Бүгінгі әңгімеміз достық жайлы

Бүгінгі әңгімеміз достық жайлы

Бірде достық пен махаббат кездесіп қалыпты. Тәкәппар Махаббат салған жерден мақтанып: «Мен сұлумын, сүйкімдімін. Жұрттың бәрі де мені сүйеді. Менсіз ғұмыр мағынасыз. Ал сені кімге керегің бар?» депті лепіріп. Тегінен кішіпейіл достық: «Мен сен кеткен соң артыңда қалған көз жасын сүртуге керекпін» депті де жүре беріпті.

«Біз қоштасқан соң «жау» бола алмадық. Себебі, бір-бірімізді шын сүйетін едік. Қоштасқан соң дос та бола алмадық. Себебі, бір-бірімізді шын сүйетін едік. Бұл сезімді тек достықпен ғана шектеп қалу әсте мүмкін емес еді» дегені бар еді бір досымның мұң шаға отырып. Достық махаббатқа айналуы бек мүмкін. Ал бірақ, махаббаттың достыққа айналуына өз басым содан былай сенбеймін.

Шынайы достық жайлы ойланғанымда санама сансыз мысалдар орала береді. Құр сөзбен оның мағынасын, адалдығын жеткізу мүмкін де емес шығар.

Соғыс кезі, айналадан ұшқан оқ қаншама есіл ерлерді баудай түсіріп жатыр. Окоп ішінен басыңды қылт еткізсең болғаны жұлып түсірердей. Әлдеқашан оққа ұшқан досының жанына баруға жас жауынгер командирден рұқсат сұрайды. Сенер-сенбес көзімен барлай қараған командир үнсіз тұра береді. Қайталай өтініш жасаған жауынгерге оқты көзін ата қарап:

- Есің дұрыс па? Мынадай оқ ішінде ме?! Ол әлдеқашан оққа ұшты. Бізге әлі шабуылдау бұйрығы түскен жоқ!- дейді.

- Баруым керек, командир, оның өлгенін білемін. Сонда да сөзсіз баруым керек.

Командирдің үнсіздігінен рұқсат алғандай, окоптан атылып шыққан жауынгер тозаққа айналған қан майдандағы от пен оқ ішінде серігіне қарай жүгіре жөнеледі... Сәлден соң бағына орай аман қалып, аз ғана жарақат алып, қайта оралған жауынгерге командир:

- Айтпадым ба? Ол әлдеқашан өлді.

- Иә, командир мырза, ол өлді. Бірақ, мен барған сәтте басын көтеріп «Келеріңді біліп едім» деген жалғыз ауыз сөз айтты да, өз қолымда жан үзді...

Әлде естігем, әлде бір жерден оқығам. Әйтеуір, санамда қалған осы бір әңгімеден соң достық жайлы не айтуды білмеймін. Саналы оқырманға бірдеңе айту да артық шығар. Тек осы бейбіт өмірдің өзінде адал, сеніскен достар үшін титтей де болса ерлік жасай алдық па?!

Жалғыздықтан жабырқаған сәттерімде, махаббаттан тауым шағылған кезімде, әлде бір жақынымнан мәңгілікке айырылған сәттерімде, досым, «мен сенің келеріңді біліп едім!»

Автор: Алшын Матай

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек