Оптимизм деген не?

Оптимизм деген не?
Фото: yandex.kz

Адам өмірде келеңсіз оқиғаларға тап болмай тұрмайды. Бүгін бізді бір мәселе мазаласа, келесі күні тосыннан өзге кедергі күтіп тұруы мүмкін. Кейде тығырықтан шығатын жол табылмайтындай көрінеді. Мұндайда үміт отын сөндірмей, алға жылжуға күш-қуат беретін сезім – оптимизм. Оның пайда болуы философия ғылымымен тікелей байланысты. Ең алғаш термин ретінде де осы ілімде қолданылған екен.

Пессимизмге (сары уайымға салыну) қарама-қайшы бұл ұғымның мағынасын толық ашсақ, болашақтан зор үміт күту, әділетсіздікті толықтай жеңу, бақытқа ұмтылу дегенді білдіреді. Оптимист адамдардың өмірінде қиыншылықтар болмайды деген дұрыс емес, мұндай адамдар сынақтарды абыроймен жеңе біледі. Оларға үнемі таза ойлау, қоршаған ортаға жылылық таныту, әрдайым күлімсіреп, айналасына жақсылық жасау сынды қасиеттер тән.

АҚШ ғалымдарының зерттеуі бойынша оптимист адамдар пессимистерге қарағанда ұзағырақ өмір сүреді екен. 1976 жылдан басталған тәжірибеге шамамен 70 мыңдай адам қатысқан. Осы адамдардың күн тәртібі, денсаулығы, әдеттері, өмірге деген көзқарастары есепке алынған. Ішімдік пен темекіні пайдалану дағдылары да байқалған. Олардың өміріне оптимизм мен пессимизмнің әсері зерттеліп, нәтижесінде оптимисттердің 85 жастан артық өмір сүру ықтималдығы анықталған. Бұл көрсеткіш пессимистерге қарағанда 20 пайызға артық. Яғни, ұзақ жасауға дұрыс ойлай білудің пайдасы зор.

Адам өмірі оның психологиясымен тығыз байланысты. Оның ойлау қабілеті, эмоциялары жүйке жүйесіне әсер етеді. Жақсы ойлау тек дүниетанымды кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар белсенділікті арттырып, қанағатшыл болуға шақырады. Әркім өз сезімдерін бақылауда ұстап үйренсе, талай жайттардың алдын алу мүмкіндігі туады.

Қорғау Еркеназ, Өскемен қаласы, 11-сынып оқушысы

Қ. Слямбек