Айырылысудың сәтсіз жолдары

Айырылысудың сәтсіз жолдары

Қарым-қатынасты бастау оңай, ал біреудің жүрегін жаралап, нүкте қою - өте қиын. Әрине шындықты көзге тура қарап айту үлкен батылдықты талап етеді, сондықтан жиі жағдайда біз айырылысу үшін сәтсіз жолдар таңдаймыз.

Ұзаққа созылған айырылысу

Бұл жолды таңдайтындар өз жұбына шындықты айтудан қорқып, апталап, кейде айлап қашып жүреді. Бұл айырылысудың ең нашар әдісі. Ол сізді қарым-қатынасты аяқтауға еш жақындатпайды, алайда жұбыңызға да, өзіңізге де ауыр тиеді.

Аяқ асты айырылысу

Бірінші әдіске кереғар тәсіл. Қарым-қатынастарыңыз сырт көзге керемет сияқты көрінеді, алайда аяқ асты біреуіңіз айырылысу туралы сөз бастайсыз. Бұдан хабардар болмаған адамға айырылысуды өткеру қиын болмақ. 

Ғайып болу

Бір сәтте сіз кешегі "ғашығыңыз" үшін жоқ боласыз. Телефон тұтқасын көтермей, хабарламаларына жауап бермейсіз. Бұл әдіс айырылысқысы келген адамға ең оңай, себебі ештеңені де түсіндіру қажет емес. Алайда жалғыз қалған адамға бұндай айырылысу ерекше қиын болады. Жиі жағдайда "тасталғандар" ауыр психологиялық жарақат алып, келесіде адамдарға сене алмай қалады.

Электронды айырылысу

Қорқақтық сыңарының көзіне тура қарап, шындықты айтудан ұстап тұрады. Нәтижесінде оңай жол таңдап, сіз оған электронды жәшігіне не смс арқылы "Кешір, айырылысуымыз керек", "Мен сені сүймеймін", "Дос болып қалайық..." деп жазасыз. Виртуалды хабарлама айырылысудың шын себебін жасыру амалы болуы мүмкін. Бұндай тәсіл "экстың" намысына қатты тиеді, себебі ол сізден екі ауыз сөз де естімеді.

Қоғамдық желі арқылы айырылысу

Алдыңғы тәсілден айырмашылығы, сізді тастағаны туралы сізге емес, қоғамдық желі қолданушыларына айтылады. Статусты өзгертумен-ақ айырылысуға болатын қоғамдық желілерде бұны достарыңыздың бәрі көреді. Бұл тәсіл тіпті тасжүректің белгісі. Адам ешбір түсініктемесіз жалғыз қалып, оған қоса ұятқа қалады.

Мерекелік айырылысу

Адамдар мерекелік күндерге ерекше көңіл бөледі. Мейрамнан кейін жаңа өмір бастауға ниеттенгендер шыдамастан ескі қарым-қатынасын бітіруге асығады. Сыңарыңыздың мерекелік көңіл күйінен ештеңе қалмайды, оған жараланған жүректің ауруы да қосылады.

Біреуге сезім білдіру қаншалықты қиын болса, айырылысу жайлы сөз қозғау да соншалықты қиын. Алайда кезінде жаныңызға жақын болған адам құрмет пен шынайы сөздерге лайықты емес пе? Біреудің жүрегін жаралай көрмейік, достар.

Дайындаған: Сания Аринова 

Сурет: chinasmack.com

С. А