Жігіттер, балақтарыңа қараңдар!

Жігіттер, балақтарыңа қараңдар!

Редакциямыздың жігіттері жазған кешегі мақаладан кейін, өзімізге-өзіміз әрең келдік. Қыздар болып ақылдасып, мынадай жауап беруге бел будық. 

Сәнді журналдардың бетін өмірлерінде алғаш ашқан жігіттер өздеріне керемет жаңалық жасапты. Әдетте журнал беттерінде тыр-жалаңаш қыздарды көріп үйренген жігіттеріміз, сәнді боянған сұлу қыздарды көрген кезде таңырқап қалыпты. Ғаламтор беттерінде спорт пен техника әлеміндегі жаңалықтарды емес, ұсқынсыз қыздардың суреттерін іздеген жігіттер дегендеріне жетіпті.  

Voxpopuli.kz сайтының фоторепортажына тап болған жігіттеріміз өздерінің алданып жүргенін байқады. Сол қыздардың қатарында өздерінің де сүйіктілері бар екенін түсінген болар... Голливуд жұлдыздарын аңсап жүрген жігіттер, олардан да көңілі қалды. Сары шашты, қызыл далап, крем-пудра не қара сүрме жаққан қыздар ұнамайды екен, бірақ олардың қасынан өткенде бастарыңыз неліктен 180 градусқа бұрылады? 

Өз кезегімізде, жігіттерге қояр сұрақтарымыз бар. Сіздердің де түр-сипаттарыңыз журнал беттеріндегі сымбатты жігіттермен мүлдем салыстыруға келмейді. Өзіміз сол журналдарды күнделікті көріп жүргендіктен, бұл мәселе көкейімізде бұрыннан жүрген. Алайда қызға тән сыпайлығымыз сіздерге бұны айтуға жол бермеп еді. Сәті түскен сияқты. Сонымен:

1. Бір киімді бірнеше жыл бойы шешпей,  ауыстырмақ түгілі жумай, "Қара киім кір көтереді" деп ақталып жүретіндеріңіз не? Сол киімдеріңіз жыртылып не кішірейіп қалмаса, жаңасын алмайсыздар да! Оның сәннен шыққаны бір бөлек, киіміңіз күнделікті униформаға айналды.

2. Киімді үйлесімсіз етіп кию. Жап-жақсы костюм шалбармен аппақ шұлық киетініңіз қалай? Білмесеңіз, шұлықтың түсін костюм мен аяқ-киімнің түсіне сай таңдау керек. Өзіңізше кездесуге костюммен келдім деп ойлап, қыздың күлкісін түсінбейсіз  бе? Шұлығыңызды ауыстыратын кез келді!

3. Талғамның жоқтығы. Өзіндік талғамның болмау салдарынан көрінген киімді сатып алып, түстерін де жарастырмай киіп жүресіздер. "Мен сәнқой, қызтеке жігіттерден емеспін" деп, талғамыңыздың жоқтығын ақтайсыз.

4. Керісінше "сәнқой" боламын деп, Дэвид Бэкхем сынды танымал әртістерге еліктеп, жасыл шалбар мен қызыл қалпақ киіп, шектен шығып кететіңіздер де бар. Қызтеке атауына ие болып қалуыңыз ғажап емес.

5. Қыздарға сериал құмар деген атау тағып, өздеріңіз түркі сериалдарының кейіпкерлеріндей шаштарыңызға бірнеше литр гель құятыңдарыңызды қалай түсінуге болады?

6. Әтір сүйгіш жігіттерге айтарымыз - үстеріңізге бір шелек әтір шашудың қажеті шамалы. Күнделікті қабылдаған душ жаман иістерді одан да жақсы кетіреді. 

7. Жігіттердің арасында да макияжға құмар жандар бар екенін сол Voxpopuli.kz сайтының фоторепортажынан көрдік. Жігіттеріміз қыздар бетіндегі опа-далапты жақтырмаса, бұған қалай қарайды екен?

8. Сымбатты жігіт - журналдың бетіне түскен жігіт емес, тек ұқыпты болса болғаны. Тырнақтарыңызды аюдай, ал шаштарыңызды рок музыкасының фанатындай етіп өсірмей, дер кезінде алып тұрсаңыздар қайтеді?

9. Ерекше атап өтетін жайт - шалбарыңыздың балақ ұзындығы. Жаңа шалбар алғанда, екі балағын әртүрлі қайырып қойып, қыздардың жынын келтіресіздер. Оны тігіп қойсаңыз әлдеқайда әдемірек көрінер едіңіз. 



P.S. Бояну, киіну қыздарға ғана тән шаруалар. Сәнді журнал бетін ашқан бойда жауып, "қыздар" әлеміне араласпағаныңыз дұрыс болар еді. Бұл әлемде ештеңе түсінбейтіндеріңіз балақтарыңыздың ұзындығынан-ақ көрініп тұр.

Суреттер voxpopuli.kz, tanyaflor.mypage.ru, сайттарынан алынған.