2000 теңге

2000 теңге

Жұмыстан күндегідей кеш оралдым. Екінші сыныпта оқитын кішентай қызым мойныма оралып, мені сағынып қалғанын, туған күні таяп келе жатқанын айтып, қай күні демалатынымды айтып сұрап жатты. Менде қайдағы демалыс болсын. Сөз арасында “Әке, күніне қанша ақша табасың?” деп сұрап қалды.

- Екі мың теңге, балам.

Иә, екі-ақ мың теңге. Әйелім екеуміз де жұмыстан босатылдық. Ол болса, еңбекке жарай қоятын жағдайда емес. Күнделікті құрылыс орнында ауыр жұмыс істеп, таң бозынан кетіп, қас қарая оралсам да бар-жоғы алатыным осы екі-ақ мың теңге. Отбасымның күнделікті табысы да сол.

Әлден уақытта қызым бөлмесінен шығып “Әке, сізге айтар сөзім бар еді” деді.

- Айта ғой, қызым.

- Сізден 1500 теңге сұрайын деп едім.

- Мектептен сұратты ма?

- Жоқ, әшейін, өзіме керек болғаны.

Күйіп кеттім. Кішкене басымен 1500 теңгені қайда жұмсамақ?!

- Әкеңді қуырып жейін демесең, бар да ұйқыңды ұйықта!

Ашу үстінде қатты сілкіп тастағанымды білдім. Қызым жыламсырап өз бөлмесіне кіріп кетті. Оның өкпелі бейнесіне қарап, өзімнің қателік жасағанымды сездім де, көңілім құлазып, бір ойлағаны бар шығар деп бөлмесіне кірдім. Көрпені басына бүркеніп алыпты. Пысылдап жылап жатқанын байқадым.

- Ботам, әкеңе өкпелеп қалдың ба?

- ...

- Жаман әкеңді кешіре ғой, қызым. Не қажетіңе жұмсайын деп едің, айта қойшы?

Балам орнынан тұрды да, кішкентай ақша жинайтын қорабын алдыма әкеп төкті. Ұсақ теңгелер...

- Әке, осылар менің жиған ақшам. Жалпы 500 теңге, - деді жылап, - Енді 1500 теңге тауып, сіздің бір күніңізді сатып алайын деп едім. Туылған күнімде шешем үшеуміз бірге болайықшы....

Қалай жылап жібергенімді өзім де байқамай қалдым. 

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек