Бұл өмір неше формалы?

Бұл өмір неше формалы?

Кез келгеннің басынан өтіп жатқан жағдай бұрын сізде де болған, не ертең болады. Біреу басына түскенін айта бастаса, "Менде де сондай болған" деп бірден қоштап кетеміз. Жақынынан айырылған жан қара жамылып отыр. Әлемнің әр жерінде бір сағатта неше адам туылып, неше адам өмірдің есігін сыртынан жауып жатыр. Демек, бәрімізден айналып өтпейтін бұл жайт - өмірдің басты формасы.

Дүние жүзінде бір сағаттың өзінде неше ерлі-зайыпты ажырасу үшін арыз беріп, неше жұп неке куәлігіне қол қойып жатыр десеңізші. Бұл өмірдің тағы бір формасы. Ол тек бір адамның, не мың адамның ғана басынан өтіп жатқан жоқ.

Әлемде бір күннің ішінде қанша адамның қызметі өсіп, қаншасы жылы орнын босатып жатыр десеңізші. Формалардың қатарына мұны да қосып қойыңыз.

Ал махаббатқа байланысты ше? Мұнда да аз ғана форма бар.

"Сен мені, мен оны, ол басқаны..." Артық сөздің қажеті жоқ! Өзі-ақ әлемдегі махаббаттың формалар санын дәл айтып тұр.

Қандай ұлт пен ұлыс болсын, қандай нәсіл мен сенім болсын, қандай жас пен жыныс болсын, бәрінде – бір өмір.

Біз кешіп жатқан өмірді мұхиттың арғы жағындағылар да, таудың арғы шеті мен бергі шеті де сүріп жатыр.

Біз көріп жүрген қиындықты қытай да, ағылшын да көріп жатыр.

Біздің басымызға бұйырған бақыт өзге дінді ұстанушының да басына бітеді.

Өмірдің көктемінде жүрген жас адамның қуанышын тағдырдың тайғақ қысында жүрген қарт көрмейді деп кім айтты?

Әйел адамның жанарынан жас жауғызған жайт ер адамның көзіне жас тұндырмайды деп кім айтты?

Бір елде қырқыс болып жатыр. Бұрын тағы қай елде болып еді? Сонша бас қатыратын сұрақ емес. Тарихында тартысы болмаған бүтін ел жоқ шығар, сірә.

Бір адамның басынан өткен жағдай басқа адамда қайталанбауы мүмкін емес. Өйткені өмірдің формалары үнемі қайталанып келіп отырады. Араға уақыт салып болса да, қайталанып жатқан дүние...

Шартарапқа көз сала отырып, түйеміз: Осы өмірдің неше формасы бар екен? 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

сурет: statusycitaty.ru

А. Әбілхан