Әйел мансабы: тыйымдар мен ережелер

Әйел мансабы: тыйымдар мен ережелер

Сан мың ғасырлар бұрын қоғам мен ғұрып ешбір әлеуметтік жағдайына қарамастан күллі әйел қауымына екі ғана мақсат айқындап берді: тұрмысқа шығу және өмірге ұрпақ әкелу. Дәл осы қағиданы бағдарға алған қазақ халқы да әйел атаулыны құрметтеп, оларды өмірдің сәні мен салтанаты, ер адамдардың ақылшысы, балалардың тәрбиешісі деп қараған. Иә, әйел - ибалы қыз, инабатты келін, қадірлі қарындас, аяулы ана, ақ жаулықты  әже...

Ол замандардан бері қаншама уақыт өтті десеңізші? Және нелер өзгермеді? Бұл дәстүр де қаймағын бұзып алды. Осыдан біршама уақыт бұрын гендерлік саясат ұғымы пайда болып, күллі әлемді арбап жатыр. Көш соңынан ілескен біздің қыз-келіншектер қауымы да өздеріне тиесілі бұрынғы міндетке іскерлік жұмысты, мансапты қосып алды. Әрине, ХХІ ғасырда мұндай жаңалықтармен ешкімді таңқалдыра алмайсыз. Әйел – жар да, келін де, ана да және жақсы қызметкер, үздік басшы да бола алады. Барлығын өте жақсы, тіпті, кейбір еркектер қауымынан әлдеқайда артығырақ атқара алады десек, әсірелегеніміз емес. Олармен бәсекеге де түсіп жүрген қазақтың қаракөздерін өзіңіз де көріп жүрген боларсыз.

Десе де, әйелдің аты – әйел. Ол қашанда, қай жерде болмасын өзінің кім екендігін ұмытпай, орнын білуі керек. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де, бұл шындық. Сондықтан мансапқа жету жолында сізге қойылатын талаптар мен ережелерді, тыйымдарды қаперіңізде ұстай жүрсеңіз, өзіңіз үшін пайдалы болмақ.

Кез келген өмір сорабы сынды мансап та уақытты, күшті, батылдықты, ең бастысы айқын мақсатты талап етеді. Сондықтан мансап үшін өзіңізді құрбан етпес бұрын бәрін анықтап алыңыз. Сіз дайынсыз ба? Бұл жолдың бойында кездесетін ыстыққа да, суыққа да шыдай аласыз ба? Ал егер сол жолды шынымен де таңдаған болсаңыз, кеңестеріміз тек сіз үшін.

1. Жоғарыда атап өткеніміздей, ең алдымен нақты мақсатты айқындап алу керек. Не үшін мансап қуасыз? Кім үшін? Ол сіздің өміріңізде қаншалықты маңызды? Мансап үшін неге дайынсыз? Сіздің мақсатыңыз - өзіңіз атқарғыңыз келетін үлкен лауазымды қызмет немесе басшылық жасағыңыз келетін жетістігі мол компания болуы мүмкін. Сондықтан бәрін алдын ала шешіп алуыңыз керек. Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді. Таңдауыңыз жалғыз болсын.

2. Өзіңіздің ең мықты және ең әлсіз тұстарыңызды сараптап алыңыз. Өзіңіздің ерекше тұстарыңызды білу - сізге алғашқы қадам жасау үшін сенімділік пен күш береді. Ал осал тұстарыңыз күшті болу үшін қай жағыңызбен жұмыс жасау керектігін айтады.

3. Сізге кәсіби маман кеңесі керек. Психологтардың айтқандары немесе үлкендердің ақылы ештеңені өзгерте алмайды. Ал кәсіби кеңесшілер сіз ойлағаннан да көп дерек бере алады. Халықаралық, қазақстандық нарықтың жағдайынан хабардар болып, бизнес әлемінен құнды мәліметтерге қанығыңыз. 

4. Өзіңізді жарнамалай білу, таныстыра білу өнерін жетік меңгеруіңіз керек. Сөйлесулерді, келіссөздерді кәсіби деңгейде сенімді жүргізу – сіздің басты міндетіңіз. Мұндайда аздап болсын қаталдық керек. Әйелдік нәзіктігіңіз бен жанашырлық сезімге жол жоқ.

5. Түймедейден түйедей шығады. Сәтті әйел үшін майда-шүйде нәрсе деген жоқ: киім стилі, дауыс, күлкі, іскерлік этикетті меңгеру, құжаттарды рәсімдеу, кеңес беру – бәрі де сіздің еш қиындықсыз алып жүре алатын іс-әрекеттеріңізге айналу керек.

6. Өзіңіздің әйел екеніңізді ешқашан естен шығармаңыз. Әрдайым сыпайылық, пен адамгершілік танытып жүру – ортаңызды кеңейтіп, достарыңызды көбейтеді. Жұмысыңызды алға тартады. Ешкімге сүйреңдеп сөйлеп, беталды ұрысушы болмаңыз.

7. Міндетті түрде өз құқықтарыңызды жетік меңгеріп алыңыз. Еңбек Кодексін бірнеше рет қайталап шықсаңыз артықтық етпейді.

8. Әдетте, мансап жолына түскен нәзік жандыларымыздың жиі айтатын сөзі: «Уақытым жоқ!». Біліңіз, уақытым жоқ деуші адам ештеңе бітіріп жүрген жоқ. Бәріне де үлгеруге болады. Өзіңізге де, жұмысыңызға да, ең бастысы, отбасыңызға, жарыңызға, балаларыңызға уақыт бөліп жүріңіз. Сіз – Анасыз! Перзент тәрбиесінің жауапкершілігі сіздің мойныңызда екенін біз айтпасақ та жақсы білесіз. Мезгілінде берілмеген тәлімнің орнын ешбір атақ та, ақша да толтыра алмайды.

Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен – әлемді тербетеді. Өйткені, ол бүгінгі қоғамның талабы. Өркениетті елімізді дамыту үшін, әйел ,ер деп екі топқа бөліну жөнсіз сияқты. Қай топ болмасын, өз белсенділігі мен іскерлігін ортаға салып, елге деген сүйіспеншілікпен беріле жұмыс атқарса, нұр үстіне нұр болары анық. Ақылды әйел қашанда отбасы мен қызметін бірге ала жүріп, әлемнің бесігін тербеуге құдіретті. Сондықтан, мансап жолындағы сапарыңыз сәтті болсын демекпіз!

 Суреттер::prikol.me; copypast.ru; syoma.ru; 9rooms.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева