ӨЗІҢМЕН КҮРЕС
Адам неге жамандайды/өсектейді?
Әлқисса,
Бір танысы Сократқа келіп:
— Сенің досың туралы не естігенімді білемісің? — дейді. Сократ:
— Бір минут күте тұр! Сен маған ештеңе айтпас бұрын менің сұрақтарыма жауап берші. Бұл сұрақтар «үш сүзгі» деп аталады. Біріншісі «шындық cүзгісі». Маған айтайын деп тұрған нәрсең шынымен рас екеніне сенімдісің бе?
— Жоқ, біреуден естідім.
— Олай болса, жақсылық сүзгісіне өтейік. Досым туралы айтпақ болғаның жақсы нәрсе ме?
— Жоқ, керісінше жаман нәрсе.
— Онда пайда-зиян сүзгісін көрейік. Сенің айтайын деп тұрған нәрсеңнің маған келіп-кетер пайдасы бар ма?
— Жоқ.
— Демек, маған айтатындарыңның рас-өтірігін білмесең, ол не жақсы, не пайдалы нәрсе болмаса, оның маған керегі не?- деген екен...
ӨЗІҢІЗГЕ ҒАНА ЖАУАП БЕРІҢІЗ
Бұл мақаланы оқымас бұрын соңғы рет кімді өсектегеніңізді, (жарайды, олай атағыңыз келмесе) жамандағаныңызды еске түсіріңізші. Енді, "Не үшін оны жамандадым?" деген сауалға жауап беріңіз. Жамандағаннан сіз одан жақсы боп кеттіңіз бе, әлде сәл де болса жеңілдеп қалдыңыз ба? Егер соңғы жауап ойыңызға жақын болса, ол сізді "періште" деп ақтап ала алмайды. Сіз жамандаған адам сізге жақсы боп көрінуге немесе оның қылығы, іс-әрекеті сізге ұнауы міндетті емес. Сол үшін осы мақаладан кейін біреуді жамандар/өсектер алдында бұл өмірде ешкім ешкімге ештеңе міндетті емесін еске алыңыз.

Қатты сөксем, айыпқа бұйырмаңыз! Өзіңізбен күрес осылай басталады.

Ендеше, гоу!
Жақсының ісін өсекші бұзады
Жүсіп Баласағұни
Ислам дәуірі әдебиеті ойшылы
"Өсек", "ғайбат", "жамандау" сөздерінің мағынасы
Өсек – біреуді сыртынан даттап, кінәлап айтқан жалған сөз [659-б]
Ғайбат – кісінің артынан айтылатын жалған сөз, өсек-аяң [182-б]
Жамандау – біреуді сыртынан даттау, өсектеу [261-б]

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі
Абай нақтылап айтып кеткен бес дұшпанмен дос болғанға адам деген атты таңғың келмейді. Ал бүгінгі тақырып – өсек пен сырттан сөйлеу хақында. «Он пәленің тоғызы – тілден» дейді дана халқымыз. Сүйексіз қызыл тілдің айтпайтыны жоқ. Ал тілінің тізгінін тартып, жөнімен ғана сөйлеуді тек ақылды және сабырлылар ғана меңгерсе керек. Тілдің міндеті әлдекімді сыртынан жамандап, өсек айтумен байланысты емес. Адам өз аузынан сөз шығарарда миын да іске қосып үлгере алуы керек. Үлгере алады да... Бірақ кейде адамдар ми мен ақыл-қайраттың көмегіне жүгінбей, тек сайраған тілдің ғана дегенін қылады. Сырттан әлдекімді сөз қылып өсек айтуға дағдыланбауды және осындай әңгімелер жүріп жатқан ортада өзіңді қалай ұстау керегін үйренейік. Алдымен, "адам неге жамандайды?" деген сауалдың жауабын психологтан сұрап көрейік.
ПСИХОЛОГ ПІКІРІ
Психологияда проекция деген түсінік бар. Кәдімгі проектор қалай жұмыс істейтінін елестетіп көрсеңіз болады. Адам психикасына да өз бойына сыйдыра алмайтын негативтің бір бөлігін сыртқа проекциялау жеңілірек. Бұл әсіресе анық көрінетіні: асқынған паранойясы бар адамдар шынайылықтан тым алшақтап кеткен кезде "мені аңдып жатыр, пәленше мені өлтіргісі келеді, пәлен туысқаным менің ақшамды ұрлағысы келіп, келгіштеп жүр" деп өзінің иллюзиясына сеніп кетеді. Бірақ бұл енді психикалық ауытқу болса. Ал қалыпты адамдар проекцияның жеңілірек түрін пайдаланады, ол күнделікті әңгіме, өсек, біреудің жаман жағын талқылау. Бейсаналы тұрғыда біз бәріміз өзіміздің ағат кеткен жерімізді білеміз, кемшіліктерімізді де мойындаймыз. Бірақ оны сана деңгейіне шығару шыдас бермес ауыр жұмыс. "Менің ішімде жақсы да бар, жаман да бар" деп шын өзіңді тану үшін адамның психикалық жасы жеткілікті болуы керек. Өкінішке орай көпшілігімізде биологиялық жас пен психикалық жас сәйкес келмей жатады. Мінекей осы бір "жақсы болғым келеді, бірақ жаман жақтарым барын сеземін" деген напряжениені азайту үшін адам басқа адамды жамандау арқылы шығарға жол іздейді. Оның мәні: мен ғана ерекше жаман емеспін, әнекей мен сияқты адамдар бар деген.
Сая Бақимова
Психоанализ бағытындағы психолог
Зерттеулер не дейді?
Калифорния университеті осы тақырыпта тәжірибе жасаған. Тәжірибе қорытындысында адамдар орта есеппен күніне 52 минут өзгелер туралы әңгіме қозғайды екен. Тәжірибеге қатысушыларға дауыс жазатын таспа берілген. Тәжірибе қорытындысында зерттеушілер әңгіме тақырыбын, түрін және әңгімеге арқау болған адамның кім екенін анықтаған.
АДАМДЫ ЖАМАНДАУ
СЕБЕБІ
Instagram оқырмандарымен өткен сауалнама қорытындысы
Заңгер не дейді?
Заң бойынша әр түрлі жауапкершілік қарастырылған. Егер жала жабу ретінде жасалған әрекеті болса және оның растығы дәлелденбесе, онда қылмыстық кодекстің "жала жабу" бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.
Қылмыстық кодекс. 130-бап. Жала жабу
1. Жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiмет тарату – 1000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – 2000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан, сол сияқты ауыр зардаптарға әкеп соққан іс-әрекеттер – 3000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Азаматтық құқықтық жауапкершілік Азаматтық кодекстің нормаларына негізделе отырып, сотқа абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiргені үшін моральдық зиянды өндіру туралы бөлек талап-арыз береді. Егер талап-арыз бойынша сот талаптары негізді болса, моральдық зиянның мөлшерін тағайындайды.

Amanda Plummer
Заңгер
ӨСЕКТІҢ САЛДАРЫ
Өсекке қалған адамда фобия пайда болуы мүмкін
Эниссофобия – әлдекімнің әңгімесіне қалудан қорқу. Әдетте мұндай адамдар өзіне сенімсіз болып, қоғамнан алыстап кетеді.
құрбанға кеңес
Егер сіз өсекке қалып, адамдардың теріс әңгімесіне арқау боп кетсеңіз, психолог кеңесін оқып көріңіз.
Кері шабуыл да, мүлдем түк істемеу де дұрыс емес дер едім. Біріншіден кері шабуыл жасайтындай аулада ойнап жүрген бала емеспіз, кешірімді болу ол да адам психикасының ересектігін көрсетеді. "Қанға – қан" деген принцип –психиканың садистік бөлігінің көрінісі. Мүлдем ештеңе істемесеңіз, сізде пайда болған агрессия тағы да өңделмей, қорытылмаған астай тұрып қалады. Фрейд "агрессия да, травма да әрекет арқылы шығу керек" деген. Эмоцияны талдау, ол туралы айту, сезімді сөзге айналдыру ол да – әрекеттің бір түрі. Яғни эмоцияны қорытудың жолы – анализ, талдау, ең түпкі себебін түсіну. Неге сондай қатты ашуландыңыз? Өзіңіз жасырғыңыз келіп, мойындауға батпайтын бір жанды жеріңізге тиіп кетті ме? Жалпы кез келген шектен тыс эмоция – біздің өзімізді жақсырақ түсінуге деген құрал. Шамбайыңызға батып кетті ме – демек сол жерді өзіңіз үшін зерттеп көріңіз. Өзіңіз жайлы жаңа нәрсе біліп қалуыңыз мүмкін. Ал "мені мүлдем ешкім жамандамасын, тек жақсы сөз айтсын" деу – иллюзия. Бір жас бала "мені бәрі жақсы көреді, әлем тек мені осылай жақсы көріп тұрады" деп сенсе, ол оның жасына қалыпты. Ал ересек адам өмірде неше түрлі жағдай, неше түрлі адам болатынын, адамдар мәдениеті, өскен ортасы, құндылығы жағынан әртүрлі болатынын көре білуі керек.

Сая Бақимова
Психоанализ бағытындағы психолог
мотивация
Сіздің ренжіп/ренжімеуіңізге, өзіңізді ешкім ренжітпеуіне жауапты сіз ғана... Оны (сізді ренжіткен адамды) өз әлеміне тапсырыңыз. Санасы өкпе-наладан босаған адамның өмір сапасы бірден артады. Себебі ол адам өткен өмірінен босап, келер жақсылыққа орын ашқан адам... Шешім қабылдау кезінде де ол адамның санасы барлық кек пен ызадан тәуелсіз ашық болады. Неғұрлым үлкен реніштен босаса, соғұрлым өз-өзіне сенімді, мықты бола түседі. Ең ауыр өкпесін жеңе білген адам өмірде барлық қиындықты да жеңе алады.
Ол – жеңімпаз!
Динара Болат
"Өмірге шексіз ғашық"
[126-бет]
Өсек/ғайбат айтпас үшін, жамандамау үшін...
Өсек айтпаңыз. Бұл сөз тек тілге ғана жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ өсек айтылып жатқан жерден тыныш қана шығып кетсеңіз, естімейсіз әрі өзіңіз қосылып айтуға мәжбүр болмайсыз. Шығып кететін мүмкіндік болмаса, «Анығына жетпей жатып, сыртынан тон пішпейік», «көзбен көріп, қолмен ұстамаған ісіміз жөнінде байқап сөйлейік», «алдымен ақ-қарасына көз жеткізіп алайық» деген сияқты тоқтау сөздер айтып көріңіз.
Толығырақ
Біреуді ғайбаттамас бұрын оның аяқ киімін ки де, ол жүріп өткен жолмен жүр, оның көз жасын сезін, оның ауруына төз. Ол сүрінген тасқа сүрін. Содан кейін ғана, қалай өмір сүру керегін үйретесің.
ТҮЙІН
Далай Лама, шығыстың белгілі ойшылы
Дайындаған
Берік Гүлжанар