Есалаңның махаббаты

Есалаңның махаббаты

Ол екеуі бір қалада тұратын. Екеуі де адамдар арасынан "есалаң" деген атпен бөлініп тасталған. Жігіт үнемі қоқыс сандығына ел тастап кеткен тамақ қалдықтарымен күнелтетін. Ал қыз қараусыз жетім еді. Екеуі алғаш кездесе қалғанда жерде бір тілім нан қалдығы тұрған. Бұрын жеткен жігіт нанды алды да, қызға алая қарап обырланып жей бастады. Қыз еш үндеместен күлімсіреп тұра берді. Сәлден соң өзінен көз алмай тұрғанын көрген жігіт қолындағы нанды қызға берді де, бұрылып кете барды.

Ол өзі иемденіп алған ескі қоқыс сандығының қасына келіп ұйқыға бара бергенде, соңынан білдірмей еріп келе жатқан қыздың әлі де өзіне күлімсіреп қарап тұрғанын көріп, шошып кетті... Содан бастап екеуі бірге жейтін нәрсе іздейтін, ал кешкісін сол қоқыс сандығының қасына қайтып келетін болды. Екі есалаңның күндері осылай өтіп жатты. Бір күні жігіт әлденеге бұлқан-талқан болған бикештің күресінге лақтырып жіберген әдемі қобдишадағы жүзігін ол кеткен соң алып алады да, қызға сыйлайды. Аз-кем үнсіздіктен соң, екеуі бір-бірін мазақтап күле бастады. Қыздың қуанышында шек жоқ. Осы маңдағы ең тәтті күлкі тек сол екеуінен ғана естіліп жатты.

Бір күні қыз тұла бойы алабұртып қызып, қатты ауырады. Жігіт жанын қоярға жер таппай аласұрғанымен, еш амалы болмайды. Сәлден соң ол бірнеше нан және аузы ашылмаған таза су алып, қайта оралды. Оның жүзіндегі жара мен мұрнынан аққан қан дағынан дүкен қожайынынан таяқ жегені білініп тұр еді. Қыздың ауруы асқына берді. Жігіт көшеге шығып адамдардан көмек сұрағанымен, бәрі де оны "жынды" деп айнала қашады. Еш қайраны болмаған жігіт қызды көтеріп көшенің бойында еңіреп жүріп адам біткеннен көмек сұрайды. Жындының бұл қылығы кімді жібітсін, бәрібір көмек көрсеткен пенде баласы болмайды. Амалы бітіп, дымы құрыған жігіт жерде жатқан әйнек паршасымен өз білегін кесіп, қан дақтарын қыздың денесіне жағады да "Мен адам өлтірдім! адам өлтірдім!!!" деп айқай салады. Айналадағы елдің бәрі айнала қоршап, жағасын ұстайды. Ақыры жедел жәрдем келеді де, қызды көлікке салып алып кетеді. Сол кеткеннен қыз қайта оралмайды. Бір аптадан соң, адамдар ескі күресін сандығының түбінде бір қолына минерал су, бір қолына нан ұстаған есалаңның өліп жатқанын көреді.

Сайтани нәпсінің шалығы да тимеген, жүрегіне пендешіліктің көлеңкесі де түспеген, бұл әлемдегі ең таза, ең мөлдір сезімнің ескі күресін сандығының түбінде мәңгі ұйқыда жатқанын ешкім де білген жоқ.

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: baidu.com

Қ. Қауымбек