымды қалайды. Мен күң емеспін ғой, айтыңыздаршы. Мен де адаммын ғой. Мен үй қызметшісі емеспін ғой. Олар бұны түсінбеді. Бір күні енеме "шаршап жатырмын, тамақты ұйықтап тұрып жасайын" деп едім, күйеуім шашымнан тартып құлатып, тепкінің астына алды. Шыңғырып жатқанымда ешкім араша болмады сонда. Мәселе тек үй шаруасында емес, "ата-анамды сыйламайсың, мені жақсы көрмейсің" деп күнде ұратын. 

Арада бір жылдай уақыт өтті. Менің бақытсыз өмірім жалғаса берді. Күйеуімнің табысы ештеңеге жетпеді. Менің мамандығым бойынша ауылда жұмыс жоқ. Қалаға пәтер жалдап шығайық десек, ата-анасы қарсы болды. Отбасының тұрмыстық жағдайы нашар екен. Үйге кіретін кіріс азық-түліктен артылмайды. Күйеуімді сүйсем, бәріне шыдар едім. Ол мені қанша ұрып-соғып, тепкілесе де, күштесе де, мен оны сүйе алмадым. Махаббат деген сезім басыма келіп қонбады. Енді тек бала қаладым. "Балалы болсам, өмірім өзгерер" дедім. "Осы қарғыс атқыр үйге бала береке әкелер" деп сендім. Бірақ бұл тілегім әлі де арман күйінде қалып отыр. Мені тағдыр неге осынша сынап жатқанын өзім де түсінбеймін. Өзім сүймейтін адамға қосылып, нашар тұрмыс кешу, күйеуімнің туған-туыстарымен нашар қарым-қатынаста болу, балалы бола алмау – менің басыма жазылған жазмыш осы ма?! Шынымды айтсам, тырысқым келмейді. "Келін тікбақай" депті енем бір кісілерге. Иә, ол рас, кезінде мені күштеп әкелген – өзінің баласы. Өзім сүйген адам емес ол. Мен бейбақ ер мен әйелдің арасындағы махаббат дегеннің не екенін түсінбей өтетін сияқтымын. Кинодан, кітаптан ғана махаббаттың бар екенін көрем де, қызығам. Бұл күнде күйеуімнің де маған деген сезімі өшіп бара жатқан сияқты. Ол жұрттың сөзіне ереді. Не десе, о десін, елде шаруам жоқ. Жаныма бататыны – бір перзентке зар болғаным... "Жығылғанға жұдырық". Бар үмітім – тек бір перзент. Сол ғана бәрін өзгерте алатындай көрінеді. Жақсылықтан күдер үзбеймін. Қашанға дейін шыдар екен қу жаным?! 

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com

М. Оңғарова