Күн тәртібін қалай ретке келтіруге болады?

Күн тәртібін қалай ретке келтіруге болады?
Фото: freepik.com

Ұзақ демалыстан соң күн тәртібі бұзылып, таңертең тұру қиындай түседі. Күні бойы сергек жүру үшін ұйқы қандырып алмаса болмайды. Ол үшін, әрине, ерте жату керек. Ұйқы режимі бұзылып, уақытылы ұйықтай алмаған жағдайда не істеуге болады? Назарыңызға жұмыс ырғағына жылдам ілесуге көмектесетін бірнеше кеңес ұсынамыз.

1. Ұйықтауға дайындалыңыз
Ұйықтар алдында бөлмені міндетті түрде желдетіңіз. Жайлы ұйқы үшін керек температура – 18-20 градус. Сондай-ақ ұйқыға жатар алдында 1 сағат гаджет қолданбаңыз. Душқа түсіңіз немесе ванна қабылдаңыз.

2. Күндізгі ұйқыдан бас тартыңыз
Күндіз ұзақ ұйықтасаңыз, ағза энергия жинап алады да, түнге қарай ұйқы қашады. Соның әсерінен ертең күндіз шаршаңқы жүресіз. Осылайша, күн тәртібіңіз бұзылады. Сол үшін күндіз ұйықтауға тырысып, белсенді болыңыз.

3. Ұйықтай алмасаңыз, қараңғыда жата бермеңіз
Егер ұйықтай алмасаңыз, қараңғы бөлмеде ояу жата бермеңіз. Себебі ми қараңғыдағы ұйқысыз күйді қалыпты жағдай санап, уақыт өте бұл әдетке айналады. Сондықтан ұзақ уақыт ұйықтай алмай жүрсеңіз, қандай да бір іспен айналысыңыз. Мысалы, кітап оқыңыз, медитация жасаңыз, музыка тыңдаңыз.

4. Физикалық жүктемені арттырыңыз
Жаттығуды күннің бірінші жартысында немесе аз дегенде ұйықтауға 3 сағат қалғанда жасаңыз. Спорт тек денеңізге емес, көңіл күйіңізге жақсы әсер етеді.

5. Уайымдамаңыз
Күйзелісте жүріп, әр нәрсені уайымдай берсеңіз, жоғарыдағы ережелерді орындасаңыз да, ұйықтай алмайсыз және ағзаны ауруға шалдықтырасыз. Жақсы ұйықтау үшін жаныңыз тыныш болу керегін ұмытпаңыз.

А. Жапатова