Үйде кім басшы?

Үйде кім басшы?

Аса құрметті оқырман, еркекпіз, жігітпіз деп кеудені көтеретініміз рас қой, қыздардың қасында. Өзімізді олардан жоғары санап, кердең қағып, еркінсиміз ғой енді. Отбасы болған кезде де бұл отбасының басшысы - мен, айтқанымды екі етпе, хан - мен, патша - мен деп қыздарды, яғни әйелімізді қор көреміз кейде.

Орынды сұрақ туады. Сонда әйелдер еркектерден кем бе? Тіпті осыны оқып отырған мінезі шатақтау біреу болса, айтуы мүмкін: “Немене, біз сонда, кембіз бе олардан? Олар істеген жұмысты біз де істей аламыз. Олар ойлаған ойды біз де ойлай аламыз. Әлде бізді дамымай қалған деп ойлай ма?  Біз де өз құқықмызды қорғаймыз. Еркекпіз-еркекпіз деп қомсына бермесін. Өздерін Құдай көре ме? Бізбен де санассын? Біз не, адам емеспіз бе? Қолындағы күңіміз бе?” - деп бір сілкініп, дір-дір етіп, қалшылдап, құлшылдап, басы қанына шауып ашулануы мүмкін…

Аса құрметті оқырманым, енді осы сауалды екеуміз бірігіп тереңірек қарастырып, мәнісіне үңіліп көрелікші.

Расында, біз айтамыз: “Өмрдің заңы сол – ер адамдар әйел адамдардан артық. Бар билік соларда. Қыз баласы өздерін еркектің алдында еркінсіп аузына келгенін айтпасын” - деп бір тәкаппарлықтың желі есетін әңгімелерді.

Дүниенің заңын жасап шығаратын басқа планетадан келгендер емес. Өзіміз ғой. Яғни, осы жер бетінде жорғалап жүрген біздер. Олай болса, неге билікті отбасындағы әйел адамдарға бермеске? Еркектерге басымдық бергеніміздің себебі не? Ақылға қонатын, сау ақыл қабыл алатын себеп бар ма? Әлде жігіттер өздерінің физикалық күшін пайдаланып, осы заңды, осы стандартты қалыптастырып қойды ма екен?

Бұл сұраққа жауап беру үшін қыз баласын отбасының басшысы етіп көз алдымызға елестетіп көрелік:

Отбасының билігін қолына алған адамда өзінен өзі жанама міндеттер пайда болады. Яғни, жарын асырау керек, бала-шағаның барлық керек-жарақтарын алып беріп, көңілін хош етіп, қанағаттандыруы керек. Солардың тағдырына жауапты болады сол адам.

Бұндай жүкті, ауырлықты сезінген адам әрине өзгереді. Мінезі, қылығы, сөз саптауы. Бұрынғыша арзан, сұйық әңгімелерді айтпайды. Терең ойланады кез келген нәрсеге. Стратегия құрады. Бұндай мәселелермен басы қатып, шақшадай басы шарадай болып жүрген адамның өз перзенттеріне лайықты түрде көңілін бөліп, тәрбиелеп, жеткілікті деңгейде мейірімін төгіп тәрбиелеуге мұршасы келмейді. Өз қайғысына мұрнымен шаншылып жүрген адамда қайдағы мейірім төгу? Қайдағы жылулық?

Демек, ошақтың берекесін келтіріп, түтіннің түзу шығып тұруын қамтамасыз етіп, перзентіне мейірімін төгіп, жылулығын сыйлап тәрбиелеу екінші сыңардың, яғни біздің жағдайда еркектің мойнына түсіп көрсін делік.

Ер азамат сондай жаратылыс  – баланы 10 минуттан артық шыдамы жетіп бағып-қаға алмайды. Ол ол ма? Емшек беріп сүт ішкізе алмайды. Жарайды сүтті ыдыспен берем деген күннің өзінде ер азамат әйел затына ғана тән нәзіктікті, ерекше махаббатты, мейірімділікті, жылулықты өз деңгейінде сәбиге сыйлай алмайды. 

Cондықтан отбасының тізгінін ер азаматқа, бала тәрбиесі мен ошақтың түтініне жауаптылықтың тізгінін әйел затына ұстату ең тиімді шешім болмақ.

Автор: Еркебұлан Қайрахан

сурет: aktobegazeti.kz