"Сен бәрібір үйде отырсың ғой". Кез келген ананың көңіліне тиетін сөздер

"Сен бәрібір үйде отырсың ғой". Кез келген ананың көңіліне тиетін сөздер
Фото: ru.freepik.com

Жас ананы кез келген адам ренжіте алады, бірақ оның көңіліне, әсіресе  жақындарының сөздері тиеді. Оған қоса, көпшілік әйел босанғаннан кейін депрессияда жүреді. Сондықтан мына сөздерді баламен үйде отырған анаға айтпауға тырысыңыз.

"Сен бәрібір үйде баламен отырсың ғой"

Үйде баламен отырған кез келген ананың ашуына тиетін сөздің бірі - "сен бәрібір үйде отырсың ғой". Тіпті үйде баламен отырып, қашықтан жұмыс істейтін әйелдің де жұмысына көпшілік "жұмысқа" секілді қарамайды. Мысалы, ол жұмыстан бөлек үй шаруасына да, балаға да уақыт бөліп үлгеруі керек. Осындай қиын кезде оған бәрібір үйде отырғанын айтып бірдеңе өтінсеңіз, ол сіздің бұл сөзіңізді көңіліне алып қалуы мүмкін. Сол секілді жаңа киім алғысы келсе, "сен бәрібір үйде баламен отырсың ғой, ешқайда шықпайсың" десеңіз, оның жанын ауыртасыз.

"Сені баламен жұмысқа кім алады"

Жұмысқа тұруға ниеттенген әйелге жан-жақтан туыстары мен таныстары, тіпті кейде күйеуі "сені баламен жұмысқа алмайды" деп кері тартады. Әрине, жұмыс пен бала тәрбиесін үйлестіру оңай емес, бірақ мүмкін емес нәрсе жоқ. Сіздің қабілетіңіз бен тәжірибеңізге қызыққан жұмыс беруші кішкентай балаңыздың барына қарамастан, жұмысқа алады.

"Оның баласы ағылшынша санап жүр, ал сенің балаң әлі бірде-бір сөз айтпайды"

Заманауи психологтар мен педиатрлар әр бала әртүрлі дамиды деп қанша айтып жатса да, көпшілік балаларды әлі күнге дейін салыстырады. Әр ана өз баласына жамандық тілемейді және барынша оған уақыт бөліп, онымен айналысады.

"Бала босандың ғой, бұрынғы дене пішінің жайлы ұмыт"

Әр адамның ағзасы әртүрлі: біреулер босанғаннан кейін жылдам қалпына келеді, басқалары үшін оған көп уақыт қажет болуы мүмкін. Жас ана өзінің және баланың денсаулығы үшін өзін қатаң диеталармен қинамауы керек. Бірақ дұрыс тамақтану мен жеңіл жаттығулар арқылы өзінің физикалық және эмоционалды саулығына көмектесе алады. Бұл тарапта оған жақындарының қолдауы қажет.

"Балаң әлі еме ма?"

Біреулер емізуді тоқтатқан кезде аса қиналмайды, ал басқалар оны өте ауыр көтереді. Мұндай кезде сіздің оған әр айтқан осы сөзіңіз оның жанына батуы мүмкін. Ана да, бала да дайын болған кезде олар бұл процестен өтеді. Алайда өзін дайындап жүрген анаға бұлай айта берудің қажеті жоқ.

А. Жапатова