Тауық ұясындағы қыран

Тауық ұясындағы қыран

Тау басындағы бүркіт ұясында төрт жұмыртқа бар екен. Бір күні аяқ астынан жер сілкініп әлгі жұмыртқалардың бірі ұядан құлап, домалаған күйі сайдағы тауық өсіретін фирманың шайқалып жатқан жұмыртқаларымен араласып кетеді. Бір жасамыс мекиен әдеттегі тауық жұмыртқаларынан әлде қайда үлкен әлгі жұмыртқаны басуға бел буады. Тауықтар бүркіт жұмыртқасы екенін білмейді. Біраз күн өткен соң жүні үлпілдеген тірнек жұмыртқадан шығады. Алайда, ол шөже қатарында бағылады. Көп өтпей тірнектің өзі де, өзін тауықпын деп сенеді. Тірнек өзін асыраған тауық шешесімен, аға-бауыр, әпке-қарындастарын жанындай жақсы көргенімен, оның жаратылысы тауықтардың тұрмысына көндіге қоймайды. Күндердің бірінде тауық фирмасынан беткейге шығып ойнап жүрген тірнек аспанға қарайды. Ол еркін самғап жүрген қырандарды көреді. «Аһ, мен де олар секілді зеңгір көкте еркін самғай алсамшы!» деп күрсінеді. Ду күлген тауықтар: «Олар сияқты ұшқан неңді алған, сен тауықсың, ал тауық биіктеп ұша алмайды» дейді. Бүркіт аспанда ұшып жүргендердің өзіне айна-қатесіз ұқсас екендігін көрген сайын өзінің олармен бірге ұшуын армандайды. Кейін, ол ұшқысы келетіндігін айта бастаса болды тауықтар түгел оның мүмкін емес екендігін айтып, күлкі қылатын болды. Қыран да бара-бара өзінің ұша алмайтындығына көз жеткізді. Уақыт өте келе ұшуды ойға да алмайтын болды. Тауықтарша тіршілік кеше бастады. Өмір осылайша өте берді. Ақыры ол тауық есебінде өмірден өтті.

Сен өзіңді кіммін деп сенсең, сен – дәл солсың. Сен қыран болуды ойласаң, қыран боласың, ал тауықтардың айтқанына сенсең тауық боласың.

 

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: nipic.com

M. Auelkhan