Профессор мен ағашшы

Профессор мен ағашшы

Әр деңгейдегі адамдар әртүрлі ойлайды. Дегенмен, құн көзқарасы көп жағдайда бірдей боп шығады екен. Мұндағы себеп, олар өз қолындағы заттың бағасын білгенімен, өзі қол жеткізгісі келген екінші адамның қолындағы заттың құнын біле бермейді. Ал қазақ мұндайда "Біреудікі біреуге қыз көрінер" деп мәтелдей салады. 

Үлкен қалада 40 жыл тұрған профессор қаланың айғай-сүрең тірлігінен жалығыпты. Енді зейнетке шыққандықтан, қолындағы зерттеу тақырыбын алаңсыз жалғастыру үшін әйелімен ақылдасып, екі бөлмелі үйін сатып жіберіп, сахараға көшіп кетпек болады.

Таулы аймақта 30 жыл жасаған бір ағашшы болады. Сонша жыл уақытын жұмсап, тау баурайынан келіскен сарай салып алғанымен, сахараның жазғы тымырсық ыстығынан, қыстағы қар-батпағынан әбден жалығып, қаладан үй сатып алу бекіміне келіпті.

"Құлақтың қасуына масаның басуы дөп келіпті" дегендей, ағашшы безендірген үй профессордың ағасының үйі болғандықтан, екі жақтың да жағдайынан әбден таныс профессордың ағасы бұл екеуін кезіктіреді.

Ағашшы профессор үйінің университет ауласында екенін көріп қатты қуанады. Әрі бұл аулада қоныстанса, өзін зиялы қауым қатарында сезіне алады. Сонымен өз үйінің ақшасының үстіне шамамен 30 мың доллар ақша қосып, бұл үйді қалай да сатып алуға бекиді.

Ал профессор ағашшының үйінің оңашада екендігін, әрі ауласының кең, ток жолдарының қауіпсіз, телефонның іркіліксіз екенін көріп, қатты риза болады. Ол мынадай тамаша ортада өз зерттеу тақырыбын сәтті аяқтай алатынына көзі жетті. Сонымен ол да өз үйін сатқан ақшаның үстіне 30 мың доллар ақша қосып, қалай да осы үйді сатып алуды көңіліне түйеді.

Сонымен саудаға келісу сәтінде профессор ағашшыға:

- Әуелі сіз баға қойыңыз, - деді. Ағашшы сауданың жайын аз да болса білетіндіктен:

- Мен қарадүрсін адаммын. Сіз көпті көргенсіз. Сіз алдымен баға қойыңыз.

- Қаладағы үйді әйелімнің сатқысы келмеп еді. Сатқан күнде де сахарадан сарай сатып алмаймын ғой. Бізге екі ауыз үй де жетер еді, - дейді профессор қулыққа басып.

- Нақты баға айтыңыз. Тым құрығанда, келісуге болады ғой.

Ары-бері ойланған профессор, ағашшыны сынап көрмек болды. Алда-жалда келіспей жатса, әзілдеп тұрмын деп құтыла салуға да болады деген оймен:

- Осы үйімізді баспа-бас ауыстырсақ қайтеді? - деді. Ағашшы профессордың сөзіне сенбей:

- Шынымен де үйді ауыстырмақ ойыңыз бар ма?

Профессор қынжылған бейне танытып, басын изеді. Ағашшы осы кезде шапалағын шарт еткізді де:

- Жарайды. Ендеше ауыстырайық. Осымен бітті.

Профессор қайтып келіп, мынау қуанышты хабарды әйеліне жеткізді:

- Салымымызға орай 30 мың доллар қалтамызда қалды. Сауатсыз адамдар саудадан осындай оңай зиян тартады.

Ал ағашшы үйіне келіп әйеліне:

- Профессор болғанын қайтейін. Ақымақ екен. Көп оқығанның да пайдасы шамалы. Енді қалтамызда қалған 30 мың долларға бір көлік сатып алайық, - деді мәз болып. 

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек