Сен сияқты мені ешкім еркелетіп

"Сен сияқты мені ешкім еркелетіп, 
Сен сияқты мені ешкім түсінбеген"

Иә, бір-бірін еркелетіп сүйген жұптың махаббаты да ерекше болатын шығар. Көшеде тәтті сезімнің құшағында жүрген жұпты байқасаңыз қылығы қызық көрінеді. Бір-біріне балмұздақ жағып, бір-бірін қуаласып ойнап жүргенін көруіңіз мүмкін. Ал кейбірі тіптен салмақты. Яғни, артық қимыл, сөз жоқ, бір ізбен барып, бір ізбен қайтады. Бірінші аталған ғашықтарға не әсер етуі мүмкін?

Алдымен, жас. Жас ерекшеліктің бұл психологиясы маңызды. Егер қыз жігіттен кіші болса, бұл еркелік орынды. Тіпті, жасы шамалас жұп та бір-біріне деген сезімін еркелеп жеткізеді. Достықтан пайда болған махаббатта да еркеліктің желі есіп тұрады. Бір-бірін бала кезден танитын ғашықтар бұл қылығын есейгенде де жасырып қалуы мүмкін емес, сыныптас (парталас) болса, тіпті қиын.

Екінші фактор – мінез. Жігіт салмақты болса, ғашығы үйдің сүт кенжесі дейік. Үйден еркелікке "батып" өскен қыздың қай ортада да ерке болатыны сөзсіз. Ақылды еркесін жігіт қауымы "кішкентайым", "еркем" деп еркелетіп жүреді.

Үшінші фактор – орта. Салмақты ортада жүрген ғашықтар өздерін барынша қай жерде де түзу ұстайды. Өздеріне ғана мәлім еркелікті бәз біреулерге көрсете бергісі келмейді.

Тәтті қылығымен жанын қытықтайтын ханшайымының еркелігін көтере білген ханзаданың да сабыры мықты болады дейді психологтар. Мұндай жігіттің көбі "ғашығыңыз ерке ғой" десе, "ол осы қылығымен мені баурап алды" деп жауап береді екен.

Ендігі бір сұрақ бұл еркеліктің "жарамдылық мерзімі" бар ма? Яғни, отбасы болып шаңырақ құрған кезде сананы тұрмыс билеп, еркеліктің орнын әлдеқандай сезім басып кетпей ме?

Бірінші фактор бойынша сөйлесек. Жас ерекшелік психологиясы жылдың өтуіне орай өзгереді екен. Өйткені, сәбидің еркелігін қызықтайтын шақ туады.

Көп қыздың мінезі өзгере бермейді. Өзгерткісі келетіндер ғана еркелігінен "құтыла" алады. Егер "жарым осы қылығымды ұнатты ғой" десе, қылығымен ерін қуанта да алады, сәбиіне де жылуын бере алады.

Ал, ортасына байланысты айтатын болсақ, ортаға бейімделгіш қыздар еркелігін үлкен өмірге қадам басқанда өзгертуі мүмкін. Өзі өскен ортадан "үлкен" ортаға сіңісіп кетудің оңай емесі белгілі. Еркелеп жүріп, бәрінің көңілінен шыға білсе, құба-құп.

Ғашығының шамына тимей орнымен еркелеген қыздар ақылды ерке болары сөзсіз. Ал сіз қандай еркесіз?