Коронавирус жайлы түс көрсең...

Коронавирус жайлы түс көрсең...
Фото: headtopics.com

Дүниежүзілік пандемия кез келген адамның көңілін алаңдатқаны жасырын емес. Үрей мен қорқыныш та бар. Коронавирус жайлы түс көретіндер де көбейген.

Интернетте "I dream of covid" ("Менің түсіме коронавирус кіреді") блогы пайда болды. Бұған желі қолданушылары карантин кезінде коронавирус жайлы көрген түстерін жаза бастаған.  

Мысалы, Сан-Франциско тұрғыны түсінде қалада келе жатып коронавирус жұққан ине басып кеткені жайлы жазған. Ал Джорджиядан бір адам өзінен COVID-19 вирусы анықталғаны жайлы түс көрген.

Адамдар коронавирус жайлы көрген түстерін көптеп жазуда. Мамандар мұны ұйқы режимінің бұзылуына байланысты деп түсіндіреді. Себебі карантин кезінде таңертең ерте тұрмау, көп қимылдамау, көбірек тамақтанып және көбірек ұйықтау дағдыға айналып барады.

Мэриленд университетінің әлеуметтік психологы Дилан Селтерманның айтуынша, COVID-19 адамдардың ұйқысына айтарлықтай әсерін тигізуде. Сондай-ақ ғалымдар ұйқының адам миына пайдасын бұрыннан-ақ айтып келеді. Ұйқы адам миын өңіндегі қиындықтарға дайындайды.

Адамның түнде көретін түсіне өңіндегі уайымы мен күйзелісі әсер етеді. Cондай-ақ жеке басының жағдайы ғана емес, қоғамдағы оқиғалар да себеп болады. 2001 жылы Нью-Йоркте болған лаңкестік әрекеттен кейін америкалықтардың көбі сол жерде болмаса да осы оқиға жайлы түс көрген. 

Келешекте "I dream of covid" блогы тарихшылар үшін пайдалы болуы да бек мүмкін. Себебі екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Берлин тұрғындары көрген түс туралы жазған неміс журналисі Шарлотта Берадт еңбегі (The Third Reich of Dreams) қазір сол кезеңді сипаттауға таптырмас туынды саналады.

Дилан Селтерман осындай карантин кезінде қорқынышты немесе ақылға қонбайтын бейнесі бар түс көруді қалыпты жағдай санайды. Мұндай түс көргеніңе қатты күйзелудің қажеті жоқ.

Түсіңде жылан көрсең не болады?

Н. Үсенова