Әке көңілі

Әке көңілі

Осынша ғұмырында мені бағып-қағып қиындыққа төзген, ештеңеден қаймықпайтындай, тағдырдың қанша дауылы соқса да, қайыспайтын кәрі емендей боп көрінетін әке жүрегі сонша нәзік болады екен-ау!

Мен оның көңілін абайсыз ренжітіп алдым.

Аз уақыттан бері әкем үйіме келуді қаламайтын болып алды. Бұдан бұрын ол кісі үнемі үйге келіп тұратын. Әр жолы маған ұсақ-түйек тағамдардан тыс, қызыма да ойыншықтар ала келетін. Ал ол кісіге біздің үйден тамақ іше кетуді айтсам, қуанышты түрде келісе кететін. Алайда жуықтан бері келуі азайғанымен, тамақтану кезінде келе қалса «Үйде шешең ас әзірлеп қойды. Ішпей-ақ қояйын» дейтінді тапты.

Әкеме не болғанының байыбына бара алмадым. Көңілін неден ренжітті екем. Бұл жағдай бірнеше айға жалғасты. Бірде әкемді сағынып, телефон шалып төркінімнің маңындағы асхананың тамағын сағынғанымды айттым. Әкем табанда әкеліп беруге қосыла кетті.

Бір сағаттан соң әкем келді де, дереу кетуге ыңғайланды. Мен қалып тамақтануын өтінгенімде «Шешең ас дайындап қойыпты. Мен жүрейін» деді де, шығып кетті. Көңілім құлазып, тамаққа тәбетім тартпады. Ол кісі кеткен соң, шешеме қоңырау шалдым. Телефонда қысқа ғана «Әкеңе ештеңе болған жоқ. Тек үйге келіп тамақ ішкісі келеді. Оның үстіне мен дайындаған ас-тағамға үйреніп қалған. Артық ештеңе ойламай-ақ қой» деді. Телефон тұтқасын қойғаныммен, әлде бірдеңе болғандай көңілім алаңдай бастады. Мен шынында да әкемді ренжітіп алған сияқтымын. Дереу киініп, төркініме жол тарттым.

Әкем менің келгенімді көрген соң ыңғайсызданып қалды. «Сен шешеңмен әңгімелесе бер» деді де, шығып кетті. Әңгімелесу барысында бір-ақ түсіндім. Сөйтсем әкем үйге келгенде, мен ол кісіге үнемі бір рет қана істетілетін қасық, шынымен (одноразовая посуда) шай беріппін. Басқа күндері ол кісі қолданған ыдыс-аяқтарды әлде неше қайталап жуыппын. Кім ойлаған бұл қылығымның нәзік әке жүрегін ауыртып аларын.

Расында да ол кісі тұмауратып жүрген күндері қызыма жұқтырып алмайын деп қайта-қайта тазалап жуғаным бар еді. Ол кісі маған қаншама рет көңіл бөліп, көмектесіп, ас-тамағымды дер кезінде жеткізіп беріп тұрды. Шынында да әркім өз баласының қамын ғана ойлайды екен-ау.

Әкемнен кешірім сұрауға батылым бармай тұрғаны...

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: gandex.ru

Қ. Қауымбек