Жігіттің бәрі оңбаған емес

Жігіттің бәрі оңбаған емес

Күні кеше Құпия қыздың қала жігітіне алданғаны туралы хаты шықты. (Ред. Бұл жазба мында: Қала жігітіне алданған ауыл қызының хикаясы). Сол хатты оқып отырып, өзімнің де басымнан өткен оқиғамды баяндағым келеді. Мен ҰБТ тапсыруға барғанда, бір жігітпен таныстым. Ол менің артымдағы орынға отырды. Мен ҰБТ-ға аса дайындықсыз барған болатынмын, бәрі сол баладан сұрап жатқанын көріп, мен де одан кейбір сұрақтарымды сұрап алдым. Ол сұрақтардың жауабын әлгі бала айтып, маған көмектесті. ҰБТ қорытындысында ЖОО-ға түсетін балл жинай алмасам да, өту баллын жинап, ел қатарлы өттім сынақтан. Егер ол бала көмектеспесе, ең төменгі баллды жинап, масқара болар едім. ҰБТ тапсырып шыққан соң, ол балаға барып, рақметімді айтып, нөмірін алдым. 

Оқуға ақылы бөлімге түстім, ол да сол оқуға түсіпті. Ақыры ол мені өзіне баурап, ғашық етті. Оны бір көрмесем, тұра алмайтын халге жеттім. Үйге әпкеме келіп, бәрін айтам. Әпкем "соның қай жеріне қызығасың?" деп оны ұнатпайды. Ал ол болса, маған ешқандай сезімі жоқ екенін айтты. Оның шындықты бетке айтқанына риза болдым, бірақ, жүрек одан әрі ауырды. Қатты қиналып, "сен не айтсаң да, көнем, тек қасыңда жүрсем болды" дедім. Үйге өкіріп жылап келдім. Әпкем: "не біреу өлгендей өкіріп, жамандық шақырып?!" деп айғай салды. Сондай бейшара халге түсіппін. Ғашық болған адам не істемейді? Сол жігіт менің өмірімдегі ең үлкен махаббатым деп білем. Оны сүйгендей басқа ешкімді сүйе алмаппын.  

Содан бір күні ортақ досымыздың туған күнінде түнде бір бөлмеде оңаша қалдық. Жігіт болған соң, құшақтамай қарап отырмайды. Мен сол жерде не айтса да, көнуге даяр едім, мені пайдаланып кетуіне бар мүмкіндігі бола тұрса да, ол өзін тежеді. Сол әрекетіне әлі күнге разымын. Бүгінде өз жігітімді кездестіріп, оған абыроймен тұрмысқа шықтым, ортамызда бір баламыз бар. Егер сол кезде ол жігіт оңбаған болса, "өзің кінәлісің" деп, кінәнің бәрін маған жабар еді. Сондықтан жігіттің бәрі бірдей оңбаған емес дегім келеді. Өздеріңіз жабысып, сосын "алдап кетті" деп елдің бәріне жамандап жүресіздер! Қатты айтсам, айып етпеңіз. "Таза көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді" демекші, бірінші өздерің жігіттің мойнына асылып, өмірлеріңізге балта шабасыздар. Иә, мен де сезімнің күшімен қателесе жаздадым, бірақ, бағыма орай бәрі жақсы аяқталды. Бұл мәселенің бір ғана шешімі бар - жігітпен түнде оңаша қалмау керек.  

Өзіме оралайын. Кейбіріңіз "сонда бұл өз күйеуін сүймей қосылған ба?" деп ойларсыздар. Жоқ, күйеуімді сүюім басқаша, сүю дегенге қарағанда, сыйластық, өзара түсініктік деуге келетін сияқты. Ол жігітке қосылмағаным үшін кейде сәл өкінем, ақыры қолым жетпей кетті. Бірақ өз күйеуім мен сол жігітті ойша салыстырсам, өз күйеуім бәрібір ыстық, анадан бірге туған бауырым сияқты. Ал ана жігітпен кейде кездесіп, сөйлесіп, сырласқым келеді. Ол да қазір үйленіп, отбасылы болды. Оқу бітірген соң, араласпай кетсек те, әлеуметтік желілер арқылы оған қонақ боп кіріп, суреттерін көріп тұрам. Соған қарағанда, әлі күнге дейін сезімім бар сияқты.

Тобықтай түйінім, сол жігіттің менің сезімімді пайдаланып кетпей, өзін нағыз жігіттерше ұстағаны өмір-бақи есімде қалды. Біздің арамызда қызды қадірлей алатын азаматтар да бар. Неге сондай жақсы азаматтар туралы айтпасқа? Осы себептен хат жолдап отырған жайым бар.    

Автор: Құпия қыз

Сурет: maxisciences.com

Редакциядан: Құрметті қыз-келіншектер! Біреудің қателігі - біреуге сабақ. Біреудің сәттілігі - біреуге бағдаршам! Өз өміріңізді жазбаға түсіріп, бізге хат ретінде жолдаңыз. Күрмеуі қиын тағдыр жолында сырыңызбен бөлісетін сенімді құрбыңыз – Массагет деп біліңіз. Өйткені біз кез келген құпияны автордың аты-жөнісіз жариялаймыз! Поштамыз: massaget.kz@gmail.com 

М. Оңғарова