Бала үшін ата-ана істемеуі керек 5 дүние

Бала үшін ата-ана істемеуі керек 5 дүние
Фото: Берік Гүлжанар

Баланың орнына бірнәрсе істей салғанның еш әбестігі жоқ: біз жай ғана балаға көмектескіміз келеді. Бірақ асыра сілтеп көмектесу баланың дамуына, әлемді өз бетімен тануына кері әсерін береді. Осы жазбада біз бәр сәт көзді жұмып, балаға өз бетімен шешуіне мұрсат беруге болатын жағдайлар туралы сөз қозғаймыз.

Сұрағанда баланың орнына жауап беру

Асылында...

Саябақта балаңызбен қыдырып жүрсіз делік. Кенет көптен кездеспеген досыңызбен жолығып қалдыңыз. Ол балаңыздан "Балақай, атың кім? Нешедесің?" деп сұрайды. Бала ұялғаны бар, жасқаншақтығы бар, асықпай жауап бергенше, ата-анасы шыдай алмай бала орнына "Түгенше, жасы мынадай" дей салады. Көзге қарапайым нәрсе секілді көрінеді, оғаш ештеңесі жоқ. Бірақ, қонақтықта, дүкенде, үйде баланың (сөйлей алады) жауап беру мүмкіндігінен айыра берсеңіз, өскен кезде өз орнына сіздің жауап бергеніңізді күтіп жүреді.

Не істеу керек?

Егер бөтен біреу сауал қойса, баланың жауап беруін сабырмен күтіңіз. Егер сөйлемей тұрып алса, бойының деңгейінде отырып, қолынан ұстап, күліп, сұрақты баяу қайталаңыз. Осылайша, қорыққанын, ұялғанын сейілте аласыз. Екеуіңіз жеке қалғанда, бұл жағдайдың туу себебін сұраңыз. Не сезінгенін біліңіз, жауабына қарай әрекет жасаңыз. Егер ұялдым десе, адам көп жерге жиі барып тұрыңыздар. Егер қорықтым десе, себебімен жұмыс істеу керек.

Қызығушылығы мен хоббиін таңдау

Асылында...

Әр ата-ана баласының шымыр, ақылды болғанын, қатарынан қалмауын қалайды. Бұл дұрыс. Бұрыс тұсы – ата-ана өзі балалық шағында бармаған бокске, өзі оқымаған пианино мектебіне баласын апаруы, өз қызығушылығын алға тартуы. Бірақ, бала – жеке тұлға. Болашақта қандай болатыны баланың өзіне әлі бұлыңғыр, бірақ мұны білу үшін оның қазіргі алаңсыз балалық шағы көмектесе алады.

Не істеу керек?

Баланың жеке қызығушылықтары мен икеміне мән беру керек. Оған не істеген ұнайтынын және себебін сұраңыз. Динозавр туралы кітап оқып, мультфильм көрсе, коллекциясын жинаса, шимай шатпақтатып сурет салса, жолға шықса алды-артына қарамай жүгіре берсе – несімен ұнайтынын біліңіз. Сол бағытта дамуына септігіңізді тигізіңіз. Егер өзіне қауіп төнуі мүмкін спортқа қызықса, қорықпаңыз. Қауіптен қорғану, эмоцияны шығару, өзгеше адреналин алу секілді позитивті оймен ойлаңыз. Жарақат алса, өзі не доғарарын, не жалғастырарын шешуі тиіс. "Айттым саған" деп сөкпеңіз.

Үй тапсырмасын орындау

Асылында...

Егер үй тапсырмасын орындағанын қадағаламаса, бала ештеңе істемейді, ескерту не "екілік" алады, ата-ана сол үшін ұятты сезінеді. Ал ата-ана көмектессе, бала өз ісіне жауап беру, жоспарды орындау секілді қабілеттерден айрылады.

Не істеу керек?

Бәрі бастауыш сыныптап басталады. Сабақты қалай оқу керек, уақытты қалай жоспарлаған дұрыс, үй тапсырмасын кім орындауы тиіс екенін бастауыш сыныптан үйреткен жөн. Үй тапсырмасын өзіне орындатып, бірақ сіз үнемі жанында екенін сездіріп отырыңыз. Егер көмек сұраса, жөн сілтеп, бағыт беріңіз де, өзіне орындатуға мүмкіндік жасаңыз. Егер қатесін көрсеңіз, бірге түзеп, дұрыс шешімін бірге табыңыз.

Дос таңдау

Асылында...

Балаңыз жаңа дос тапқанын айтты. Бірақ әлгі досы сізге аса ұнамайды. Сіздің достарыңыздың да ұл-қыздары бар, солармен сөйлескені артығырақ, өзіміз де шүйіркелесіп аласыз, балалар да танысады.

Не істеу керек?

Балаға сеніммен қарап, кіммен достасуы керегін өзі шешуіне рұқсат беріңіз. Көпшілігімізде "ол үйдің баласымен сөйлеспе" деген ескертудегі досымыз болған шығар. Нағыз достықты бала кезде емес, уақыт өте келе танығаныңыз есіңізде ме? Сол мүмкіндікті оған да беріп көріңіз. Егер шынымен де алаңдайтын мәселе көрсеңіз, балаңыздың назарын соған дұрыс аудартыңыз, абай болуын ескертіңіз. Алдымен, балаңызбен өзіңіз дос бола біліңіз, ол кез келген жағдайда сырын сізбен қорықпай бөлісе алатында й қарым-қатынас ұстаңыз.

Мектептен кейінгі оқуын шешу

Асылында...

Балаға не керегін одан гөрі, біз бәрін жақсырақ білеміз. Ересек, көрген-білгені көп адам ретінде экономикаға, трендке, еңбек нарығындағы сұранысқа, жалақысы жақсы мамандыққа мән береміз де өзі бетімізбен "мына жерде оқисың" деп шегелеп тастайсыз. Бірақ балаңыздың болашаққа деген арман-мақтсаты бар, бірақ ол сіздің ниетпен сәйкеспейді.

Не істеу керек?

Баланы, оның жүрегіне құлақ асу керек. Бұл жоғарыда айтылған қызығушылық пен хоббиге қатысты кеңеске ұқсайды. Не себепті балаңыз бұл мамандықты не университетті таңдады, несімен құнды? Бұл сұрақтың жауабын ала алсаңыз, баланың ізденгенін, талабын көресіз. Егер ол таңдаған мамнадық сіздіңше аса мәртебелі болмаса, оған сеніммен қараңыз. Қолыңыздан келсе, демеңіз. Пікіріне құрметпен қараңыз.

Балаңызға сеніммен қараңыз. Себебі, оның сізден басқа ешкімі жоқ.

Г. Берік