Психолог баласы сал ауруына шалдыққан ата-аналарға кеңес берді

Психолог баласы сал ауруына шалдыққан ата-аналарға кеңес берді
Фото: ru.freepik.com

Церебралды сал ауруына шалдыққан баланың туылуы көпшілік ата-үшін үлкен сынақ. Олар баланың жағдайымен байланысты түрлі тәжірибені бастан кешеді: баланың болашағын уайымдау, қорқыныш, өзін-өзі кінәлау, депрессия, көңілі қалу, ашулану.

Отбасылық психолог Аяулым Коспаева сал ауруына шалдыққан баласы бар ата-аналарды өздерін кінәламауға шақырды.

"Церебралды сал ауруына шалдыққан баланы тәрбиелеу және оны дамытумен айналысу ата-ана үшін оңай емес. Ерлі-зайыптылар арасында да келіспеушіліктер туындауы мүмкін. Алайда сіздің қарым-қатынасыңыз балаға да әсер беретінін ұмытпаңыз.

Ата-аналарға айтатын кеңесім - өзін жақсы көруді үйрену, өзіне деген сынды азайту, өзін кінәлауды тоқтату. Баласы сал ауруына шалдыққан ана көбіне "жертва" жағдайында болады. Яғни, өзін кінәлай беретін, өзін төмен түсіретін аналар бар. Бұл жағдайдан шығыңыз. Өзіңізді де, баланы да қалай бар солай жақсы көруге тырысыңыз", - дейді психолог.

Ата-ана мен ерекше бала арасындағы қарым-қатынастың негізгі принциптерін ұсынамыз:

Баланың белсенділігі мен дербестігін қолдау

Ата-ана балаға көмектесуге міндетті. Бірақ оның орнына бәрін жасап бермеңіз, тек көмектесіңіз. Бұл жағдайда ең қиыны - оның сәтсіз аяқталған талпыныстарына, шаршағанына, кейде тіпті, ашынғанына шыдап қарау. Баланың мүмкіндігіне деген сіздің сеніміңіз оған күш беретінін ұмытпаңыз. Оның орнына бірдеңені жасап беру баланың жаңа нәрсе үйренуге деген мүмкіндігін тартып алумен бірдей. 

Күнде жаттықтыру

Физикалық болсын, ақыл-ой болсын, кез келген даму біртіндеп болады. Үзіліс жасамауға тырысыңыз. Баланың белсендігін қолдаңыз және дамытыңыз. Бала алдына біртіндеп қиындау мақсаттар қойыңыз.

Баланы және оның кемшіліктерін қабылдау

Осы ауруға шалдыққан баласы бар көпшілік отбасыда жиі кездесетін проблема - ата-ананың баласының мүмкіндігі шектеулі екенін мойындамауы. Олар баланың біліміне байланысты жоспар да құрып қояды. Кемшіліктің барын жоққа шығару балаға кері әсер беруі мүмкін. Ол ашуланшақ болады және өзін қолынан ештеңе келмейтіндей сезеді.

Баланың тұлғалық дамуы үйлесімді болғанын қаласаңыз, оның ерекшелігін қабылдауға, шектеулерін ескеруге және өз талаптарыңызды баланың мүмкіндіктеріне сәйкес қоюға тырысыңыз.

Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың негізгі қағидасы - мүмкін жерлерде мүмкіндігінше көп нәрсеге қол жеткізу.

Кез келген бала ата-ананың махаббаты мен қамқорын қажет етеді және олар оны шартсыз жақсы көргенін қалайды.

А. Жапатова