Лифт және біз

Лифт және біз

Он бес адам шығатын лифтке он алты адам шыққандықтан лифт қалыпты жұмыс жасай алмайды. Сонымен сөзсіз бір адам түсіп қалуы керек. Бірақ, ондағы адамдардың бәрі де қарбалас. Бірі жұмысына, бірі әлде басқа нәрсеге асығады дегендей. Ешкімнің де түсіп қалғысы келмейді. Уақыт зымырап өтіп жатыр. Бәрі де асығыс бейнеде сағатына қарап қойып, тықыршып тұра береді. Қас-қағым сәтте лифт екі рет түсіп, қайта шығар уақыт өте шығады. Әбден шыдамы таусылған бес-алтау баспалдақпен кетуге бірдей сыртқа шығады. Ал шындығында олардың бәрі де жұмыстан кешіккен еді.

Бұл бір қарапайым мысал ғана емес, қазіргі қоғамның бет-бейнесі. Бүгінде ешкім өзін құрбан еткісі келмейді. Мұнда жұмыстан кешігу маңызды емес, ең бастысы қорытынды адамгершілікке келіп тіреледі.

Біреу бір қалта қоқсықты шығарда лифтке ұмытып, қалдырып кетеді. Мұны көрген біреуі “Мынаны лифтке қалдырып кеткен қандай көргенсіз адам” деп ойлайды да қояды. Екіншісі “Ұмытып кетті ғой, есіне түскенде алып кетер” деп ойлайды. Үшінші адам “Мен секілді лифтке қоқсық тастап кететіндер де бар екен-ау” деп ойлайды. Төртінші адам “Мұрныма су жетпей жүргенде, мұндай жетерсіздікке қарайтын мұрса жоқ менде” дейді жайбарақат. Бесіншісі “Мұнымен ешкімнің жұмысы болмағаны ма, тазалық қызметкерлері ақша алғаннан басқа ештеңе бітірмейді” дейді ашуланып. Сонымен әлгі қоқыс әбден шіріп, иісі қолқаны қапқанға дейін жата береді. Жұрттың бәрі мұрнын басып лифтке шыққанымен, бәрі де осы бес адамның ойынан аспайды.

Көрдіңіз бе, бәрі де ойлайды. Адам баласына ортақ іске келгенде әркім әр түрлі ойлайды. Бірақ, қол салып іске кірісер пенде жоқ. Солай емес пе?!

Автор: Алшын Матай

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек