Балалы болған соң естен шығармау керек дүниелер

Балалы болған соң естен шығармау керек дүниелер
Фото: freepik.com

Бала тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік. Алғашқы уақытта күні-түні ұйықтамай оның ұйқысын қорып, қарны ашса, тамағын беріп, жаялығын ауыстырып жүрсеңіз, мектепке барар шақта, университет оқығанда, тіпті жұмысқа орналасып, маман болып қалыптасқан да көңіліңіз елең-алаң етіп тұрары анық. Бір уақытта жақсы ата-ана болып та, әрі өзіңізді ұмытып кетпей де өмір сүре білсеңіз, міне, ғажап.

Энергия мен спорт

Балалы болғанға дейін де, кейін де 8 сағаттық ұйқы керек. Іс жүзінде, ата-ана атанғаннан кейін 8 сағаттық ұйқы біраз уақытқа дейін ұмтылары анық. Үнемі тонуста жүру үшін ағзаға мейлінше тынығу керек әрі физикалық жаттығудан бірер порция беріп отыру қажет. Балаңыз ұйықтаған кезде жұмысымды бітіріп алайын деп емес, өзімен бірге көз шырымын алып алыңыз. Тонуста жүру дегеніміз – ағзаңыз энергияға толы, деніңіз сау, көңіл-күйіңіз жақсы, өзіңіз белсенді болу. Осыларды бойыңыздан жоғалтып алмасаңыз, балаңыз да сау, энергиясы тасыған адам боп өседі. Арнайы фитнес залға барудың да қажеті шамалы. Балаңызды арбасына салып алып, жүгіріп келсеңіз болады. Үй жағдайында йогамен айналыссаңыз пайдалы. Балаңызбен бірге суда жүзу сабақтарына қатыссаңыз, керемет.

Балалы болғанға дейінгі хобби

Бала адам өмірін, режимін түбегейлі өзгертеді. Сіз енді бар көңіліңізді өзіңізге ғана емес, балаңызға да бөлуіңіз қажет. Дегенмен, тепе-теңдікті сақтаған жөн. Бұған дейін айналысып жүрген хоббиіңіз немесе ерекше қызығушылығыңыз болса, ата-ана атанған соң ол туралы ұмытып кетпеңіз. Егер бұрын айналысқыңыз не үйренгіңіз келген дүниеңіз болса, отбасыңызбен бірге бастаңыз. Аспапта ойнау, сурет салу, гүл өсіру, атқа міну, кітап оқу, күнделік жазу деген секілді. Балаңыз сізді басқа қырыңыздан танып өседі. Оның таным көкжиегін арттырып, қызығушылығын оятасыз. Бала ақыл-кеңестен гөрі, іс-әрекетпен көрсеткенді тез әрі оңай қабылдайды.

Жеке даму

Әсіресе, бала тууына байланысты еңбек демалысын алған ата-аналарға қатысты. Мансап жолын дамытқысы келген ата-аналар бұл кезеңді қалт жіберіп алмауы керек. Шағын бизнес бастау, ЖОО оқу, арнайы тақырыптық семинар-тренингтерге қатысу секілді қоғаммен байланысы бар шараларды естен шығармаған абзал. Жеке дамуға ата-ана статусы кедергі бола алмайды.

Психологиялық саулық

Психологтардың жиі айтатыны осы: егер бала мазасызданса, ол сіздің мазаңызды кеткені, демек бала – сіздің айнаңыз. Егер тым қатты ушықса, әлеуметтік желідегі марафондарға емес, арнайы маманның көмегіне жүгініңіз. Алдымен өзіңізді "емдеңіз". Сіз – біреусіз, балаларыңыздың да бір-ақ анасы бар. Ұшақтағы ереже бойынша: алдымен оттегі маскасын өзіңіз тағасыз, кейін балаға кигізесіз.

Тәрбие беру туралы кітаптар

Тоғыз ай құрсақ көтергенде ата-ана атану, бала тәрбиесі, оны тамақтандыру, бала диетасы секілді кітаптарды тауысып, видеоларды жиі қараған боларсыз. Бала дүниеге келген соң да сол зерттеуіңізді тоқтатпаған жөн. Ол салған сурет, ол айтқан алғашқы сөз, алғашқы қадамы, оңқай не солақай болуы, тамақ таңдауы секілді балаңызға тән ерекшеліктерді зерттей түсіңіз. 

Қыз бен жігіт

Баланы балабақша апару, алып келу, жұмысқа барып-келу, кешкі ас, ұйқы деген графиктен жалықпадыңыз ба? Романтика қайда? Ата-ана да өздеріне көңілді кеш ұйымдастыра алады. Егер баланы сеніп қалдыра алатын ата-әжесі не күтуші болса, қыз бен жігіт боп концертке, театрға, мейрамханаға, тіпті, би курстарына жазылып, бірге барсаңыздар болады. Өздеріңізге де, сезімдеріңізге де көңіл бөліңіздер. Бұл аса маңызды.

Бойдақ достармен араласу

Замандастарыңыздың дені шаңырақ көтеріп, ата-ана болып жатса, қатарыңыз көбейеді. Олармен айтылатын әңгіме көп: қандай балабақша жақсы, қай жаялыққа баланың аллергиясы бар, мультфильм көрсеткен дұрыс па, бұрыс па?..

Ал әлі үйленбеген, тұрмыс құрмаған достарыңызбен ше? Олармен де жиі сөйлесіп тұрыңыз. Оларды үйге шақырып, балаңызбен таныстырыңыз. Отбасылық өмірдің шет-жағасын танытқаныңыз да дұрыс шығар. Бұрынғыдай үстел үстінде ойнайтын ойындарыңызды ойнап, қызықтарыңызды айтып, еске алған, басқа да жақсы тақырыптарда сөйлескен өзіңізге жақсы.

Г. Берік