Мен енді үйден шығуға қорқамын

Мен енді үйден шығуға қорқамын
Фото: Мадина Көпжасарова

Сәлем қыздар. Маған сіздердің көмектеріңіз керек. Мен Астана қаласының тұрғынымын. Жасым 19-да. Былтыр колледж бітіргенмін. Денсаулығыма байланысты ЖОО-ға тапсыра алмадым. Себебі былтыр колледж бітірерде қатты аурып қалғанмын. Оны еске түсіру мен үшін тым ауыр. Негізі мен 8 жылдан бері қант диабетімен ауырамын. Содан да шығар. Бірақ тағы бір жағдай бар. Бәрі түсінікті болу үшін мен басынан айтайын.

Колледжде бір қызбен бірге оқуға түскенбіз. Бірақ ол қыз екінші курста жеке мәселесіне байланысты басқа оқу орнына ауысты. Және ол мәселесіне мені де қатыстырып кетті. Ұстаздарымыз маған ол қыз жайлы талай рет ескерткен еді. Бірақ мен мән бермеген болатынмын. Тәжірибе жинақтап жүргенде көшеден кездестірген едім. Мүлде сөйлеспедік, танымағандай кейіп таныттым. Тағы бір мәселеге араластырар деп қорықтым. Ал бір айдан кейін ауырып реанимацияға түстім. Сол кезде түсімде үнемі сол қызбен алысып жүретінімді көргенмін.

Ауруханадан шыққаннан кейін жағдайым мүлде қиындап кетті. Жүріп, өздігімнен дәретке отырып, тіпті тамақ іше алмайтын дәрежеге жеттім. Әке шешем жақсы деген дәрігерлерге қаратты. Ең мықты деген емші көріпкелдерге де сурет арқылы қаратты. Мен ол кезде бәрінен күдерімді үзгенмін. Және өзіме қара дуа жасалғанын айттым. Бірақ маған ешкім сенбеді.

Дәрігерлер оқу өтіп кеткен десе, көріпкелдер шынымен қара дуа жасалғанын айтты. Күн сайын әке шешем мен бауырларымның көз жасын көру маған қиынға соқты. Мен сол кезде бәрінен безініп, өзіме қол салмақшы болғанмын. Бірақ мен үшін шырылдап жүрген әке-шешемді тастап кете алмадым.

Көріпкелдер қара дуаны жасаған адамға кері қайтаруға болатынын айтты. Бірақ мен молдаларға қаралдым. Қазір бәрі жақсы. Бұрынғы қалпыма қайта оралдым. Бірақ көшеге шығудан қорқамын. Себебі ол қызды кездестіргім келмейді. ЖОО-ға тапсырғым келеді, бірақ қорқамын. Оқу өтіп кеткен деген сөзді кері естігім келмейді.

ЖОО-ға тапсырмасам қызыл дипломым күйіп кетеді. Шын мәнінде мен сол адамды қайдан, қашан кездестіріп қалам деген күдікпен өмір сүріп жатырмын. Өзім үшін емес әке-шешемнің қиналғанын көргім келмейді. Енді ондай жағдайға шыдай алмайтындаймын.

ЖОО жайлы сөз қозғалса маған оқу өтіп кеткенін айтып әзілдеген боламын. Бірақ бәрі жалған. Мен өте қатты қорқамын. Әке-шешемнің жылағанына шыдай алмаймын. Көшеде оған ұқсас адамды көрсем қол-аяғым дірілдеп дәрменсіз хәлге түсемін. Не істерімді білмеймін. Ақыл айтыңыздаршы, маған қорқынышымды жеңуге көмектесіңіздерші?

Автор: Құпия қыз

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

Ф. Абилова