Бақытты қайдан іздеп жүрсіз?

Бақытты қайдан іздеп жүрсіз?

Сіз бәлкім жұмысқа барар жолда немесе жұмыстан қайтып бара жатқанда жүзі жабырқау жандарды үнемі көріп жүрген боларсыз. «Мен неткен бақытсыз едім» деген үн сізге үнемі естіліп қалып жатады не ол сіздің де басыңыздан өткен ғой. Сіз де бақыт турасында көп ойланып, тәтті қиялдарға шоматынсыз. Мен сондаймын. Шалқалап жатып ап шарықтаған ойға жетеленіп қиырдан-қиырға кете беретінмін. Бірақ, сол қиял әлемінен селк етіп оянған сәтте, өзімді тым бақытсыз жан ретінде сезінетін жайым тағы бар. Бұл жай тек мен, тек сізде ғана емес, бүкіл адам баласына ортақ қасиет. Барлығымыз, әйтеуір көзге көрінген дүниелерден өз бақытымызды іздеп, бір бұрыштан табылып қалардай сезініп жүреміз. Ұзақ-ұзақ жол жүрсек, сонау алыс жақта бізді үлкен бақыт күтіп тұрғандай боламыз. Ол жақын уақытта бізді шексіз қуанышқа бөлейтіндей боп жүреміз. Айналамыздағы өмірден жалығамыз, бұл күй, рухани тербеліс бәріміздің басымызда бар. Оны түсіну керек. Өткінші түйсік ретінде қабылдаған жөн оны. Өйткені біз өзіміз үшін ең маңызды дүниелерді сырт әлемнен, басқалардан іздеп әлек боламыз, шындығында, бақыт жайлы дұрыс түсінік пен оған дұрыс мәміле жасау ғана жеткілікті.

 

Бақыт – мал-дүние емес. Ол біртүрлі сезім не түйсік ғана. Оның уақыты қас-қаққанша ғана, бірақ ләззәті мәңгілік. Біз әр рет өзімізді бақытсыз сезінгенде, айналамызды қоршап тұрған бақытты көре алмай қаламыз, көзімізді, көкірек көзімізді шел басады. Дүние жалғаннан жалығып, жалғызсырап жүрген кезімізде біздегі ақыл өз-өзін басқару күшін жояды. Сын көзбен қарап жүргенде ғана біздің бақыт, бүкіл әлемнің бақыты өз қолымызда, өзімізді қоршай орналасқанын сезе аламыз. «Көз» өте маңызды. Біз тек шын ниетімізбен бақытты күзеткен кезде, оның бізбен ара қашықтығы өте жақын екендігін сезіну қиын емес.

                   

Егер сіз жапан түзде кетіп бара жатсаңыз. Сізде азық-түлік таусылса. Онда бақыт тек сіздің асыңыздан артылмайды. Онда бақыт деген бір үзім нан, не бір жұтым су да болуы мүмкін екен ғой.

 

Бақыт өте қарапайым. Кейбіреулер оны әлем-жәлем қылып елестетуді үйренген. Ұлы істерде де бақыттың болуы екіталай, әдеттегідей ғана өмір, өз қолыңмен жасаған жұмыстарың ғана бақыт болуы мүмкін. Тіпті біреулер үшін ұйқыны қандырудың өзі бақыт. Түптеп келгенде, бұлардың бәрі біздің өз иелігімізде. Мәселе, оны байқауда.

Сіз бәлкім, алыстағы, ауылда жатқан әке-анаңыздың денінің сау болуын, ауырып-сырқамауын, туыс-туғандарыңыздың пәле-қазадан аман болуын бақыт деп ойламауыңыз мүмкін, ойласаңыз да сирек, олар керек болғанда ғана. Немесе сіздің телефоныңызды сарыла күтіп, сіз қасында болғанда қадала қарап, сізге үнемі хабарласып тұратын жанның бар болуын сіз бақыт деп ойламауыңыз мүмкін. Бірақ, сіз оны жоғалтқанда, сізді дәл сол жандай қастерлейтін адамның болмай қалған кезінде өзіңіздің қандай бақытты боп жүргеніңізді білесіз. Бақыт деген осындай-ақ.

Осыдан кейін, өзіңізді бақытсыз деп есептемеңіз. Бақыт сіздің қасыңызда. Оны қатты қысып ұстаңыз. Олар сіз үшін, сіздің өміріңіз үшін өте маңызды, қымбат. Есіңізде болсын, қайталап айтайық, ол айналаңызда, оны алыстан іздемеңіз.

Дайындаған: Мейіржан Әуелханұлы

Сурет: sc.com

M. Auelkhan