Когнитивті карта: Өтірікті анықтау жолы

Когнитивті карта: Өтірікті анықтау жолы
Фото: yandex.kz

Адамның өтірігін анықтау әркімге қызық. Біреудің өтірік не шын айтқанын ажырата алмай, дүдәмал күйде күйде қалмас үшін адамтануды қолға алған жөн. Айтқан сөзі мен бейварбальды амалдарына, әдеткі психологиясы мен мінез-құлқына қарап, оның сөйлеген сөзіне баға беріңіз. Сырттай бағалау жасаңыз.

Өтірік айтқан адамды тану жолдарын үйреніңіз. Оны байқаудың, табудың жолдары да ашық, айқын. Өтірікті ажыратудың оңай техникаларының бірі – адамның когнитивті картасын ашуға тырысу.

Когнитивті карта дегеніміз – адамның қоршаған ортаны қабылдауынан туған бейсана әрекет, есте сақтау қабілеті. Бұл жерде өтірікті анықтау техникасы адамның не айтып отырғанына емес, оны қалай айтып отырғанына екпін түсіреді.

1. Егер адам белгілі бір оқиғаны (қуанышты, қайғылы, сағыныш) бастан кешірсе, онда оның толық бейнесін, образын, картинасын есте сақтап қалады. Әрі ондай оқиғаны айтқан кезде, сол бейнеге, образға сүңгіп кетеді. Детальдарға (объект, субъект) дейін есте сақтап қалады. Әрі оны еске алған кезде детальдарды да қоса айтып, сезімімен бөлісе алады. Мұны психологияда «когнитивті карта» деп атайды. Яғни, адамның есінде оқиғаның эмоциямен қалуы әрі ол оқиғаны айтқан кезде де адам эмоциямен айтатын болады. 

Мәселен, адам сол оқиға орын алған күні қайда болғанын, мекенді (үй болса, үйде қанша бөлме барын, қанша қабат екенін, үйдің үлкендігі, ауласы), жанында кімнің болғанын, күн райы қандай екенін – белгілерге дейін есте сақтап қала алады. Есте қалмады дегеннің өзінде, оқиғаны еске түсіру арқылы, образды қайта елестету арқылы детальдарды айтып беруі мүмкін.

Бұл жерде айта кететін бір дүние бар: егер адам өтірікті алдын ала ойлап, оны санасына сіңдіріп алған әрі сол өтірікке имандай сенетін адам болса, ол да оқиғаны еске түсірген кезде детальдарға дейін айтып, шынайы жағдай сияқты жеткізуі мүмкін. Сондықтан адамның шынымен өтірік айтып отырғаны мен сол өтірікке сенетіні арасында айырманы ажыратып алған абзал. Оны ажырату үшін адамның мінез-құлқы мен әдебіне, психологиясына, өткен өмірі мен басқа да белгілеріне қарау қажет. Мұндайда кешенді талдау керек.

2. Адамның когнитивті картасы оқиғаның белгілерін рет-ретімен сақтап алады. Яғни, адам оқиғаның қалай болғанын, неден кейін ненің орын алғанын хатқа жазған жазудай жаттап алады. Оқиғаның қандай да бір жүйесі болады. Әрі адам ол оқиғаны қай жерде қайталаса да, дәл сонда жүйемен айтып шығады.

Егер бұл жерде адам өтірік айтып тұр деп ойласаңыз, онда оны тексеру оңай. Оқиғаны айтып жатқан жерінен үзіп, «бұдан кейін не болды?» деп оқиғаның белгілі бір ортасынан сұрап қалыңыз. Егер мүдірмей айта беретін болса, онда адам шын айтып отырғаны болса керек. Ал егер одан әрі тексергіңіз келіп тұрса, онда оқиғаны аяғынан бастап басына қарай баяндауын өтініңіз. Кідіріп, мүдіріп, ойланып, қателік жіберіп айтатын болса, онда күдіктенуге болады. Оқиғаны ойдан құралған не жалғандығының көрінісі.

Пол Экманның "Психология лжи" кітабы мен сол кітаптың негізінде түсірілген "Алда мені" ("Обмани меня") детектив сериалында жақсы айтылып көрсетілген. 

3. Когнитивті картаның басты ерекшелігі – оқиғаның адам есінде эмоционалды түрде қалатыны. Адам есінде қалған оқиғасын бей-жай отырып айта салмайды, ым-ишаратпен, қимыл-қозғалыспен, мимикамен айтады. Сезімімен бөліседі. Ол кезде қандай сезімде, күйде, халде болғанын қоса айтады. Мимикасы мен айтқан сөзі бірдей, сәйкес, синхронды келеді.

Мәселен, бір танысыңыздың қайбір күні қайда болғанын білгіңіз келді делік. Мысалы, ол сол күні туысымда не нағышымның үйінде болдым деуі мүмкін. Оны тексеру үшін қосымша сұрақтар қойып көруге болады: үйде неше адам болғанын, кімдердің болғанын, олардың көңіл-күйі қалай болғанын, үйге кімдердің келгенін, кіммен не істегенін, тағы сол сияқты белгілерді біліп көруге тырысыңыз. Сұрақ қойылғаннан кейін сөйлесушінің реакциясына, көңіл-күйіне, дауыс ырғағына, әдетіне мән беріңіз. Сол арқылы тұжырым жасауға болады. Егер сұраққа жауап бермей, одан қашуға тырысса, пәлсапалық ой-тұжырымдар «жасап кетсе», еске түсіре алмай қиналса, өзін, эмоциясын қолда ұстағысы келіп тыпыршыса, ақталуға салынса, шын айтып тұрған сыңай танытса, онда күмәндануға себеп бар.

Бірақ бір фактіге ғана қарап қалуға болмайды, жағдайды толық ескеріп, кешенді талдау ұйымдастырған абзал. Өтірікті бір мимикамен ғана анықтай салуға болады деген табиғатта жоқ құбылыс.

Бұл жерде ескере кететін бір нәрсе бар: егер адамның әдебінде ондай белгілерге мән бермеу, ұмытып қалу сынды әдеттері болса, ондай адамды сынап қажет емес.

Өтірік айтқан адам ойланып үлгермейді

Қ. Слямбек