Кез келген кикілжіңнен жеңімпаз боп шығу

Кез келген кикілжіңнен жеңімпаз боп шығу
Фото: massaget.kz

Ешкіммен ісі жоқ қойдан қоңыр адамның өзі өмірінде бір рет болса да біреумен ренжіседі. Мұндай жағдайда бірі ренжіп, негативін ішіне сақтаса, енді бірі ашуын сыртқа шығарып, ашық айқасқа шақырады. Кез келген келеңсіз жағдайдан өгізді де өлтірмей, арбаны да сынбырмай қалай шығуға болады? Сізді жазықсыз қаралап тұрған адам кезінде өзі де біреуден теперіш көріп, "таз ашуын тырнадан аладының" кейпін киіп тұрған болуы мүмкін.

Егер танымайтын адам сізге ауыр сөздер айтып, ұрысқа шақырса, оған жауап беріп, жүйкеңізді жұқартудың қажеті жоқ. Еш сөзін естімегендей, елемей тұра берсеңіз, ол адам одан сайын ашуланып, сөйлеп-сөйлеп қояды, сізді елең еткізе алмаған байқаса жеңіс сіз жақта болады. Ертеңгі өміріңізге маңызы жоқ адам сіздің назар аударып қарауыңызға да татымайды.

Егер бұл жақын адамыңыз болса, оның сөздері жүрегіңізге ауыр тигенін айтып, жағдайды талқылаңыз. Өткен-кеткенді еске түсіріп, ескі өкпе-наздың барлығын ақтарудың қажеті жоқ. Тек дәл қазіргі жағдайды талқылап, мәселені дер кезінде шешіп алыңыз, сонда жеңілдеп қаласыз.

Қандай жағдай болса да "өзіңе қарап ал", "өзің де жетісіп тұрған жоқсың" деген сияқты сөздермен ол адамның жеке басына тиіспеуге тырысыңыз. Бұл қай жағынан алсаңыз да әділдікке жатпайды.

Көп адамның қателігі – әлдебіреу оны кінәласа, ақталуға тырысу. Сіз ақтала бастасаңыз, шынында да кінәлі адамға ұқсайсыз. Сізді сыйламайтын адамның ақталудың не қажеті бар.

Егер әңгіме сіздің ар-ожданыңыз туралы болып, күрделі мәселе туындап жатса, мұндай жағдайда әзілге айналдыру туралы ойламаңыз. Бұл әзілдесетін уақыт емес.

Біреу сізді кекетіп, мұқатқысы келсе де, бар шамаңызды жинап, оған күлімсірей қарасаңыз, "қарсыласыңыз" жеңілді дей беріңіз.

@. @assel_assanova