Жаңа жыл алдында мейірімді іс жасаңыз!

Жаңа жыл алдында мейірімді іс жасаңыз!
Фото: pinterest.com

Әрбір адам Жаңа жыл алдында қорытынды жасап, келер жылға жоспар құрады. Адамдардың бірі ғажайыпқа сенсе, басқалары кішкентай болсын ғажайыпты біреуге сыйлағысы келеді. Мұқтаж адамға көмектесу – өткен жылды жақсы аяқтаудың керемет жолы. Жаңа жылды қандай мейірімді іспен бастай аламыз?

Балаларға көмектесу
Жаңа жыл – бірінші кезекте балалардың мерекесі. Әрбір адамда балалық шақ пен жаңа жылға қатысты жылы естеліктер бар. Өкінішке орай, барлық балалар бірдей бұл мерекені отбасысымен  бірге қарсы ала алмайды. Бірақ біз оларға жайлылық атмосферасын жасауға көмектесе аламыз. Ол үшін өзіңізге жақын балалар үйін тауып, телефон шалып, қалай көмектесе алатыныңызды білу ғана жеткілікті.

Қарттарға көмектесу
Қарттар туралы да ұмытпау керек. Оларға арнайы қорлар арқылы көмектесе аласыз. Жалғыз тұратын көрші әже немесе атаны танысаңыз, ойланбастан, оларға қажетті азық-түлік пен сыйлық апарып беріңіз.

Ауыр аурумен ауыратын адамдарға көмектесу
Кей балалар мен ересектердің әр минуты өз өмірі үшін күресумен өтеді. Ал Жаңа жыл секілді мерекеде олардың сенімі арта түседі. Біздің қолымыздан келетіні – қажетті соманы жинауға өз үлесімізді қосу. Сол арқылы оларға ғажайыптың бір қадам жақындауына көмектесе аламыз.

Ерекше балаларға көмектесу
Ерекше балалар қамқорлық пен зейінді ерекше қажет етеді. Сондықтан осындай балалардың ортаға бейімделуіне, дамуына және білім алуына көмектесетін арнайы ұйымдастырылған шараларға қатысуға тырысыңыз. Сол арқылы өзіңіз де біраз тәжірибе жинайсыз және балаларға біраз көмегіңізді тигізесіз.

Жануарларға көмектесу
Жануарлар үйіне қаражат салу арқылы оларға көмектесе аласыз. Жануарлар үшін басты сыйлық – оларды үйге алу.

Ақшасыз көмектесу
Біреуге көмектесу үшін ақша жұмсау міндетті емес. Мысалы, еріктілер жобасына қатысып, уақытыңызды жұмсасаңыз болады немесе ауруханаға барып қан тапсырыңыз.

Күлімдеу
Өтіп бара жатқан адамға шын көңілден қошемет сөз айту, асығыс адамды кезексіз өткізу, кезекте артыңызда тұрған баланың затын төлеп беру, супермаркет арбашасына 200 теңге қалдыру, әженің ауыр сөмкесін тасып беру, кезекте сізден кейін тұрған адамға да кофе сатып алып беру, шайпұл тастау, көшеде отырған әжеден тоқылған шұлық сатып алу – мұның барлығы аса бір күшті қажет етпейтін, басқаға жақсы көңіл күй сыйлаудың жолдары.

А. Жапатова