Дүкен ашу

Дүкен ашу

Бұл шағын әңгіме кәсіпкерлікпен айналысып жүрген замандастарыма үлгі болса екен. 

Шетелден оралған досым, жиған-терген қаржысының басын құрап, бір «Жапон тағамдары» дүкенін ашуға кірісті. Дүкен таңдауға көмегімді сұраған соң, ары-бері шапқылап жүріп біраз дүкеннің адресін айтып бердім. Досым сол дүкендердің арасынан бірнеше күн ойланып-толғанып, үшеуін таңдап алды. Ал сосын осы үш дүкеннің әлеуметтік жағдайы, орнының ерекшелігі, айналасындағы адамдардың көп-аз болуын сараптау үшін «Кеңес беру» компаниясына тапсырыс берді. Сонымен олардың насихатымен бір ғана дүкенді таңдап алды. Сосын ремонттау, әшекейлеу жұмыстарына да өзі кірісіп, жұмыскерлерге түсіндіре жүріп, бітірді әйтеуір.

Енді су жаңа дүкен жұмыс бастайды-ау деп ойлап ем, олай болмай шықты. Ол тағы да алаңдай бастады. Сосын ол маған дүкеннің мінін тауып беруге қолқа салды. Оның осыншама ұсақшылдығына күйіп кеттім.

- Әп-әдемі дүкен аштың. Енді тезірек жұмыс бастасаңшы! – дедім сабырсызданып.

- Жоқ, мен жұмыс бастау үшін әлі бір апта кідіруім керек. Дүкенде қонақтардың көңілін қалдыруға мүлде болмайды. Жұмысты дәл қазір бастауға менің сенімім аз. Сондықтан, ақысын төлеймін де, Кеңес беру компаниясынан «мін тапқыш» адам жалдаймын. Ол осы дүкенге келіп, тағамдарымыздан ақысыз ауыз тиіп көруі керек.

- Тым ұсақшыл боп кетіпсің. Әуелі дүкенді ашып, жұмысыңды бастай бер. Мін табыла жатар, бәрі де бірте-бірте түзеледі емес пе?!

- Жоқ болмайды! Мен қонақтарыма тәжірибе жасағым келмейді, – деді ол, – Жұмыс бастаған алғашқы он күнде дүкенге бас сұққандар сенің тұрақты қонақтарың болып қалуы әбден мүмкін. Егер сол алғашқы күндері оларды баурай алмасаң, дүкенді жабуға тура келеді!

- Онысы несі? – дедім мен таңырқап, – Жаңа ғана жұмыс бастаған дүкенде азын-аулақ мін деген болады ғой. Мұны қонақтар да кешіреді.

- Мен байқаған шетелдіктерде келесі жолы деген уәж жоқ. Олар саған тек бір-ақ рет мүмкіндік береді. Алғаш сонда барғанымда олардың ақымақтығына қайран қалғанмын. Сен не айтсаң, соған сене салады. Оларды алдау да тым оңай. Бірақ, досым, олар саған тек бір-ақ рет алданады. Ал сосын мәңгі-бақи саған сенбейтін болады, – деді ол түсіндіріп.

Оның неше күннен бергі тым мұқиятшыл, ұсақшыл боп өзгергенін түсіне бастадым. Өйткені, ол мынау өзінің бірінші дүкені екенін немесе ең соңғы дүкені болып қаларын әбден біледі. Табысқа жету мен сәтсіздік тек алғашқы қадамнан байқалады екен-ау!

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек