Мансап жолында жаңару

Мансап жолында жаңару

Көктем - жаңару кезі. Киім мен стильмен қоса, өз резюмеңізді жаңартып, еңбек нарығындағы өз бағаңызды өсіріңіз.

Резюме

Резюмеңізді ашпағалы көп болды ма? Оны жаңартып, жетістіктеріңізді қосып жазыңыз. Сондай-ақ оны бір қарағанда жағымды көрінетіндей шрифтілер мен өлшемдер таңдаңыз.

Қоғамдық желілер

Өз аты-жөніңізді гуглға салып, өзіңіз жайлы барынша ақпарат табыңыз. Артығын өшіріп, өзгертіңіз. Түрлі қоғамдық желілердегі аккаунттарыңызды жаңартып, белсенді болуға тырысыңыз. 

Киім-кешек

Гардеробыңыздағы барлық киімді киіп көріп, сәннен шыққан, кішірейіп, үлкейіп қалған, жыртылған, өңі кеткендерін аямай лақтырыңыз. Өзіңізді кемелденген, ақылды, өз ісін білетін адам ғып көрсететін киімді сатып алыңыз.

Контактілер

Ұялы телефоныңыздағы контактілер кітапшасын қарап шығыңыз. Қажет емес адамдардың нөмірлерін өшіріп, соңғы кезде жиі телефон соғып жүргендерді жазып алыңыз. Өзіңізге қызықты деген адамдарға бір телефон соғып, кездесу ұйымдастырыңыз. Көптен араласпаған таныстармен кездесу өте қызықты әрі маңызды болып қалуы мүмкін.

Жұмыс орны

Кеңседе күнделікті отыратын жұмыс орнын тазалап, қажет емес заттарды лақтырыңыз. Жаңа қажет деген қалам-қағаздарды қойып, жеке заттарды да ұмытпаңыз.

Ойланыңыз

"Өзіңізді 5 жылдан кейін қалай елестетесіз? Сіздің жақсы және жаман қасиеттеріңіз қандай? Басты жетістіктеріңіз не?" сынды сұрақтарға жауаптар ойластырыңыз. Осылайша өзіңіздің болашақ жоспарларыңызды айқындап, кез келген қызмет бабымен кездесуге дайын боласыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: venusbuzz.com

С. А