Жасөспірімге арналған фильмдердегі секс: Жыныстық сауаттылық сабақтары керек пе?

Жасөспірімге арналған фильмдердегі секс: Жыныстық сауаттылық сабақтары керек пе?
Фото: envato.com

Адамдар түрлі тілде сөйлейді, түрлі тағам түрін тұтынады және белгілі бір нәрсеге қатысты түрлі сезімді бастан кешеді. Бірақ күннен-күнге тұтынатын өнім барлық мәдениет пен өркениетке бірдей (ұқсас) болып келе жатқаны жасырын емес. Соның ішінде тілі бәріне түсінікті дейтін музыка мен кино саласында шектеу жоқ. Батыс мәдениеті шығыспен астасып жатыр. Бір кездері "көзіңді жұм" деп қарайтын сахналар кино индустриясының айнымас бөлігіне айналды. Бұндай сахналар отбасылық фильмдерден басталып, биографиялық фильмдерге дейін кездеседі.  

Қазір жасөспірімдерге арналған сериалдар мен фильмдерде көтерілетін негізгі екі ауқымды тақырып бар: секс пен күйзеліс. 

Күйзеліс — XXI ғасырдың басты мәселесі. Әрбір адам күйзеліске түсіп, психикалық ауру қатарына жатпаса да, оның алғашқы белгісі саналатын стресте өмір сүріп жатыр. Таңертең ұйқысы қанбаған студент, жұмыстан үйге қайтып келе жатқан маман, кептелісте тұрған кәсіпкер, күліп сауда жасап тұрған әйелге де ойлар маза бермейді. ДДҰ ұсынған деректер бойынша бүгінде бір миллиардқа жуық адам күйзеліске шалдыққан. Ал бұл психикалық ауытқу жасөспірімдер мен ересектер арасындағы мүгедектіктің алғашқы белгісі ретінде көрсетіліп отыр. Одан бөлек, көрсеткіш бойынша әрбір бесінші жасөспірімде күйзелістің белгілері байқалған. 

Күйзелістің басты себебі ретінде жалғыздық сезімі мен назардың не жылудың жетіспеушілігін атап өтуге болады. Соның салдары ма, жыл сайын ерте жастан жыныстық қарым-қатынасқа түсетін жасөспірімдер саны артып келеді. БҰҰ халық қоныстану қоры жүргізген бірнеше жылдық санақ бойынша Қазақстандағы жыныстық қарым-қатынасқа түсу жасы ортамен – 16.5. Ал Денсаулық сақтау Министрлігіне қарасты қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының есебі бойынша бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен. Соңғы дерек бойынша (2020 жыл, наурыз) жасөспірімдердің 7%-ы 15 жасында жыныстық қарым-қатынасқа түскен. 

Бұндай статистикалық деректерге фильмдер мен сериалдардың әсері бар ма деген сұрақтарға жауап іздеп, киносыншы, психолог, сексолог мамандармен тілдескен болатынбыз. Сонымен қатар, бірнеше жасөспірім де өздерінің пікірін білдірді.

Фильмдегі ашық сахналар . Порнография. Қауіп

Бала түгілі ересек адамдардың арасында баланың қалай пайда болатынын білмейтіндер бар. Сондықтан істеген ісіне жауапкершілік алудан қашып, "менің балам болуы мүмкін емес" деп өз отбасынан безіп жүргендер жеткілікті. Зерттеу бойынша кішкентай балалар мен қыздар жыныстық өмір туралы ақпаратты кездейсоқ ақпарат көздерінен алады. Ол ашық дереккөзі болғанымен, толық әрі нақты болмауы мүмкін. Оның үстіне БАҚ өкілдері мен кино индустриясының берер әсері мол. Олар адамның өмірін тек тән жақындастығымен ғана байланысты деген ұғымды санаға құя түседі. Сондай фильмдердегі ашық сахналар туралы киносыншы Жандос Құсайынов былай деп жауап берді: "Ашық сахналар – фильм жасау мәдениетінде бұрыннан бар еді. Кейін тіпті сценарилық құрылымның бөлшегіне айналдырып жіберді. Егер байқар болсаңыз, әсіресе мейнстрим фильмдердің негізін қалайтын үш актілі формулаларда ашық сахнаның арнайы тайм-коды бар. Осынша минутта, осында актіде төсек сахнасы болуы тиіс деген. Бұл кәдімгі қағида іспетті нәрсе. Неге? Бірнеше себеп: көрерменнің қызығушылығын арттыру. Адам өзі тиым салынғанға құмартатыны бар. Осы әбден ескерілген. Одан кейін төсек өмірі – өмірдің көрінісі дейтін құндылықты жамылу. Бірақ кино өмірден алынғанмен, өмірдегінің бәрі киноға, көпшілік тамашалайтын құралға айналмауы тиіс қой. Өкінішке орай, бұл түсінікке тойтарыс беріліп келе жатқаны рас.

Ал, жасөспірімдерге арналған сериалдардың басым бөлігі ашық сахналардан тұратыны да жоғарыдағы себептен деп ойлаймын. Әзілдің белден төмен бола түскен сайын күлкілі болатыны – адам табиғатынан. Қолайсыздық пен ұятты нәрсенің көлденең, кенеттен тап болуы– адамның күлкі рефлексін тудырады.  Міне, осы нәрсе көп киношының арзан әрі өтімді сахна жасауына бастау бола алады.  Әр фильмдегі түпкі насихатты топтастырып бір қырынан яки бір мазмұнда айта салу мүмкін емес. Әдетте ашық, анайы сахнаны жасаушылар бірнәрсені насихаттаймыз деп ойламайтын шығар. Олар сол сәттегі сахнаның өтімділігі мен көрермен тарапынан болатын ілтипатқа акцент берсе керек. Алайда, кез келген визуалды өнім – ол қаласаңыз да, қаламасаңыз да адам санасында із қалдырады: не ізгі ой, не арам ой. Әлбетте, ашық, анайы сахналар ізгі ой насихаттамайтыны анық" – деді киносыншы.

Одан бөлек, кинодағы секс тақырыбы бойынша жыныстық ағарту саласына өз үлесін қосып жүрген маман, uyatemes.kz тренері Камила Тұяқбаеваға да мазалаған сұрақтарды қойған болатынбыз.

— Осыдан бірнеше жыл бұрын кинодағы төсек сахналары сүйісуден аспайтын. Қазір ашық сахнасыз фильмді кездестіру өте қиын. Бұл адамдардың санасының өзгерісімен не заман талабымен байланысты ма?

— Қарым-қатынас, сүйіспеншілік өміріміздің айнымас бөлігі болғандықтан, оның кинода да көрсететіні анық. Отандық кино өнімдерден ондай саханаларды кездестірмегем. Ол біздің қоғамда секспен айналыспақ түгілі, оны талқылаудың өзі ұят болуымен байланысты шығар. Сұраныс болған жерде ұсыныс болады. Батыс кино индустриясында ашық сахналадың ашық көрсетілуі содан болса керек. Мені бұл жерде секстің өзі емес, әйел адам денесінің шектен тыс сексуализациясы алаңдатады. Яғни, заттану, соның ішінде адам ретінде емес, ер адамның жыныстық қалауын қанағаттандыру зат обьект ретінде көрсетуі мәселе болып отыр. Ол тек кинода ғана емес, медиада, музыкалық бейнебаянда (әсіресе рэп орындаушылары), жарнамаларда да кездеседі. Тіпті, әйел адамның денесіне қатысы мүлде жоқ (СТО, көлік тазалайтын мекеме) жерде бикинидегі қыздардың суретін пайдаланады. Бұндай сексуализация зорлық пен бөліп жарудың ушуғуына себепші болады.

— Жасөспірімдерге арналған сериалдардың басым бөлігі сексуалды "біліммен" тығыз байланысты. Яғни, ата-анамен еркін талқылай алмайтын сұрақтарды сериал арқылы алуға болады. Бұл жасөспірімдердің сексуалды өміріне әсер ете ме?

— Қазір "Жаныстық сауаттылық" (Sex eduacation) атты сериал жасөспірімдер арасында танымал. Кейбір токсинді қарым-қатынасты насихаттағаны болмаса, бұл сериалды мен көруге кеңес берер едім. Ол жерде қыз-жігіттің қарым-қатынасы, арадағы қиындықтар, тіпті ата-ана мен бала қарым-қатынасы да мәселе ретінде көтеріледі. Бұндай сериалдардың порнографиялық фильмдерге қарағанда әлдеқайда ақпараты мол деп есептеймін.Порнографиялық фильмдерде зорлық-зомбылық сахналары көп, ал адам тәні шектен тыс мінсіздендірілген. Оны көрген жасөспірім біріншіден өз тәнінен безіне бастайды, екіншіден сақтану керегін естен шығарады. Бұған қарағанда қауіпсіз қатынастарды, шекаралардың қорғалуын насихаттайтын сериалдар әлдеқайда артық. Мейлі ол жерде ашық сахналар болса да...

"sex education" сериалы

— Қазір ЛГБТ сериалдарда ашық насихатталады. Бұл жасөспірім санасына қалай әсер етеді? 

— ЛГБТ насихатталуы мүмкін емес. Өйткені, адамның гетеро не гомосексуалды болуы оның санасымен тығыз байланысты. Сексуальды ориентация бұл саналы түрде жасалатын таңдау емес, сондықтан оған ешбір үгіт-насихат әсер етпейді. Зерттеулерге сүйенсек, адамның сексуалды ориентациясы жүктілік мерзімінің бірінші не екінші триместрінде қалыптасады. Бұл тек адамның күрделі ағза екенін, оның алуан түрлілігін дәлелдейді. Ал сериалдар тек толерантты болуға, сол алуан түрлілікті қабылдауға үйретеді.

— Тым ерте жыныстық қарым-қатынас туралы білу одан ерте жеріп кетуге әкелмей ме?

— Жыныстық қарым-қатынас туралы білуге асық болу — бұл қалыпты жағдай. Қай заманда болсын жыныстық жетілу кезеңін өткеріп жатқан жасөспірім бұл тақырыпқа қызыққан, білуге асық болған. Қазір де солай. Жыныстық ағарту баланың кішкентай кезінен басталуы тиіс. Бұл тек секс туралы ақпарат қана емес, денсаулық, оны қорғау туралы деректерден тұрады. Келісім беру, өзінің шекараларын қорғай алуы, өзгенің шекарасын құрметтеу сынды жан-жақты тақырыптарды қамтый білуі тиіс. БҰҰ қарасты Халықтың қоныстануы бойынша қоры бар. Олардың жүргізген зерттеуі бойынша, Қазақстанда алғашқы жыныстық қарым-қатынас орта есеппен 16,5 жаста болады.Бұл жас жиілігін ұзарту үшін жыныстық ағартуды ертерек бастау керек. Жан-жақты жыныстық білім алған адамның өзгелермен салыстырған жыныстық қарым қатынасқа әлдеқайда кеш түсетіні ғылыми дәлелденген. Неғүрлым көбірек ақпараттар соның ішінде ерте жүктілік, аурулар мен қатерлерді білген сайын олар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай бастайды. Одан бөлек, бала өзінің денесін қорғау керегін, дәрігерге ұялмай қаралу керегін және өз жыныстық мәселесін еркін талқылай алу керегін ұғады.


Тошио Саэки иллюстрациясы

Z буының өкілдері өзара "КСРО кезінде секс болмаған" деп әзілдеп жатады. Бұл әзілдің де түбі болу-болмауында емес, ол туралы ашық айта алмаумен байланысты болса керек. Қарапайым түрде баланың қалай пайда болатыны туралы аңыз әңгімелер ойластырса, кей мектепте биология сабағында қыз бен ұлды ерешелендіретін жыныс мүшелерімен танысуға бөлінген сағатты шектеп, "өздерін үйден оқып аларсыңдар" деп жылы жауып қоятын сәттер де кездеседі. Бұл тақырып —  табу. Сондықтан, ересектердің баламен секс туралы сөйлесу тәжірибесі жоқ, өйткені оны олар өз ата-анасымен талқыламаған. 

Мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқушылары үшін фильмдердегі интим сахналар оның қызығушылығын оятады. Өйткені, олар үшін бұл таңсық тақырып. Білуге тырысу — сау балаға тән қабілет. Оның ойында эротикалық жанама ой болмайды. 

Кішкентай балаларды бұндай көріністерден алшақ ұстауға болады, бірақ жасөспірім балалар кинодағы әр сахнаны түсініп отырады. Одан бөлек, олар да тыйым салынған сахнаны байқаусызда (кейде әдейі) қарағаны үшін ұялып, өзін қателік жасағандай сезінетіні де жасырын емес.

Есенғалиева Айзере, 16 жаста:
Бұрын жыныстық қатынас тақырыбын табу ретінде қабылдайтынмын. Қазір бұл талқылануы тиіс тақырып ретінде танимын. Сондықтан бұл тақырыптағы фильмдер мен сериалдар өтімді және жасөспірімдердің сексуалды өміріне әсер етпей қоймайды. Біздің елімізде бұл тақырып ата-анамен немесе басқа ересек адаммен талқыланбайды. Ал жыныстық даму қыздарда 8 жастан, ұлдарда 10 жастан басталады. Тіпті есейсе де қателік деп жататын жүктілік, аборт, жұқпалы аурулардың барлығы меніңше жыныстық ағартудың болмауынан. Жасөспірім ретінде, оқыған, көрген ақпараттар бойынша Қазақстанда адамдардың тек азғантай бөлігі сексуалды мәселелері туралы ашық айта алады. Оның өзінде ашық айтудан басқа жол таппаған кезде деп ойлаймын. Ал жасөспірімдер бұл тақырыпты қызық көріп өзара талқыға салады. Оның биологиялық, физикалық ерекшеліктерін ашық айтады. Әрине, үлкендерден жырақ, тек өз арамызда ғана. Соған қарамастан өздерінің денсаулықтарына қатысты мазалаған сұрақтарды ашық ешкіммен талқылай алмайды. Гинеколог, уролог сынды мамандардан әлі де ұялу бар. Болашақта қалыпты нәрсенің ашық айтылуы, қарастырылу деңгейі өседі деп ойлаймын. Сонымен қатар оның ашық көтерілуі арқылы зорлық (одан кейін қысылу, күйзеліс, жаза),педофилия сынды мәселелердің де шешімі болады.

Жасөспірімнен фильм қарау барысында көзін жұмуды сұраудың мәні жоқ. Бұндай жағдайды "Мынау ыңғайсыз болды ғой" деп әзілдеп, ыңғайсыз жағдайдан шығу жолын іздеуге болады. Ата-ананың фильмдерге реакциясы бала үшін маңызды ақпарат көзі: бұл туралы ата-анам не ойлайды, олармен талқылауға бола ма, осы тақырыпта сұрақ қойсам бола ма, менің білетінім туралы білсе ұрыса ма екен деген сұрақтар мазалайтын болады. "Қарама", "әлі кішкентайсың" деген әңгіме балаға өзін біліп ал, сенімен ешкім санасқалы жатқан жоқ дегенді білдіреді. Бұндай жағдайда ата-ана "қазір көзіңді жұма тұр, артынан (ертең, кейін, фильм біткеннен кейін) түсіндіремін" деу керек. Бұл арқылы балаға тыйым салынғанын емес, жай ғана кейін уақыты келгенде түсіндіретін нәрсе екенін ұқтырады. Кейін "фильмде көрсетілген нәрсе ересек өмірдің бөлігі, тек ересек адамдарға тән нәрсе болғандықтан, сенің көзіңді жұмуды сұрадық" деп түсіндіре аласыз. Балаға сұрақ қоюға мұрша беріңіз, ал жауапты оның жасына сәйкес бейімдеңіз. 

Ерғанат Аманғали, 16 жаста
Фильмдері төсек сахналарының саны артуы адамның санасына байланысты емес. Тек, қазіргі таңда осындай сахналары бар фильмдерге сұраныс бар. Сұраныс болса, ұсыныс болады. Жәй ғана нарықтық экономика, бизнес деп есептеймін. Әрине бұл фильмдердің, әсіресе порноиндустрияның сексуалды өмірді танып білуге көп үлесі бар. Алайда толық жыныстық сабақтар бере алмайды. Бұндай фильмердің бүкпе, шынайы емес тұстары көп екені айтпаса да түсінікті. XXI ғасыр — ақпараттар ғасыры. Порнографиялық фильмдерді ғаламтор желілерінен еш шектеусіз көруге болады. Ол бәріне қолжетімді. Кішкентай балалардың фильмдерді ерте жасынан жанама болсын көретінін де ескеру керек. Осыған байланысты олардың ерте есеюге деген қызығушылығы арта түседі. Қаласа да, қаламаса да қатардан қалмау үшін жыныстық қарым-қатынасқа түседі. Секс туралы білімі таяз болғандықтан, ол ерте жүктілік мәселесін тудырып, түрлі жыныстық жолмен берілетін аурулардың таралуына алып келеді.

Сондықтан, ертерек, нақтырақ айтса 5-6 сыныптан бастап, жыныстық сауаттылық пәндерін енгізген жөн деп есептеймін.Соның ішінде контрацепцияның маңызы, түрлері және қолданылуын үйретуге негізгі акцент қойылу қажет.

Желіде ашық көздері көп, соның ішінде әлеуметтік желіден де оңай табуға болатын порнографиялық фильмдердің қанша пайыз тұтынушысы балалар екендігі туралы нақты ақпарат жоқ.  Соған қарамастан жүргізілген шағын зерттеулер бұл мәселенің ауқымдылығын көрсетте түсті.

2011 жылы ЕС елдерінде жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша 9-16 жастаға жасөспірімдер порнографиялық картинаны көрген, бірақ ол кезде интернеттен көргендер көрсеткіші 11% болған. Одан бері 10 жыл өтті, интернеттің қолжетімділігі де соншалық мөлшерде артты.

Мұқатаева Айгүл, психолог

Консультация алуға келетін жасөспірімдер өздерінің мәселесін еркін айта алмайды. Ата-анасының шығып кетуін сұрайды. Бұл ата-ана мен бала арасындағы сенімділіктің жоғын көрсетеді. Сексуалды өмір  тұрмақ, олар өздерінің мектептегі қиындықтарын ашып айта алмайды. Адамның еліктейтін мінсіз мінез-құлық үлгісі (не әкесі, не шешесі бола алмаған) жоқ болған жағдайда ол оны сырттан іздейді. Әсіресе, актерлер, музыканттар сол кезде көмекке келеді. Олар өздеріне тіреуді сол еліктеу арқылы табады.

Ерте жастан жыныстық қарым-қатынасқа түсуге де сол белгілі бір деңгейде әсер етеді. Жалпы біз жасырғымыз келетін секс туралы ақпаратты бала фильмнен алады, қатарластарынан алады, порнографиялық видеолардан алады. Оған дұрыс бағыт беретін жыныстық сауаттылық сабағы керек деп ойлаймын. Ол сабақ тек қазір балаларға ғана емес, ересектерге де керек. Ата-аналарға да керек. 

Қазір біз кез келген нәрсе (тіпті жарнамаға дейін) сексуализацияланған әлемде өмір сүреміз. Ересектер де, балалар да желідегі ашық сахнаға толы фильмдерден бастап порнографияның кез келген түріне еркін қол жеткізе алады. Бала санасына бұл толассыз, лас ақпаратқа тойтарыс беру үшін арнайы дағды керек секілді. Көзбен көрген нәрсе болашақта баланың жеке өміріне, есейген шақта оның сексуалды өміріне айтарлықтай кедергі келтірер ме екен деген қорқыныш та жоқ емес. Біз бәріне тыйым сала алмайтынымыз, салғанның өзінде оны алудың өзге жолын табатыны бәріне мәлім нәрсе. Тек оны саналы жүйе арқылы ғана ушығудан сақтай аламыз.

Сіз қалай ойлайсыз, бізге жыныстық сауаттылық сабақтары керек пе?

Т. Есқали