Неге интроверттер экстраверттерді "көре алмайды"?

Неге интроверттер экстраверттерді "көре алмайды"?

Психологияда тұлғалық табиғатына сай әдетте адамдарды екі категорияға бөлеміз: интроверттер мен экстроверттер. Олардың болмысы абсолютті қарама-қарсы келетіні сонша, егер бір жерде бас қоса қалса, әңгіме нәтиже бермеуі мүмкін, себебі олар бір-бірін түсінуге қиналады.

Сонымен қатар, экстраверттердің мінез-құлқы қоғамға әлдеқайда түсінікті екені анық, өйткені олар әрқашан кез келген әңгімеге ілесіп кете береді. Олар жалпы үлкен қонақтықтарды, жаңа таныстарды, ұзақ әңгіме айтуды, көпшілік алдында сөйлеуді ұнатады, және олардың мінезінің ерекшеліктерін мақтаныш тұтады. Бірақ интроверттердің не ойлап, не қоятынын анықтау олардың табиғатынан құпия келуіне байланысты қиынырақ соғады. Өздерін интровертпін деп атай отырып, олардың нені меңзеп отырғанын түсіну де оңай емес. Себебі экстроверттер қоғамға бейімделгіш болмысымен ашық мақтанса, интроверттер өзін осы категорияға енгізу арқылы ол қасиеттен шынымен құтылғысы келетінін не өзгеден бір саты жоғары көрінгісі келетінін ұғып білу оңай емес.

Алайда, тақырыпты зерттей бастағанда, сіз стереотиптік сипаттамалардың айсбергтің шыңы екеніне тез көз жеткізесіз. Психологтардың бұл мәселеге қатысты пайымдаулары да қызық. Мысалы, жақында аустралиялық психологтардың зерттеуі көптеген интроверттердің экстраверттерге қызғанышпен қарайтыны туралы қорытындыға келді.

Зерттеуге мыңға жуық интроверт қатысты, олар өздерінің интроверсиясының қандай масштабта екенін өлшеуге, сондай-ақ олардың қайсысының өзгеруге қарсы емес екенін білуге ​​арналған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Соның нәтижесінде, қатысушылардың жартысынан көбі (53,6%) экстравертке айналуға ниеті бар екені туралы ашық айтқан. Тәжірибеге өз еркімен қатысқан интроверттердің 82%-ы қоғамға көбірек ұнау үшін өзін экстроверт сияқты ұстау қажет деп санайды.

Бір қызығы, сауалнамаға қатысушылар бірауыздан (96%) қоғамда кісікиіктерден гөрі әңгімеге ашық адамдардың жолы болғыш деп есептейді екен. Бұл тармақ қоғам интроверттерге қысым көрсетіп, мінез-құлқы неғұрлым ашық адамдарға оң көзқарас танытады дегенді меңзейді. Пікірлері осындай болса да, интроверттердің біразы экстравертке айналудан гөрі, адамдарға сол қалпында ұнағанды ​​жөн көретінін алға тартқан. 

Екі типтің арасындағы тепе-теңдікді ретке келтіріп, түсіністікке жету үшін, аталған зерттеу барысында олар өздері айтқан интроверттер туралы шынайы фактілерді білген жөн. Интроверттердің шын мәнісінде не ойлайтынын экстроверттер де біле жүрген дұрыс. Осы мақсатта төменде сауалнамаға қатысушылардың өз сөздері берілген.

1."Көңіліңізге алмаңыз, бірақ біздің кейде жалғыз қалғымыз келеді"

"Интроверттердің жалғыздықтан қуат алса,  экстроверттердің көпшілікпен қатынас жасамаудан құлазитыны бұлардың басты айырмашылығы болуы керек. Бізге көпшілік орта немесе үлкен компанияда ұзақ уақыт болғаннан кейін демалуға және «батареяларымыз қуаттау үшін» оқшаулау кетіп тыныштық табу қажет. Қоғам бізді эмоционалды түрде энергиямызды тауысады. Мысалы, мен демалыс күндерін құрбыларыммен өткізгенді ұнатамын, бірақ содан кейін қайтадан өзіме келу үшін бірнеше күн қажет. Сондықтан, егер интроверт танысыңыз сізге жалғыз қалғысы керек екенін айтса, оны көңіліңізге алмаңыз. Ол сізді жақтырмағаннан емес, өзін қалпына келтіргісі келгеннен айтқан болуы керек". 

2. "Біз адамдарды жек көрмейміз, алайда қоғаммен байланыс бізді шаршатады"

"Көбі  мінезі тұйық әрі тыныш адамдарды қоғаммен байланысқанды ұнатпайды деп есептейді, өйткені олардың ойынша біздің басты арманымыз – көрпенің астына тығылып алып, күні бойы солай отыру. Бұл, әрине, өтірік. Барлық интроверт бірдей қарым-қатынасты жек көрмейді, керісінше кез келген әңгіменің майын тамызып айтқанды жанымен ұнататындар да кездеседі. Қорытынды: біз қоғаммен байланыстың шектеулі болуын қадағалаймыз, бізге ішкі энергияны қалпына келтіру үшін үзіліс қажет".

3. "Егер біз эмоциямызды көрсетпесек, бұл біздің зерігіп отырғанымызды білдірмейді"

"Интроверттер әдетте сабырлы және ұстамды болады, бірақ бұл біздің өмірден ләззат ала алмайтынымызды немесе ешқашан көңіл көтермейтінімізді білдірмейді. Бізге айналамызға үйрену үшін уақыт қажет. Үнемі түнеріп, өз өмірін, жастығын қор қылып отырған адамдай көрмеңіз. Біз өзіміздің тұлғалық артықшылықтарымызды жариялағымыз келсе, кез келген экстровертті көлеңкемізде қалдырамыз". 

4. "Иә, біз тойларды ұнатпаймыз"

"Жарайды, бұл рас: интроверттер той томалақтың адамы емес. Біз шағын жиын мен шынайы әңгімелерді ұнатамыз. Бөтен адамдармен, көпшілікпен, бір шаршы метрге қырық адам келетін, музыкасы даңғырлаған орта бізге қорқынышты көрінеді. Әрине, көптеген интроверттер кештерге барады, тіпті көңіл көтереді, бірақ бұл оның бармауға еш амалы қалмады деген сөз. Егер таңдау болса, біз әрқашан жайлы мейрамханада тыныш жиналғанды ​​жөн көреміз".

5. "Біз соншалық ұялшақ емеспіз, тек бос сөйлегенді ұнатпаймыз"

"Өздеріңіз білетіндей, интроверттер сөйлескенді ұнатпайды. Бұл біз еш қызығушылығы жоқ, айтар сөзі жоқ немесе үнемі қайғырып жүреміз дегенді білдірмейді. Бірақ қажет болған жағдайда, мысалы, маңызды кештерде немесе іскерлік кездесулерде, біз жағдайға бейімделе аламыз. Тағы бір қате түсінік, біз сияқты адамдар ұялшақ келеді дейді. Білесіз бе, интроверсия мен ұялшақтық бірдей емес, бірақ шынымен ұялшақ интроверттер басым. Бұл орайда мен көпшілік алдында болуды ұнататын, бірақ көпшіліктің назарында болудан тартынатын, ұялшақ экстраверттерді де білемін. Сондықтан біржақты пікір айту қиын.

Жалпы, экстраверттердің бізді өзгертуге тырысып, супер белсенді болудың жолдарын түсіндіруге немесе орайы жоқ кезде сөйлеуге көндіруге бар күшін салатын жағдайлар жиі кездеседі, бұл бізге ұнамайды. Сондықтан өзара түсіністіктің негізгі мәні бір-бірімізді бар болмысымызбен қабылдау".

А. Оралқызы