Бүгін - мейірімділік білдіру күні

Бүгін - мейірімділік білдіру күні

Мейірімділікті спонтанды түрде білдіру күні (Random Acts of Kindness Day) халықаралық қайырымдылық қорларының бастамасымен пайда болған мереке. Жуырда атала бастаған бұл мейрам халықаралық деп танылды.

Қазақстанда бұл жаңа мейрам әлі кең жайылып үлгермеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл күні ерекше мейірімді болу керек. Жай ғана мейірімді емес, бәріне бірдей шексіз қайырымды болу керек.

Мейірімділік - рахметті күтпейтін, өз істерінің бағалануын, аталуын талап етпейтін сезім. Керісінше жағдайда бұл өзіңізге соншалықты рахат сезімін әкелмейді. Біреуден мадақ естіп, рахметке қарық боламын деп күтпеңіз.

Мейірімді істер мен сөздер өздерінен-өзі сізді рахатқа бөлейді. Біреумен бөлісу, беру, сыйлау - шынымен ізгі істерден.

Әрине біздің заманымызда көбі мұндай "ерлікке" бара алмайды. Өз істерінен алшақтап, уақыт тауып, күнделікті шаруаларды қойып, бөтен, таныс емес адамдардың қамын ойлап, көмектесу - нағыз мейірімділік белгісі. Біз біреуге көмектесу жайлы ойламайтын себебеіміз, өзіміздің басымыздан ондай қиындықтар өткен жоқ. Сол себепті  жиі жағдайда мұқтаж жандарға кедейліктен, аурулардан өткендер қол ұшын береді. Басыңызға қиындықтар туындамасын деп ойлайсыз ба? Ендеше қазірден дайындалып, мұқтаж жандардың қиындықтарын өткеруіне кішкене де болса көмектесіңіз.

Есіңізде болсын, мұқтаж адамға ақшалай көмегіңізден сіздің жылы жүзіңіз, көңіліңіз, бөлген уақытыңыз мың есе артық.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: vk.com

С. А