Әкемнен мұндай әрекетті күтпеп едім...

Әкемнен мұндай әрекетті күтпеп едім...
Фото: Гаухар Зукенова

Сәлеметсіздер ме, оқырмандар. Жасым 19-да. Сіздерден ақыл-кеңес сұрайын деп едім.

Әңгіме әкем жайында. Ол 10 күндік қызметте жұмыс істейді. Шілде айында анам басқа қалаға тойға кеткен еді. Әкем ол кезде үйде. Анамды шығарып салып, үйге келіп, киініп, қайтадан шығып кетті. Үйде жеңгем, інім мен сіңлім төртеуміз едік. Түн болғанда да үйге келмеді. Ойымызда ештеңе жоқ.

Таңертең үйге қайтып келді. Маған «басқа әйелге барды» деген ой келді. Таң ата келгеніне өзі ұялған да жоқ. Содан бері біраз уақыт өтті. Өзгеріп кетті.

Әкемнің жасы 55-те. Анамның алған киімін киіп, жүре беретін еді. Қазір сәнденетін болды. Өзі киініп, иіссу сеуіп, смартфон алып, watsapp-қа кіретін болды. Телефонын қуаттайтын кезде де кетпей, шұқылап отырады. Әкем болса да, опасыздығын сезіп, жек көре бастадым. Бір күні телефонын ұмытып кетті. Бірден алып, смс хаттарын оқыдым. Онда: «Жаным, мен мәңгілік сендік болсам арман бар ма, сүйіктім» деп жазған хаты тұр. Мен сол адамның нөмерін жазып алдым. Хатты суретке түсіріп алдым. Әкемді жек көріп кеттім. Жасы 60-қа таяғанда бұл не жүрісі?! Көргім де келмей кетті.

Бір күні ол кешке жұмысқа кететін болды. Мен таңда тұрып алдым. Қасыма телефонын қуаттауға қалдырып, өзі сыртқа шығып кетіпті. Дереу watsapp-ты ашып, хаттарын оқыдым. Енді бәрін біліп алғанымда, сырымды кімге айтарымды білмеймін. Апаларым мен ағам бар. Апаларыма айтайын десем, олар уайымдайды. Ағам жұмыста.

Сөйлесіп жүрген әлгі әйелінің нөмері менде сақтаулы. Кейде жазғым келеді. Бірақ оған не айта аламын? Ол әйелдің балалары бар көрінеді. Үй ішіне айтсам бізді тастап, соған кете ме деп қорқамын. Не істеуім керек, жамағат?

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massagetkz@gmail.com.

Ф. Абилова