100 дана ғашықтық хаты

100 дана ғашықтық хаты

Бір жігіт сұлу қызға құлай ғашық болып, шын жүрегімен ғашықтық хатын жаза бастапты. Көп өтпей, бойжеткеннің жауап хаты да келіпті. Алайда, конвертті ашқанда онда ештеңе жазылмағанын көрген жігіт екінші хатын да жіберіпті. Бұл жолы да аппақ қағаз қолына тиіпті. «Ол ештеңе жазбағанымен, маған хат жолдады ғой. Мені ұнатпаса, бүйтпес еді» деген сеніммен хат жолдауын тоқтатпапты. Қыз да жігіттің әр хатына баяғыдай іші бос конвертті жолдай беріпті. Осылайша, арада бір жыл өтеді.

Ақыры жігіттің жолдаған хаты 99 данаға жетіпті. Шын мәнісінде, ол өзінің неше хат жолдағанын білмейтін еді. Бір жыл бойы бос конверт жолдаған қыздан да бұрынғыдай конверт келіпті. «Бұл да бос конверт болар» деп ойлаған жігіт ашып көрместен, суырмасына сала салады. Сол бойы үмітін біржола үзеді де, өзге бақыт іздеуге көшіпті. Арада тағы бір жыл өткен соң, ол өзге арумен бас құрап, шаңырақ көтереді. Ұзақ өтпей, үйін тазалап жүрген келіншек суырмадағы бос конверттерді көреді. Бәрін мұқият бір-бірлеп ашқан келіншектің қолына ең соңғы конверттің ішіндегі хат түседі. «Сүйіктім, тойға киер көйлегімді әзірлеп қойдым. Әу баста-ақ сенен жүз хат алуға бел байлап едім. Құдайға шүкір, тілегім қабыл болып, 99-хатты қолыма алдым. Енді 100-хат келген күні сенімен некелесуге уәде беремін» деп жазылған еді.

Өле ғашық болып сүйген махаббатына қол жеткізе алмаған жігіт қатты өкініпті. Сонда бұл жігіттің табансыздығы ма, әлде бойжеткеннің әсіре романтикаға берілгенінің кесірі ме?!.

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек